ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЕҢ ҮЛКЕН ЖЕМІСІ - ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН БАС ТАРТҚАНЫМЫЗ

Уақыты: 27.05.2021
Оқылды: 1115
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздіктің бірден-бір жемісі – ядролық қарудан бас тартуымыз. Сол арқылы әлемнің алпауыт мемлекеттерін бейбітшілікке, береке-бірлікке әрі экономикалық қарым-қатынасты тереңдетуге шақырдық. Бүгінде гүлденген Қазақстан осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, бейбітшіліктің бесігіне айналды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Семей полигонының жабылуы жер-жаһандағы барша азаматтың болашағы үшін маңызды шешім екенін айтты.

– Біз жыл соңына дейін жаңа тарихымыздағы бірнеше айтулы оқиғаның мерейлі белесін атап өтеміз. 1991 жылы Семей полигоны жабылды. Оның еліміз ғана емес, барша адамзаттың болашағы үшін айрықша маңызды шешім екенін ескеріп, арнайы іс-шара өткізу қажет деп санаймын. Елбасы қол қойған Жарлықтың арқасында Қазақстан бүкіл дүниежүзіне ядролық қару-жараққа қарсы әлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып танылды, алып мемлекеттердің сеніміне ие болды, халықаралық қоғамдастықта жауапкершілігі жоғары ел ретінде мойындалды, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы жойқын қарудан бас тарту тарихи қадам екенін  алға тартты.

Шынымен де, Семей полигонының зардабы қазақстандықтарға ғана емес, барша адамзатқа тиді. Ғаламшардың экологиясы бұзылып, жан-жануарлар мен адам денсаулығына орасан зор залал келтірді. Жалпы, полигондағы сынақтардың саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Жарылыстың 116-сы ашық, яғни, жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Осыдан-ақ КСРО ядролық сынақ полигондарының аса маңызды стратегиялық объектісінің қауіп-қатерін топшылау қиын емес.

Мемлекет басышысы ерекше айтып өткеніндей, Семей полигоны жайлы іс-шаралар өткізу қажет. Бұл туралы өскелең ұрпақ толық мағлұмат алып, кешегі тарихты ертеңгі болашаққа табыстауы тиіс.

Орман АҚКӨЗИЕВ,

Алматы облыстық экология департаментінің басшысы

Сурет ғаламтордан алынды