БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ МЕКТЕП ПЕН АТА-АНА ЫНТЫМАҚТАСУЫ КЕРЕК: МҰҒАЛІМ МІНБЕРІ

Уақыты: 28.05.2021
Оқылды: 1541
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мектеп – білім мен тәрбиенің темірқазығы. Ол темірқазықтың мығым болуы оқу жүйесінің дұрыс құрылуы мен берілетін тәрбиенің тереңдігіне байланысты.

Жас ұрпақтың бүгінгі алып жатқан білімі мен тәлімінде мектеппен қатар отбасы өнегесінің орны бөлек. Өйткені, тәрбие негізі отбасында қаланады. Оған ары қарай балабақша мен мектеп өз үлесін қосады. Осы тәрбие жолы дұрыс болуы үшін мектеп, ата-ана, оқушы арасында тығыз қарым-қатынас орнауы тиіс.

Баланың білімге деген ынтасын арттырып, жеке тұлға ретінде дамуы мен дара қасиеттерін қалыптастыруда мектеп пен отбасы үлкен мүмкіндіктерге ие. Демек, баланың ішкі қалауы мен жан-дүниесін зерттеп, оны дамытуға екі тараптан да үлкен үлес қосылса, күтілген нәтиже де көп ұзамай өз жемісін береді.

Бала тәрбиесінде сөзден гөрі іс-әрекет, күнделікті көретін көрініс, жақсы үлгі-өнегенің әсері күштірек болатынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Балалардың ұстаздарына ұқсағысы келіп, олардың киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнеріне дейін еліктеп жататыны сондықтан. Отбасында да әке-шешесі қаншалықты үлгі көрсете  алса, бала сол тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп өседі. Кейін өзі де осы жолмен жүретін болады.

Демек, бәрі о баста қаланған тәрбиеге байланысты. Мәселен, қисық өскен ағашты түзете алмайтыныңыз секілді, тәрбиеде кеткен олқылықтың да орнын толтыру мүмкін болмай жатады. Тәрбие дұрыс берілуі үшін отбасы діңі мықты болуы керек. Одан кейін ұстаз бен ата-ана ынтымақтастығы мығым болуы тиіс. Бұл ынтымақтастықты нығайту мақсатында мектепте ата-аналар жиналысы, тәрбие, сынып сағаттары, семинар-тренингтер, мәдени, спорттық iс-шаралар өткiзіліп тұрады. Мақсаты – ата-аналарды мектеп өміріне тарту, балалардың білімі мен тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру.

Бұл ынтымақтастықтың бала тәрбиесіне тигізер септігі зор. Ата-ананың мектеппен байланысын байқаған баланың дұрыс жүріп-тұрмауға еш қақысы жоқ. Өйткені, ол ата-анасының мектепке деген құрметін жете сезінеді. Сабақ оқымай қалса ұстаз, ата-ана тарапынан ескертулер болатынын ескереді. Сондықтан да білім алудың маңыздылығын түсінеді.

Мектеп, ата-ана, оқушы арасындағы ынтымақтастықты қалыптастырудың жолдары көп. Оған тек мұғалім де, ата-ана да ықыласты болуы керек. Сонда ғана бала тәрбиесінде діттеген мақсатымызға жетеміз.

Дана КАРИПОВА,

М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының физика пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы