"ҚАЗАҚ ТІЛІ" ҚОҒАМЫНЫҢ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

Уақыты: 28.10.2021
Оқылды: 1823
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл сарайында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалын құру, мүшелікке қабылдау және филиал төрағасын сайлау бойынша жиын өтті. Сондай-ақ, жуырда Түркістан қаласында өтетін «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Құрылтайына қатысушы делегаттарды сайлау мәселесі  қаралды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жиынды жүргізген Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Болат Керімбек:

– Елімізде тіл саясатын іске асыруда конструктивтік қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыру өзекті мәселе болып отыр. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қазақстанда және шет елдерде қазақ тілін насихаттаушы ұйым болып табылады, – дей келе, бұл қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалын және аудандық, қалалық филиалдарын құру, тіркеу, ірі кәсіпорындарда жетекшілерін сайлау жұмыстарын жүзеге асыру маңызды мәселе екенін атап айтты.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалына төрағалыққа «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, журналист Жұматай Әміреевтің кандидатурасы ұсынылды. Жиналғандар бірауыздан қолдау білдіріп, жаңадан құрылған бірлестік төрағасының жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен бірге, көпшіліктің дауысы арқылы Түркістан қаласында өтетін Құрылтайға қатысу үшін Жұматай Әміреев, Болат Керімбек және Рая Байшықова делегат болып сайланды.

Қоғамдық бірлестіктің жаңа төрағасы Жұматай Оспанұлы: "Маған сенім білдіріп отырғандарыңыз үшін рақмет! Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі аманат жүгі екенін түсінемін. Қазақтың тілі аталған жерде ұлттың тағдыры бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Бұл жауапкершілікті, міндетті ата-бабаларымның, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», – дегеніндей, Алаш арыстарының қалдырған аманаты деп қабылдап, осы жолда аянбай жұмыс істеуге бар күш-жігерімді саламын. Өйткені, аманат жүгі қашан да ауыр болады. Алдағы уақытта тіл басқармасымен бірлесе қоян-қолтық жұмыс істейтін боламыз", – деді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"