ХАЛЫҚ АЛДЫНДА БАТЫРДЫ ДАРҒА АСҚАН: ОН АЛТЫНЫҢ ОЙРАНЫ ҰМЫТЫЛАР МА?

Уақыты: 11.09.2021
Оқылды: 1280
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қолыма қалам алып, кешегі өткен батыр жерлестеріміздің ерлігі жайлы жазуыма себеп болған өз әкем Жарылқасын Ыбрайымовтан там-тұмдап естіген тарихи әңгімелер еді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің куәсі әкемнен естігендерім есімде сақталып қалыпты. Кейін өзім де ұстаздықты таңдап, оның ішінде тарихшы маман болғандықтан ара-тұра тарих жайлы қалам тартатыным бар.

Сонау 1906 жылы дүниеге келген әкем Жарылқасын Екінші дүниежүзілік соғысқа тікелей қатысса, анам соғыс жылдары еңбек етіп жеңіске үлес қосқан адам. Ал өзім тағдырдың жазуымен әкемнің жолын қайталап, Ауған соғысына қатысып қайттым.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Қазақстанның әр жерінен бұрқ ете қалғаны белгілі. Солардың тасқа басылып, тарихта қалғаны – Торғайдағы Амангелді батыр көтерілісі, Жетісудағы Бекболат батыр көтерілісі, Созақ, Қарқара көтерілістері. Ал енді сол көтеріліске әр ауыл мен әр аймақтың атсалысқанын екінің бірі біле бермейді. Мәселен, Бекболат батыр көтерілісі алдымен Қордай, Самсыдағы Ботбай көтерілісінен басталып, кейін бас көтергендердің Үшқоңырдағы Бекболат Әшекеевтің әскеріне қосылғандығы жайлы әкем жиі-жиі айтып отыратын. Ол кезде әкем он жастан асқан бала болса да сол кездегі дүрбелеңді есіне жақсы сақтап қалыпты.

Әкемнің айтуынша, Самсыдан басталған Ботбайлар көтерілісіне қазіргі Үмбетәлі ауылының Молдағазы Айтқұлов, Әблахат Абдрахимов, Нұрғиса сынды азаматтары қатысып, бел ортасында жүрген. Жаумен арпалысып, ерліктің ерен үлгісін көрсетпесе де сол көтеріліске қатысқандардың ат-көлігін, қару-жарағын сайлауға осы үш атамыз ерекше еңбек сіңірген екен.

Молдағазы Айтқұловтың көтеріліске бірнеше ат дайындап бергені жайлы менің әкем ғана емес, кейінгі көнекөз қариялар да айтып отыратын. Ал Әблахат ол кезде қылшылдаған жас жігіт, көтерілістің бел ортасында жүрсе керек. Нұрғиса аңшы 1916 жылғы көтеріліске қатысып қана қоймай, кейінгі 1932 жылғы ашаршылықта да аң-құс атып, талай адамды ажалдан аман алып қалған деседі.

Молдағазы ата мен Әблахат аталардың ұрпақтары өсіп-өнген, әлі де біздің ауылда тұрады. Ал Нұрғиса ата бізбен көрші тұрды. Көп араластық. Бір өкініштісі, сол атамыздың ұрпақтарының барлығы соғыста мерт болып, соңында ешкім қалмады. Не деген қиын тағдыр десеңші?!

Ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы Бекболат батырды патша жендеттерінің Үшқоңырдан Боралдайға қалай айдап апарып, дарға асқанын көрген адамдар біздің ауылда болған. Солардың бірі менің әкеме жақын туыс болып келетін Нүсіпжан Жүнісбекова апа еді. Біздің үйге келіп әкем екеуі Бекболат батыр жайлы сыбырлап айтып отырғандарын талай естігенмін.

Ел көп біле бермейтін тарихи жағдай – ел азаматтары Бекболат батырды ажалға беріп қойып қарап отырмаса керек. Бас көтерген бірқатар жігіттер батырды құтқармаққа бекініп, айдалып бара жатқан Бекболатқа көмекке ұмтылған. Бірақ отты қаруы сақадай-сай патша жендеттері оларды қазіргі Қарасай ауданының Қырғауылды елді мекенінде қырып салады. Ал қалған қарусыз кәрі-құртаң мен әйелдерді, жас балаларды Боралдайға дейін айдап апарып, Бекболат батырдың дарға асылу сәтін көрсетіп, қорқытқан. Сол жерде болғандардың бірі жаңағы Нүсіпжан апа екен. Ол кісі кейіннен халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевпен туған құда болды.

Үмбетәлі демекші, сол кездің қанды оқиғасының бел ортасында «Өлеңнің қара жорғасы» атанған ақын да жүріп, өзінің жалынды жырларымен елді жігерлендірген екен. Оған куә – Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалды музейінің қорында сақталған ақынның қолжазба өлеңдері. Араб қарпімен, төте жазумен Үмбекеңнің өз қолымен жазылған өлеңдердің ішінен «1916 жыл», «Өз өмірімнен», «Кедейлерге» деген жырлары тура сол кездің тарихи оқиғасын керемет суреттейді. Мысалы:

Бір тартыс ел ішінде қызып жатыр,
Кедейлер мұң мен шерге жүзіп жатыр.
Қыршындай боздақтарды есепке алып,
Болыстар тіркеп жатыр, тізіп жатыр,
– деген жырынан патшалық Ресейдің қазақ балаларын әскерге алып тізімдеп жатқанын көреміз. Немесе одан ертеректегі оқиғаны суреттейтін «Өз өмірімнен» атты термесінде:

Көргенім көзімменен шынында бұл,
Мың тоғыз он үшінші жылында бұл.
Жақындап жар басына бай мен патша,
Кезі еді қылдан таяр қырында бұл
, – дейді.

Яғни, 1916 жылғы дүмпудің одан ертерек басталғанын айтқан ақын патша үкіметінің іріп-шіри бастағанын жариялайды. Осы жырында Үмбетәлі атамыз Ресей патшалығының 300 жылдығын тойлауға қатысқан Жамбыл бастаған ақындарды, Тоқаш Бокин, Сәт Ниязбекұлын да атап өтеді.

Менің бұл жерде айтпағым, қазақ елінің еркіндігі үшін күрескен тарихи тұлғалардың қатарында біздің ауылдың да қарапайым адамдары болған. Иә, ол тарихты жас ұрпақ ұмытпауы тиіс. 

Сәлім ИБРАЙЫМОВ,

Ү.Кәрібаев орта мектебінің тарих пәні мұғалімі,

Ауған соғысының ардагері

Жамбыл ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды