ТАЛДЫҚОРҒАНДА РЕСМИ ЖАЗУШЫ АТАНҒАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 29.05.2021
Оқылды: 1249
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы Сүйінбай атындағы облыстық филармония ғимаратында үшінші маусым жалғасқан «Біз күткен көктем» атты әдеби-сазды кеш өтті. Атаулы күннің қонағы болып Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев және Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет келіп қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сахна шымылдығын Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының “Алтынай” мемлекеттік халық би ансамблі ашты.

– Қайырлы күн, құрметті достар, әдебиетсүйер қауым! Бүгін біздің Талдықорған қаласында, облыс орталығында мәдениет тойы жалғасып жатыр десем артық емес. Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы мәдениетке үлкен көңіл бөліп, барлық жағынан қолдап, Жетісу ақындарына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреміз, – деген Марлен Көлбаев ізгі ниетпен ақындарға сәттілік тілеп, облыс әкімінің жас қаламгерлерге ұсынған Алғыс хаттарымен марапаттады.

Әдебиет әлемінде белсенділік танытып, ел руханиятына үлес қосып жүрген ақындарды марапаттау рәсімінде Жангелді Немеребай, Есболат Айдабосын, Айнұр Төлеу, Елдос Тоқтарбай, Азамат Нұрмұхан, Асыл Сұлтанғазы есімді көпшілікке танылған қаламгерлерге облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулетке, басқарма төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек және басқарма хатшысы Ғалым Қалибекке облыс әкімі атынан шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

Марапаттау шарасында Абай Құнанбайұлының толық шығармаларын моңғол тіліне көркем аударғаны үшін Түрік тілдес халықтардың ІІ поэзия фестивалінің лауреаты, Моңғолияның еркін Жазушылар одағының мүшесі Жүкел Хамай мен драматург, Қырғызстанда өткен Орта Азия театрлар фестиваліне қатысып, пьесалары халықаралық сертификатқа ие болған, Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған Лидия Егембердиеваға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табыс етілді. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының Алғыс хатымен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әли Ысқабай, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, жазушы Жомарт Игіман, облыс әкімдігі ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің қызметкері Гүлбақыт Қасен, «Шабыт» фестивалінің жүлдегері Сағыныш Намазшамова, журналист Назым Дүтбаева марапатталды.

Бұл кеш облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірге Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалы және «Жанр» әдеби клубымен бірге ұйымдастырылды. Бұған дейін “Жапырақ жауған күз”, “Ақпанда жауған аппақ жыр” секілді әдеби- сазды кеш ұйымдастырылған болатын.

Әділет БАЛТАБЕК,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті

Алматы облысы