ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛЫ: БІЛІМ САЛАСЫНДА БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕР

Уақыты: 22.11.2021
Оқылды: 2012
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздік – біздің рухани құндылығымыз, халқымыздың бағы мен бақыты. Болашағына сенім артатын кез келген мемлекет өз ұрпағының сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына айрықша назар аударады. Сондықтан тәуелсіз ел атанған күннен бастап осы салада әлемдік білім кеңістігіне ену үшін бірқатар реформалар жүзеге асырылды.

Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық», – деп жазған еді. Шынымен де, бұл сұрақ кез келген маманды ойландыратыны рас. Отыз жылда білім саласында қандай өзгерістер болды? Қандай жетістіктерге жеттік деген сұрақтар төңірегінде ой қозғап көрейік.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған экономикалық тоқырау салдарынан облыстағы 700 балабақшаның саны 324-ке қысқарды. 1997-2000 жылдар аралығында 47 балабақшада балалардың 3,1 пайызы ғана мектепке дейінгі біліммен қамтылса, 2001–2005 жылдары 51 балабақшада қамту көрсеткіші 5,4 пайызға жетті. Дегенмен, экономикамыз тұрақтана бастағаннан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен балабақшаларды салу және қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасын іске асыру кезінде мектепке дейінгі ұйымдардағы орындар саны 33,0 мыңға артты. Қамту деңгейі үш есе өсіп, 2014 жылдың соңында 64,0 пайызға жетті.

2005-2020 жылдары барлығы 91 432 орынды 867 балабақша мен 334 шағын орталық ашылды. Оның ішінде 43 балабақша республикалық және жергілікті бюджеттен қайта жаңартылып салынды. Бұрынырақ жекеге өткен 100 балабақша мемлекет меншігіне қайтарылып, күрделі жөндеуден өтті. 

Соңғы жылдары мектепке дейінгі білім беруді дамытуда мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке басымдық беріліп, әріптестік механизмдері тиімді қолданылуда. Бүгінде облыста 1340 балабақша жұмыс жасаса, оның ішінде мемлекеттік қолдаудың арқасында жекеменшік балабақшалардың саны 845-ке ұлғайды. 3-6 жастағы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші 98,5 пайызға жетіп отыр.

2020 ­– 2025 жылдарға мектепке дейінгі ұйымдарды ашудың қадамдық жоспары әзірленіп, онда 38 302 орынға арналған 316 балабақша ашу жоспарланған.

Мемлекетіміз аяғынан нық тұра бастаған 2000 жылы білім саласына 6,3 млрд.теңге бөлініп, игерілсе, ағымдағы жылға 347,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Яғни, бұл көрсеткіштен мемлекет білім беру саласына ерекше көңіл бөліп отырғанын байқаймыз.

1991 жылы Алматы және Талдықорған облыстарында 751 мектепте 35 600 бала оқыса, ағымдағы оқу жылында 785 мектепте (763 мемлекеттік, 22 жекеменшік) 443 875 оқушы білім алады. Бұл көрсеткіш мектеп жасындағы бала санының жыл сайын артып келе жатқанын дәлелдейді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап облыста мектептер салу ісі қолға алынды. Осы уақытқа дейін 196 мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, 55 жаңа мектеп ашылды. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің құрылыс жұмыстарына жыл сайын қаржы бөлініп, 2000 жылдан бері 935 оқу ошағына күрделі жөндеу жүргізілді.

Мектептердің материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. «Nur Оtan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын іске асырудың жол картасы бойынша 2025 жылға дейін 681 мектепті модернизациялау жоспарланды. Ағымдағы жылы 137 мектеп модернизациядан өткізіледі. Сонымен қатар, облыс мектептерінде 119 ІТ сынып ашылып,  2019 жылдан 1-сыныпқа балаларды қабылдау қызметі енгізілді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына сәйкес 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңартылған мазмұнға көшу қолға алынып, биылдан бастап барлық сынып жаңартылған бағдарлама бойынша білім алуда. 

Қазіргі таңда облыста 47 379 педагог қызмет істейді. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында 2016 жылдан бастап 35 800 педагог    «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының «Педагогикалық шеберлік орталығы» және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» базасында біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Дана бабамыз Жүсіп Баласағұн «Адам бойындағы ең тамаша нәрсе – білім мен ақыл» деген. Қазіргі білім беру жүйесінде жүріп жатқан реформалар педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуы қажеттігін айқындайды. Сондықтан мұғалімдерді кәсіби қолдау, пәндік құзыреттіліктерін жетілдіру – өзекті мәселелердің бірі. Осы мақсатта облыста түрлі бағытта 19 инновациялық жоба әзірленген. Ауыл мектептерін қала мектептеріне жақындастыру мақсатында «Білім сапасын арттыруда тиімді жұмыс істеу режимі», педагогикалық менеджментті жетілдіруде «Табысты басшы», «Табысты мектеп акселераторы» жобаларын айрықша атап өтуге болады. Сонымен қатар, облыста пән мұғалімдерінің 27 ассоциациясы құрылып, тәжірибелі педагогтардың кәсіби қарым-қатынас аясын кеңейтуге септігін тигізуде.

Міне, осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ұстаздарымыз республикалық байқауларда жыл сайын жүлделі орынды иеленуде. Атап айтсам, осы жылы Сарқан ауданы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Т.Станкевич «Қазақстан мұғалімі – 2021» ұлттық сыйлығының 10 үздік мұғалімнің қатарына еніп, Қазақстан Республикасынан «Әлем мұғалімі» халықаралық сыйлығының іріктеу кезеңіне жолдама алды. Сонымен бірге «Samruk-Kazyna Trust» «Қазақстан мұғалімі» жобасын іске асыру шеңберінде 10 педагог 1 000 000 теңгелік шағын грант ұтып алды. 

2013 жылдан бастап 2021 жылға дейін республикалық «Үздік педагог» конкурсының қорытындысы бойынша облыстың     30 ұстазы «Үздік педагог» атағын иеленді. Әрине, мұғалімдердің құзыреттілігін жетілдіріп, болашақта табысқа жетелейтін инновациялық жобаларымыздың ауқымы кеңейе түсетіні анық.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап берді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын іске асыруда «Отаным – тағдырым», «Өлкетану», «Саналы азамат» бағыттары бойынша облыста бірқатар ауқымды шаралар атқарылды.

«Өлкетану» бағыты бойынша оқушының туған өлке туралы танымын арттыру, олардың бойында патриоттықты, рухани-адамгершілік және әлеуметтік құндылықтарын қалыптастыру мақсатында 2018 жылы  5-7-сынып оқушыларына арналған өңірлік «Өлкетану» оқулығы әзірленіп, бүгінгі күні оқу үрдісінде пайдаланылуда.

Мектептердегі тәрбие жұмысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жағдайындағы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне сәйкес жүзеге асырылады. Болашақ ұрпақты тәрбиелеудің негізгі идеясы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар болып табылады. Бүгінде білім беру ұйымдарында «Оқуға құштар мектеп», «Дәстүр мен ғұрып», «Дебат», Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Туған елге тағзым» жалпыреспубликалық экспедициясы, «Тарих тағылымы» мен «Қазақ мәдениетінің антологиясы» әлеуметтік жобалары, «Ұлы дала мұрагерлері» жобасы аясында тәрбиелік іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Балаларға адамгершілік-рухани және жалпымәдени құндылықтарға бағытталған тәрбие беруде  қосымша білім беру ұйымдарының алатын орны ерекше. Облыста 40 қосымша білім беру ұйымындағы 690 үйірмеге 18 648 бала қамтылған. Сондай-ақ, дене шынықтыру пәні мұғалімдері мектепке дейінгі ұйымдарда аптасына 2 сағат, мектепте аптасына 3 сағат, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында аптасына 4 сағат секция жұмыстарын жүргізуде.

Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Жас сарбаз»  балалар-жасөспірімдер бірлестігін құруды басым бағыттардың бірі ретінде тапсырды.  Осы орайда 2019 жылы «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық штабы құрылды.  Қазіргі таңда облыс аумағында «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының әскери-патриоттық клубтары мен кадет сыныптарына 32075 бала қамтылды.

Қосымша білім беру тек балалардың шығармашылық әлеуетін іске асырып қоймайды, сонымен бірге жасөспірімдер арасында бақылаусыздықтың, құқықбұзушылықтың да алдын алуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан алдағы уақытта да балаларды қосымша біліммен қамту назардан тыс қалмайды.

Дарынды және талантты жастарды қолдау мақсатында 2019 жылы  Елбасы Н. Назарбаев «Ел үміті» жалпыұлттық бастамасын ұсынды. «Ел үміті» аясында облысымызда «Елбасы медалі», «Мың бала», «Бірге оқу», «Қабілет» жобалары жүзеге асырылып, көптеген оқушы білімдері мен дағдыларын дамыту арқылы нақты мақсаттарын айқындай алды.

Облыста «Елбасы медалі» жобасына 2020 жылы 14-29 жас аралығындағы 661 жас қатысып, 391 жеңімпаз аталмыш медаль иегері атанды. Жобаға қатысқан 144 мектеп түлегіне жоғары оқу орындарына қабылдануда конкурстық іріктеуде жеңілдіктер қарастырылды. Биылғы жылы да «Елбасы медалі» жобасы жалғасып, жастарымыздың азаматтық тұрғыда қалыптасуына салмақты үлес қосылуда. Бүгінгі күні аталмыш жоба бойынша 1023 белсенді бақ сынап, оның ішінде 550 бала қола деңгейінде, 283 жеткіншек күміс деңгейінде білімдерін шыңдауда.

Ауылдағы дарынды балалар үшін сапалы білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасында 2020 жылы 196 оқушы жүлделі орынды  иеленсе, ағымдағы жылы 201 оқушы жеңімпаз атанды. Олимпиада жеңімпаздары еліміздің үздік мектептерінде білім алуға, сондай-ақ, қашықтан академиялық қолдауға қол жеткізуге мүмкіндік алды.

Алматы облысының құрама командасы 1998-2010 жылдары аралығында «Үздік құрама команда» номинациясын төрт жыл бойы үздіксіз иеленді. 2019-2021 жылдар аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 952 оқушы,  халықаралық деңгейдегі олимпиадаларда 16 оқушы жүлдегер атанды. Осы орайда өткен оқу жылында табысты нәтижелерге жетіп, «Қазақстандағы үздік 100 олимпиадалық мектептер» қатарынан орын алған М.Арын атындағы №24 лицей, №20 лицей, Есік және Талдықорған қалаларындағы «Білім-Инновация» лицей ұжымдарының еңбектері ерекше.

Елімізде білім саласының отыз жылда жеткен жетістіктерінің бірі – мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы. Бүгінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігін, беделін көтеру, оларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нақтырақ айтсам, мұғалімдердің апталық жүктемесі 18-ден 16 сағатқа төмендеп, жалақылары 2020 жылдан бастап 25 пайызға өсуде. Дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне үйірмелер мен спорттық секциялар жұмысын жүргізгені үшін қосымша ақы төленуде. Сонымен қатар, педагогтардың еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзартылып, кәсіптік қызметіне кірмейтін жұмыстардан босатылды. Бұл өз кезегінде мектеп мұғалімдерінің материалдық жағынан қамтамасыз етілуіне, моральдық тұрғыдан қорғалуына оң әсер етті.

2018 жылдан мұғалімдерді аттестаттаудан өткізудің жаңа жүйесі енгізілді. Бүгінде облыста 19 703 мұғалім жаңа форматта аттестаттаудан өтіп, жалақысына қосымша біліктілік санатына байланысты 30-дан 50 пайызға дейін үстемақы алуда. Сонымен қатар 18 мектеп директоры мен 147 мектеп директорының орынбасарлары да аттестациядан өтіп, жалақыларына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша ақы төленуде.

Білім саласында 2209 педагог-магистр жұмыс істейді. Педагогтарға магистр дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы белгіленген. 

Жыл сайын орта есеппен 2 мыңға жуық жас маман облыс мектептеріне жұмысқа орналасады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылды жерлерге жұмысқа орналасқан жас мамандарға бүгінде жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетілуде. 

Тәуелсіздік алғаннан кейін жас мемлекеттің аяғынан тік тұру кезеңінде орын алған қиындықтар кәсіптік білім саласын айналып өтпеді. Біршама оқу орындары бос қалды, жұмыссыздық қатары көбейді. Алайда уақыт кәсіптік білімнің қажеттілігін сезіндірді. Оқу үрдісін қайта жаңғыртқан оқу орындары өңірлік сұраныстарға қажетті мамандарды дуалды оқыту жүйесі негізінде даярлады. Материалдық-техникалық базасын жаңартты. Білім алушыларға шәкіртақы тағайындалды. Жұмысшы мамандығының беделін бизнес өкілдерімен, кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестікті нығайту арқылы арттырды. Білім беру мазмұны жаңартылған бағдарлама аясында жұмыс берушімен бірлесе әзірленді. Біршама мамандықтар жоғары білім беру бағдарламаларымен интеграцияланды. Инженер-педагогтар отандық, шетелдік мекемелерден тағылымдамадан өтіп, өзгерістерді дер кезінде игеруді қолға алғаны отыз жылдағы табысымыз деп ойлаймын.

«Баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру» жобасын іске асыру мақсатында облыстағы 76 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары мамандар даярлауда. Жыл сайын колледждерге 7 мыңнан астам білімгер, оның ішінде 1535-і «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде қабылданады. 

2019 жылғы 23 қаңтарда Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Н.Назарбаев Үкіметке «Жас маман» жобасын әзірлеуді тапсырды. Жобаның мақсаты – сұранысқа ие 100 кәсіп бойынша 180 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу болып табылады.

«Жас маман» жобасына енген облыстың 12 колледжіне қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыруға республикалық бюджеттен 3,6 млрд. теңге бөлінді. Жобаның негізінде оқу-жұмыс бағдарламасының мазмұны өзгерді. Білім алушылар жұмыс берушінің талаптарына сәйкес даярланған бағдарлама бойынша оқиды. Жобаға қатысушы колледждердің базасында құзыреттілік орталықтары ашылып, «WorldSkills» чемпионаты өткізілді. Бүгінде 31 құзыреттілік бойынша Ұлттық чемпионатқа қатысушылардың дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Дуалды оқыту жүйесі облыста бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Әр жыл сайын оның бағытын жаңғырту мақсатында колледждер облыстағы кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, бірқатар ақпараттық жұмыстарды атқарды. Соның нәтижесінде 2020-2021 оқу жылында кәсіпкерлер палатасымен бірлескен дуалды оқытудың жол картасы құрылып, оған 38 колледж енді.

Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жоғары білім беру бағдарламаларымен интеграциялау мақсатында «Қолданбалы бакалавриат» бағдарламасы үш колледжге енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті арқылы іске асырып отырмыз. Осындай игі шаралардың нәтижесі жұмысшы мамандығының беделін арттырды. Тегін кәсіптік оқу жүзеге асырылып жатқан тұста мүмкіндігі шектеулі жандардың да білім алуына жол ашылды.

Білім алушылардың саны артқан сайын жатақханамен қамту мәселесі туындады. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 наурыздағы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің үшінші бастамасын орындау мақсатында облыста 8 колледжге 1430 орынға арналған жатақхана салу қажеттілігі анықталды. 2020 жылы Талдықорған жоғары политехникалық, Талдықорған жоғары медициналық, Бастөбе сервистік-техникалық колледждеріне 530 орынды жатақханалардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл бастама ары қарай жалғасады.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап білім саласында қабылданған реформалар жемісті әрі жеңісті болды. Ал бұл тек отыз жылдың ғана жетістігі. Білім берудің жаңа деңгейге көтерілуі, жылдар бойы жеткен жетістіктеріміз ұстаздарымыздың нәтижелі еңбегінің арқасында жүзеге асты. Алда әлі талай асу, биік белестер бар.

Гүлсара ИСАҒҰЛОВА,

Алматы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы