МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТІСУЛЫҚ ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ СЫЙ-СИЯПАТ БЕРДІ

Уақыты: 31.12.2021
Оқылды: 1519
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сиыр жылы мәдениет саласы үшін табысты болды. Қазақ әдебиетінің қоржынына тың туындылар түсіп, шоқтығы биік шығармалар жазылды. Өткен жылғы жемісті де жеңісті сәттерді мақтанышпен еске алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев жетісулық қаламгерлерді Жаңа жылмен құттықтады.

Жыл соңында дәстүрлі түрде қалам ұстаған қауыммен кездесуді әдетке айналдырғанын айтқан Мәрлен Қапашұлы:

- Сіздердің бастарыңызды қосып, бірлесіп атқарған ауқымды жұмыстар үшін көп рақмет. Барлық игілікті істің басы-қасынан табылып, қолдап-қолпаштап жүрсіздер. Әрбір жазған шығармаларыңызбен елдікті, ерлікті, еркіндікті ұлықтайсыздар.  Тарихи туындылар арқылы оқырман тамырын тануда. Сол шығармалардан жастар тәрбие алып, бой түзейді, – деп өткен жылдың олжасы 175 жылдығы тойланған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Жамбыл әлемі» 30 томдық шығармалар жинағы екенін айтты. Сонымен қатар, аталмыш кітапты ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әміре Әрін, «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы және «Janr» Жетісу әдеби клубының президенті Есболат Айдабосынға табыстады. Бұдан бөлек кездесуге келген қаламгерлерге де кішігірім сыйлық тарту етті.

Жиында сөз алған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, облыстық «Jetisý» газетінің бас редакторы Әміре Әрін:

- Мына кездесу үшін мың да бір рақмет. Бәрің қаламгерсіңдер. Ешкім ешкімнен кем емес. Тек жазған туындыларды шетелге насихаттай алмай жатырмыз. Бірақ кейінгі 3-4 жылдың көлемінде үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақ әдебиетінде тамырды бүлкілдетіп, адам жанының нәзік қылын тербейтін дүниелер аударылуда. Біздің жасап жатқан дүниеміз өте көп. Алайда солардың ішінде соқталысы аз. Мәселен, «Жусан иісі» жобасын елдік, республикалық көлемде көруіміз керек. Ал, поэзия бойынша кешегі қасиетті Қабан жырау, Құлмамбеттер соқпағын салған жол жаңадан жаңғыруы тиіс. Ол үшін «Жетісу – жыр жұмағы» атты үлкен мүшәйра жариялап, оның қаржысын да қомақты етіп, өткізу тәсілін өзгешелеу керек, – деп қаламгергерге стипендия беру туралы ұсынысын жеткізді.

Кездесудің қорытындысында қаламгерлер ақ ниеттерін ақтарып, бір-біріне шығармашылық табыс тіледі.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы