МҰҚАН ТӨЛЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚ АСПАПТАРЫ ОРКЕСТРІНЕ - 30 ЖЫЛ

Уақыты: 21.11.2021
Оқылды: 1794
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шандоздап шапқан қарағайдың ең асыл өзегінен пернеге тиек қондырып, қасиетті қара домбыра мен қыл қобыздың шанағынан күй төккен бабалардың асқақ тұрпаты көз алдыңа келеді. Құлақтан кірген құдыретті музыка туындылары денені шымырлатып, алпыс екі тамырға рух жүгірткендей тебіренесің. Ұлт аспаптарының шертолғақ шанағынан шымыр-шымыр ноталар түлегенде ат тұяғынан сүрдекке айналған жолда жортуылда күн кешкен ұлы бабалардың мұрат-мақсаты мен асқақ арманы болған бүгінгі берекелі шақта бесік тербеткен қазақ ұлтының тектілігі қылаң береді. Міне, осындай сан толқынысқа жетелеген М.Төлебаев атындағы ұлт аспаптары оркестрі мерейтойлық концертін берді.

Жетісу жерінің ғана емес, тұтас ұлттың абыройын асырып, рухын асқақтатқан оркестр тәуелсіздіктің мерейлі жылымен қатар 30 жылдық белесті бағындырып отыр. Осыған орай Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында өткен аталмыш оркестрдің мерейтойлық концерті жетісулықтардың көңіл күмбезін зерлегендей күйге түсірді. Осынау салтанатты кеште алдымен облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев сөз алды.

– Даланың дарабоз дарыны, музыка өнерінің классигі Мұқан Төлебаевтың есімін аманаттап алған өнер ұжымының 30 жылдық мерейтойы құтты болсын. Сайын даланың сырлы сазын киелі пернеге қондырып, шанақтан түлетер халық аспаптар оркестірінің ел руханиятындағы орны ерекше. Атаулы оркестр бүгінге дейін көптеген биіктерден көрініп, талай белестерден асып үлгерді. Астана қаласында өткен «Серпер» Халықаралық фестивалінің жеңімпазы атанды, Болгария елінде өткен «Софиялық көктем – 2008» Халықаралық фестивалінің лауреаты атанып, «Алтын» медальмен марапатталды. Одан өзге де көптеген дүбірлі додаларда облысымыздың атағын аспандатып жүрген оркестр Қытай Халық Республикасында, Түркияның Анталья, Қырғызстанның Ош, Оңтүстік Кореяның Сеул, Болгария Республикасының София қалаларында, «Таланты мира» қорының шақыруымен Мәскеу қаласында өнер көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттап келеді. Бұл шаңырақта Қазақстанның Мәдениет қайраткері Таңатар Алшабеков, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғалым Сүлейменов, ҚР Халық әртісі Майгүл Қазтұрғановалар және Тілеуғазы Бейсембеков, Жамағат Темірғалиев, Ерболат Еркенов, сондай-ақ айтулы оркестрдің ұзақ жылдардан бергі көркемдік жетекшісі, елімізге мәшһүр композитор, дирижер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әли Алпысбаев сынды музыка майталмандарының еңбек еткені баршамыз үшін үлкен мақтаныш, – дей келе, ұлттық музыка өнеріне зор үлес қосып келе жатқан оркестрдің мерейтойы ел тойы екенін атап өткен облыс әкімінің орынбасары Арслан Момышұлы бірқатар өнер майталмандарын марапаттады.

Оркестр мерейтойына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен Ләззат Сегізбаева, Айнұр Нұрбергенова марапатталса, аталмыш министрліктің Алғыс хатын Анар Қабимолдаева, Нұрсайын Нұрпейісов және Нұржанат Уашевалар иеленді. Ал облыс әкімінің Алғыс хатымен Әлия Баембаева, Самат Жексембаев, Мұрат Жаныс марапатталды. Сонымен қатар, өнер ұжымының құрылуына еңбек сіңірген, ұлттық өнерімізді ұлықтауға үлкен үлес қосқан ардагерлер де құрметке бөленді. Атап айтсақ, ҚР Мәдениет қайраткері Таңатар Алшабековтың, аталмыш өнер ордасының репертуарларын авторлық туындылармен толықтырған композитор Мұратхан Егінбаевтің және Қазақ ССР Еңбек сіңірген әртісі, өнертану ғылымының доценті, профессор Ғалым Сүлейменовтің иығына шапан жауып, руханиятқа сүбелі үлес қосқандықтары үшін алғыс білдірді.

Аймақ басшысының орынбасарынан кейін сахнаға «Қазақстандық салалық мәдениет спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Сәуле Ахмадиева сөз алып, оркестр мерейтойына деген ақжарма лебізін жеткізді. Әли Алпысбаев сынды ғажайып композиторы бар оркестр ұжымының мерейі үстем бола береді деген ол өз кезегінде аталмыш бірлестік атынан Айнаш Қабыкенова мен Талғат Оразаевтың өңіріне «Еңбек даңқы» төсбелгісін тақты.

Саф өнердің салтанат құруы жолында маңдай терін төгіп келе жатқан музыка майталмандары марапатталып, өнер адамдары құрметке бөленгеннен кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Өзбекстан Республикасының Халық әртісі, дирижер Фарух Садықов классик композитор Мұқан Төлебаевтың есімін алған ғажайып оркестрдің өнері мен шығармашылығы туралы тебірене толғады. Әли Алпысбаевтың дирижерлік шеберлігі мен композиторлық қасиетіне тоқталды. Сонымен қатар, тарту-таралғыларын салтанатты түрде табыс етті.

Республикалық дирижерлар шеруіна арналған концерт Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен шымылдығын түрді. Құдіретті күй күмбірлеп, ғажайып саз қалықтаған кеште халық-аралық байқаулардың лауреаттары Медет Есбергенов, Берік Батырханұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Айтқали Жайымов, Өзбекстан Республикасының Халық әртісі Фарух Садықов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегіндіков, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Дәурен Ғалымов, Талғат Каримов, Рахат Мадреев, Арман Жүдебаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепбергенов, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгереев және «Парасат» орденінің иегері, жетісулықтардың мақтанышы Әли Алпысбаев дирижерлік етті. Осынау кіл мықты дирижерлердің басқаруымен «Сарыарқа», «Ақсақ құлан», «Серпер», «Махамбет» сынды бірқатар ғажайып туындылар оркестр құдіретін паш етті. Сонымен қатар, халықаралық байқаулардың лауреаты Әсем Сембина, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов,  ҚР Мәдениет қайраткері Сая Есенгелдинова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнешов сынды күміс көмей әншілер «Жалт-жұлт еткен дүние-ай», «Куплеты Эскамильо Торедор», «О sole mio» сынды әндерді әуелетті.

Тыңдарманның көңілін көк теңіздей толқытқан, музыка өнерінің жауһар туындылары орындалған мерейтойлық концертті белгілі композитор Әли Алпысбаевтың дирижерлік етуімен Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара операсынан айтыс» орындаған Әсем Сембина мен Мейір Байнешов қорытындылады. Ғажайып сырлы саз қалықтаған концертте М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі шөліркеген тыңдарманды тебірентті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы