ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДА АЛҒАШ РЕТ ЖАС АКТЕРЛАРДЫҢ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Уақыты: 23.12.2021
Оқылды: 1326
Бөлім: РУХАНИЯТ

Оқушылар сарайында ақиық ақын М.Мақатаевтың 90 және Ж.Жабаевтың 175 жылдығына арналған І Алматы облыстық «Жас актер» фестивалі өтті.

Шара ҚР Халық әртісі, театр майталманы Алмахан Кенжебекованың құттықтау сөзімен ашылды.

- Құрметті халқым, Оқушылар сарайында үлкен мереке өтуде. Оқушылар сарайын салып бергеннен кейін ішінде жас ұрпаққа арналған тағылымды дүние болуы керек. Кендебай екеуміз балаларға Отан, жер, мемлекет деген ұғымды түсіндіріп, өсіріп жатырмыз. Осы шараның басы-қасында жүрген Оқушылар сарайының директоры Ләззат Мұхамедқалиқызына алғысым шексіз. Барлығымыздың илегеніміз бір терінің пұшпағы, ұрпақ тәрбиелеуге барлығымыз ат салысудамыз. Міне, Мұқағалидың 90 жылдығы да аяқталуға таяу. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Сөз түсінетін, тіл түсінетін өнегелі ұрпақ келе берсін! – деп жылы лебізін білдірді театр әртісі.

Фестивальда бірінші М.Мақатаевтың «Алтай – Атырау» поэмасына негізделген қойылым ұсынылды. Өнер көрсеткен білімгерлерге Райымбек ауданы Б.Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Медет Серікұлы Райымбек ауданы әкімінің гүлі мен арнайы дипломдарын табыстады. Шарада мерейтойдың құрметті қонағы, академик, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбденнің «Абай – Қазақстанның болашағы» атты сахналық қойылымға негізделген шығармасы көрсетілді. Өз кезегінде Оразалы Сәбден ақжарма лебізін білдірді.

- Мен бүгін рухани ләззат алдым. Шығарманың шыңына шықтық. Бұл шара жаңа дүние болып отыр. Мен өмірімде екі рет қатты қуанған шығармын. Ғылым кандидаты, докторы болдым, Президенттен Мемлекеттік сыйлық алдым, бұлардың ешқайсысында дәл бүгінгідей қуана қоймадым. Бірінші рет СССР кезінде спорт шебері болдым, сол кезде қатты қуанғаным есімде. Екінші рет бүгін қуанып тұрмын. Мына бүлдіршіндердің өнерін көріп, әсіресе, өркениеттің жаңалығын айтып отырғанына қуандым. Болашағымыздың зор екеніне көзім жетті. Келешек жастар қолында, – дей келе, фестивальдің келешегі зор екенін атап өтті.

Шара барысында Оразалы Сәбденнің «Ойлы кітап», «Абай және қазақ елінің болашағы», «Қоғам дерті» атты авторлық кітаптары өнерпаздар мен көрермендерге таратылды. Сонымен қатар, киелі сахна төрінде «Қыз жылаған – қара орамал», «Нұржауған ғұмыры» атты поэтикалық сәтті сахналанған қойылымдар ел назарын өзіне аудартты.

Аталмыш кеште белсенділік танытқан №24 орта мектеп оқушыларын экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбден, №2 орта мектеп оқушыларын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асыл Әлиқызы, №7 орта мектеп талапкерлерін Ғалымдар одағы Алматы облысы филиалының басшысы, профессор Гүлнар Абдуллақызы, Оқушылар сарайының актерлерін профессор, техника ғылымдарының докторы Жақсылық Әліппайұлы марапаттап, «Жас актер» фестивалінің дипломын табыстады. Мектеп директорлары фестивальдің ең жас актерларына және көзге түскен басқа да оқушыларға сый-сияпат берді.

Кеш соныңда қадірлі қонақтарға «Жас актер» үйірмесінің білімгерлері және Оқушылар сарайы ұжымының атынан құрмет көрсетілді. Жетекшілік еткен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Кендебай Темірбайұлы мен ҚР Халық әртісі Алмахан Нұрпейісқызына Жетісу өңірінің тас дәуірінен 1933 жылға дейінгі тарихы жазылған кітап, арнайы шапан мен Оразалы Сәбденнің атынан «Білім сардары» атағы мен төсбелгісі тағылды. Салтанатты кеш құрметті ақсақалдың ақ батасымен тәмамдалды.

Кәмила ТҰЯҚОВА

Алматы облысы