АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 1500 ОРЫНДЫ 7 МЕКТЕП САЛУҒА ЖЕР ТЕЛІМІ БӨЛІНДІ

Уақыты: 28.05.2021
Оқылды: 1326
Бөлім: РУХАНИЯТ

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалық етуімен «Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысы туралы» селекторлық режимде Үкімет отырысы өтті. Облыс әкімі Амандық  Баталов осы орайда аймақта атқарылып жатқан істерді баяндады.

Облыс басшысының сөзіне жүгінсек, пандемия кезеңінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының мерзімді іске асырылуына орай жұмыссыздықтың өсуіне жол берілмей, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мәселелер шешімін тапқан. Мысалы, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» жобаларының 82 пайызы ауылдық жерлерде жүзеге асырылған.

Биыл  облысымыздың қаржыландыру лимиті 31,8 млрд.теңгені құрап отыр. Оның ішінде 8 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 13,1 млрд. теңге, шағын несиелендіруге – 2,0 млрд.теңге, агроөнеркәсіп кешені жобаларын несиелендіруге – 14,3 млрд.теңге және бизнесті қолдауға – 2,4 млрд.теңге қарастырылған.

Инфрақұрылымдық жобалар тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, үшауысымды оқытуды жоюға бағытталған. Демек, Еңбекшіқазақ ауданының Есік, Жамбыл ауданының Ұзынағаш, Іле ауданының Көкқайнар, Междуреченск, Боралдай ауылдарында, Қарасай ауданының Қаскелең қаласында және Талдықорған қаласының Ынтымақ ауылында мектептер салу қарастырылған.

Бүгінде 1500 орынды 7 мектептің сметалық құжаттары дайындалды, жер телімі бөлінді. Конкурс аяқталып, құрылыс жүргізу үшін келісімшарт жасалды. «Жалын» лагеріне реконструкция жүргізу үшін шарт жасалуда.

– Облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде ағымдағы жылы 29 млрд.теңгеге 24 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. «Бәйтерек» Холдингтің жеңілдетілген несиелері жобаларды жүзеге асыруға жақсы қолдау болады. Мәселен, бүгінде 18,8 млрд.теңгеге 9 жоба қаралуда, оның ішінде 14,3 млрд.теңге «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы беріледі. Шағын несие беру бағытында өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және «Жетісу» корпорациясымен бірлесіп, микроқаржы ұйымы құрылды. Аталған ұйым арқылы 480 жобадан астам қаржыландырылып, 550-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Барлық ұйымдастыру мәселелері шешілді. Жалпы жол картасы арқылы 500-ден астам жобаны жүзеге асырып, қосымша 2,8 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Бұл орайда Үкімет басшысы «Жұмыспен қамту жол картасының» барлық бағыты мен инвестициялық жобаларды қаржыландыруды уақытылы жүргізуді тапсырды.

– Жалпы алғанда биыл «Жұмыспен қамту жол картасын» жүзеге асыруға 300 млрд.теңге бөлінді. Осы ретте 35,6 мың жұмыс орны, оның ішінде 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады, – деді Асқар Мамин.

Селекторлық жиында келесі қаралған мәселе еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты болды. Індеттің қазіргі жағдайы және  вакцинациялау барысы туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баян етті.

Спикердің сөзіне жүгінсек, Қазақстанда COVID-19 бойынша тұрақтылық деңгейі байқалуда. Індеттің репродуктивтілік индексі 0,95-ті құрауда. Инфекциялық төсек-орындардың толымдылығы – 33, жан сақтау бөлімі бойынша 26 пайызды көрсетуде. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары «Қызыл аймақта» тұр. Елімізде вакцина көлемі жеткілікті, қоры да толықтырылуда. Екпе салу бөлімшелерін көбейту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Асқар Мамин өз сөзінде вакцинациялау қарқынын арттыруды тапсырып, бұл пандемиямен күрестегі ең басты міндет екенін атап өтті.

Алма ЕСЕНБАЙ