ҚАЗАҚТЫҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАСЫ

Уақыты: 03.07.2022
Оқылды: 1691
Бөлім: РУХАНИЯТ

Достық үйінде Ұлттық домбыра күніне арналған  «Домбырасыз ән қайда?»  атты мерекелік шара өтті. «Қоғамдық келісім орталығы» мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі орталығы ұйымдастырған шара Талдықорған, Текелі қалалары мен Ескелді, Көксу, Ақсу, Қаратал аудандарынан келген, 100 адамнан құралған домбырашылар тобының «Балбырауын», «Адай» күйлерін төгілте орындауынан басталды. Бұл орындалған күйлер Оңтүстік Қазақстан облысына челлендж ретінде жолданды. 

Мерекеге орай ұлттық аспап көрмесі және домбыра жасаушылардың шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Жас шеберлердің бірі Төлеген Намазбековті сөзге тартқанымызда: 
– «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкем Тілеш Намазбековтің жолын қуып, соңғы төрт-бес жылда домбыра жасаудың қыр-сырын меңгердім. Домбыраны жасауда әртүрлі ағаш қоданамыз. Шанағын қатты, беткі жағын жұмсақ ағаштан жасаймыз. Өйткені, домбыра ойнағанда жұмсақ ағаш арқылы шыққан дыбыс қатты ағашқа соғылып, вибрация болып қайтады. Домбыраның күрделілігіне орай жасалу уақыты да әрқилы, – дейді жас шебер.
Шара барысында домбыраның шығу тарихынан бейне- үзік көрсетілді. Облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы этносаралық қатынастар бөлімінің бас маманы  Әбілқайыр Оралов құттықтау сөз сөйледі.
– Жетісу жерінде Қазақ- станның Халық әртісі, Халық Қаһарманы, күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің ізі қалған. Өнерде шекара жоқ. Біз қазақ өнері туралы сөз қозғағанда Евгений Брусиловский, Александр Затаевичтің есімін айтпай кете алмаймыз. Олар біздің өнер қоржынымызға 1000 қазақтың әні мен күйін нотаға түсіріп қалдырды. Осы кісілердің ізін жалғастырып, өнерді сүйетін, халқын құрметтейтін жастар көп болсын! Өнеріміз өрге өрлей берсін! – деді.
Республикалық Ақын Сара сыйлығының иегері, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрәлі Адамқұлов «Домбыра – қазақтың асыл қазынасы» тақырыбындағы баяндама жасап, ұлттық аспап түрлеріне, Абай, Жамбыл бабаларымыз ұстаған домбыраның ерекшелігіне тоқталды.
Шара соңында ұлттық аспапты насихаттап жүрген ұстаз, шеберлер Құрмет грамотасымен марапатталды. «Домбырасыз ән қайда?» облыстық байқауының Гала-концерті өтіп, онлайн форматта өткен сайыс жеңімпаздары өнер көрсетті.

А. ТОПАНТАЙҚЫЗЫ