АМАНДЫҚ БАТАЛОВ АРДАГЕРЛЕРДІҢ ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫНА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 16.09.2021
Оқылды: 1209
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл сарайында Алматы облыстық ардагерлер ұйымының VIII есеп беру, сайлау конференциясы өтті. Оған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ, «ZOOM» байланыс жүйесі арқылы аудандық, қалалық ардагерлер ұйымдарының мүшелері қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Шарада облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт баяндама жасап, соңғы бес жылда атқарылған жұмыс бойынша есеп берді.

– 2016 жылы өткен VII есеп беру, сайлау конференциясынан бері облыстық ұйым құрамы көбейіп, жаңадан белсенді, білімді, тәжірибесі мол ардагерлермен толықты. Бес жыл бұрынғы есеп бойынша облысымызда бастауыш ұйымдар саны 628 болса, қазіргі уақытта 922-ге  жетіп, 240 мыңнан астам зейнеткер тіркелді.

Есепті жыл аралығында ардагерлер ұйымының 30 жылдық мерекесі өткізіліп, «Қасиет те, өсиет те қарттарда» атты кітап шығарылды. Оның шығуына жерлесіміз,  «Алматы – Болашақ» АҚ жеке дара акционері марқұм Ырым Кененбай көмек көрсетті.

Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлерінің қаһармандығы мен ерлік істерін насихаттау және облыстың өркендеуіне еңбек сіңірген қоғам қайраткерлерін мәңгі есте қалдыру үшін әр аудан, қалаларда ардагерлерге арналған билбордтар ілінді. Ал Талдықорған қаласында 28 ардагердің үйінің қабырғасына ескерткіш тақталар орнатылды.

Жыл сайын 1 қазан Қарттар күнінде "Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария"  атты акциялар мен басқа да шаралар өткізілді. Тіл сарайында "Аға буын Алаш арыстарын ардақтайды!" атты айдарымен Алаш қозғалысының 100 жылдығына байланысты "дөнгелек үстел" ұйымдастырылды. Бұл шараға  жастар қатысып, еліміздің тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Ардагер Сайлаубек Батырбековтің көтерген мәселесі бойынша облыстық ардагерлер ұйымының ұсынысымен Талдықорған қаласындағы №25 орта мектепке Барлыбек Сырттановтың есімі берілді.

Ардагерлеріміздің әлеуметтік, денсаулық, мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында әрбір қарияға әлеуметтік карта ашылып, кімнің қандай мұқтаждығы бар екені анықталды. Отан соғысы ардагерлерінің коммуналдық шығындарын қамтамасыз ету үшін жылына жергілікті бюджеттен 300 млн.теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Ардагерлердің денсаулығын нығайту үшін есеп беру жылдарында облыс бюджетінен 1 млрд.513 млн.теңге бөлініп, 17120 соғыс және еңбек ардагері облыс аумағында орналасқан шипажайларда демалып қайтты. Қазір Отан соғысы ардагерлерінен 35 қария қалды. Олардың жасы 95-тен асты. Сондықтан олардың қатарына шипажайға демалуға тыл ардагерлері де енгізілді. Облыс орталығы Талдықорған қаласында 70-тен асқан зейнеткерлер автобустарда  тегін жүреді. 

Өткен жылы облыстық бюджет есебінен 1 млрд.29 млн.теңгеден астам қаржыға мүгедектерге 2121 арбаша сатып алынды, 581 млн.теңгеге сурдо-тифло (есту аппараттар) құралдарымен 5506 соғыс және тыл ардагерлері қамтамасыз етілді. Ауылдық жерлерде тұрмысы төмен зейнеткерлер демеушілер көмегімен отын, көкөніс, малға берілетін жем-шөппен тегін қамтамасыз етілуде.

Облысымызда жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге арналған 500 орынды екі интернат жұмыс істейді. Өзін-өзі үйде күте алмайтындар үшін облыс бойынша 688 қызмет көрсетуші тағайындалған. Республикалық ардагер ұйымы мен «Самұрық қазына»  ұлттық әл-ауқат қорының ұйытқы болуымен облыстың барлық соғыс ардагерлеріне дабыл қондырғысы орнатылған ұялы телефондар берілді.

Облыс әкімдігінің  қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде облыс мектептерінде қолданылып келе жатқан «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы қосымша мазмұндармен толықтырылды. Сонымен қатар барлық аудандық, қалалық әжелер комитеттері жастарды тәрбиелеуде айтарлықтай жұмыс жасауда. Бағдарламаның аясында отбасы тәрбиесіндегі аталардың, әжелердің, енелердің, әкелердің, келіндердің белсенділігін арттыру үшін «Атадан ұлағат», «Әже отбасының берекесі» атты жиналыс, форум тұрақты  өткізіледі.

“Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер” акциясын өткізудегі мақсатымыз – жарасымды өмір сүріп жатқан 103 этнос өкілдерінің достығын дәріптеп, жастарға жеткізу болды.

Ендігі  бір айта кететін жайт, Қазақстанда «Медиация туралы»  Заң қабылданып іске асырылуда. Осы заңның шеңберінде  облыста да  өркениет көшіне бет түзеген батыл қадамдардың жасалуы біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының  айқын көрінісі екендігін айғақтайды.

Қазақ басын дауға қалдырмауға тырысқан. Туыс-таныстарда белгілі бір даулар туындап жатса оны ресми соттың алдына бармай-ақ ел ағаларына, қоғамдағы беделді ақсақалдардың алдына барып шешіп алатын болды. Бұл тұрғыда Қарасай, Ұйғыр, Ақсу, Балқаш, Кеген, Сарқан, Іле, Қаратал, Жамбыл аудандары бастауыш ұйымдарының  ардагерлері қарқынды жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, зейнеткерлеріміз бас қосып ақылдасатын, мәдени-­ спорттык шараларды өткізетін «Ардагерлер үйлері» аудандар  мен қалаларда ашылды, – деді Ермек Әбілмәжінұлы.

Бұдан соң облыстық ардагерлер ұйымы тексеру комиссиясының төр­ағасы Болат Тұрысбеков сөз алып, ардагерлер ұйымының қаржыландырылуы жайы, қарияларға көрсетілген моральдық-материалдық көмек туралы есеп берсе, жарыссөзге шыққан Сарқан ауданы ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Тұрысбекұлы Отан соғысы, тыл ардагерлері мен жалғызілікті қарттарға көрсетіліп жатқан қамқорлық жайын баяндады. Іле ауданы ардагерлер ұйымының төрағасы Әмзе Исаев жастардың бүгінгі алып жатқан білімі мен тәрбиесіне ерекше тоқталып, осы ретте ардагерлердің арқау болуымен саяжайларда тұратын оқушылар үшін сол жерлерден мектеп салу мәселесін көтеріп, кейбір ауыл, көше аттарын өзгерту туралы ұсынысын облыс әкіміне жеткізді. Сондай-ақ, мандат комиссиясының төрағасы Болған Жолбаев, зейнеткерлердің мәдени-тұрмыстық, денсаулығын сақтау жұмыстарын ұйымдастыру және қадағалау жөніндегі комиссияның төрағасы Тілеуберді Максимұлы, облыстық әжелер комиссиясының төрайымы Қаншайым Садыққызы, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Болат Молдабеков қариялардың денсаулығы мен белсенділігі, жастарға берер үлгі-өнегесі турасында тұшымды ойларын ортаға салды.

Конференция жұмысын облыс әкімі Амандық Баталов қорытындылады.

– Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының есептік кезең ішінде атқарған жұмысы туралы есебін тыңдадық. Ардагерлер кеңесінің жұмысы жақсы істердің үлгісі мен жалғасы деп айтуға әбден лайық. Жас ұрпақ тәрбиелеуде сіздердің ақыл-парасаттылық, ұлағатты өмірлік ұстанымдарыңыз – баға жетпес мұра. Сіздерге Мемлекет басшысының сарабдал саясатын қолдап, қоғамдағы саяси тұрақтылықты, ұлтаралық татулық пен келісімді нығайтуға, рухани даму және жастарға патриоттық тәрбие беруге қосып келе жатқан үлестеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Осы ретте облыстық ардагерлер кеңесінің есептік кезеңдегі жұмысын жоғары деп бағалаймын. Алдағы уақытта да бұл жұмыс өз жалғасын табады деген сенімдемін. Өкінішке қарай, соңғы екі жыл көлемінде өздеріңізбен қызметтес болған, облысымыздың экономикалық, рухани өркендеуіне  зор үлес қосқан ағаларымыз бен апаларымыз өмірден озды. Олардың ішінде Егеубек Далбағаев, Бәтима Сақауова, Әлімғазы Райымбеков, Жақсылық Үшкемпіров, Ғайыс Егембердиев, Асан Исаев, Мырзакерім Әділбаев, Төленді Сарыбаев ағаларымыз арамыздан кетті. Оларды біз әрқашан құрметпен еске аламыз. Баршаңызға белгілі, биыл ең қасиетті, қастерлі мереке – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Облыс орталығының Талдықорған қаласына ауысқанына да 20 жыл толып отыр. Осы кезеңдер ішінде еліміз беделі зор, қуатты мемлекетке айналды. Экономикамыз қарқынды дамып, мәдениетіміз өркендеді. Ағымдағы жылы облысымыз әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Оның бәрінде сіздердің үлестеріңіз зор, – деді облыс басшысы.

Жиын соңында облыстық  ардагерлер ұйымының,  тексеру комиссиясының жаңа құрамын және Қазақстан  Республикасы ардагерлер  ұйымының VIII съезіне делегаттар сайлау мәселесі қаралды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Ермек Келемсейіт, орынбасары болып Райхан Серғазинова қалдырылды. Ал қазан айында өтетін Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының VIII съезіне облысымыздан он делегат сайланды. 

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы