РУХЫ БИІК «ОРАЛҒАН ҚЫЗ»

Уақыты: 05.07.2022
Оқылды: 1596
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Тағдырдың тар соқпағынан, өмірдің сан тарау сүрлеуінен адаспай, өз жолыңды табу, шынайы болмысыңды сақтап қалу оңай емес те шығар. Қиын деп те айта алмаймын». Кітап осылай басталады. Бір адамның қалыптасуы әрі қиын, әрі оңай деп тұр. Ендеше «қиындығы» қай жерінде? «Оңай» болатыны неліктен?.. Тұтас кітап осы сұраққа жауап береді.

«Оралған қыздың» авторы Гүлшарат Жұбаева бұл жинағын анасы Марияш Құрбаниязқызына арнапты. Анасы Марияш «СOVID-19» пандемиясының құрбанына айналған ғазиз жан екен. Бұл кітап жалпы мейірімді және табанды әйелдерге соғылған сом ескерткіш. «Көк күмбезінде тағы бір шырақ сөнді. Жұмыр жердегі тағы бір ғұмырдың дәм-тұзы таусылды...», – деп басталатын жан сезімі кітаптың өн бойына сіңген екен. Жүрек сыры, жан толқынысы мен анаға деген қимастық сезіммен басталған жазба  «Керуен дүние көз алдымнан көшіп барады» – деп соңғы нүктесін қояды. Адам екі жағдайда өзінің жылы орнын суытып, тәуекелге бел буып, қоныс аударады. Бірі басына күн туып, өмір мен өлім төніп келгенде тіршілік үшін жол іздеп, жарық сәулеге ұмтылады. Екінші, жаныңның қалауын аңсап, тыныш күнде тік көтеріліп, қонысыңды тастап көшесің. Осының бірінші жағдайы Гүлшараттың аталарының, екіншісі өзінің басынан өтіпті. Аталары ұрпағын сақтап қалу мақсатымен Аралдың бергі бетінен арғы жағасына жылыстай көшіп қарақалпақ еліне өтсе, 60 жылдан соң өздері қарақалпақ аумағынан тәуекелге бел байлап, тәуелсіздікті аңсап, Отанға оралыпты. Міне, тарихи әңгіме мен тағдырлы сапар осылай басталады. «Өмір – ақ пен қараның, бақ пен наланың арпалысы. Бірде жаздай жадыраймыз, жаза басып жаңыламыз, әлдекімді кіналаймыз, адасамыз. Сезімге берілеміз, сөзге ереміз, бірде жеңілеміз, бірде жеңеміз. Пенде болған соң бәрі де кешірімді. Түптің-түбінде қараңғылықты қуалап, бір жарық сәуле жаныңды өбеді. Қайғының орнын қуаныш алмастырады. Маған "үміттің өз сәулесі өзінде" деген сөз ұнайды. Қандай қасірет көрсең де, бір ізгілікке деген сенім, жамандықты да жақсылыққа жору – жолыңды ашады. Бұл менің философиям», – дейді Гүлшарат. Кітап «үштіктің» арасындағы тағдырлы тартыстардан тұрады. Ең әуелі адамзаттың өмір сүрген ортасы «қоғам» деген қазан. Екінші, ата-ананың ерен ерлігі, мұнда күрестің туын көтерген қайсар, тәуекелшіл әйел. Үшіншісі, ұядан ұшқан ұрпақтың өмір жолы. Қоғам, ана, перзент деген үштік бірімен-бірі тығыз байланыста, ажырай алмайды. Адам – арманымен ғана адам. 
«Ит тойған жеріне, адам туған жеріне». Қазақстанның 1991 жылғы тәуелсіздік алуы  әлемдегі қазақтардың өміріне шынында түбірінен өзгеріс әкелді. Шетке кетіп шерменде болып жүрген ағайын арпалысқа түсті. Қоржынын алып, көлігін сайлап, сапарға  қамданды. Осы жолда шекесі шылқып, ырғындыққа жеткендер де, шерменде болып азапқа батып, арып-ашқандар да көп болды. «Көшкен елдің бұқасын ауыл үйдің тайыншасы сүзеді» дегендей, сергелдең күндер мен сенімге толы дем берген күндер тайталасып жатады. Осының бәрін басынан өткізген Жұбай әулеті немесе Өмірбай отбасы өмір деген теңізде бір батып, бір қалқып, қақалып-шашала жағаға құлаш ұрады. Тыныш жатқан Қарақалпақстаннан туған жері Кегейлі ауданы, Халқыабад елді мекенінен байырғы Отаны, байтақ мекені Қазақстанға қоныс ауыстырады. Оқиға Өзбекстан мен Қазақстан арасында өрбиді. 2003 жылы елге көшуден бастап, 2005 жылы Гүлшарат 20 жасқа толғанда алғашқы көлік сатып алуы, одан соң 2006 жылы Атырау қаласында баспаналы болуына дейін небары 3 жылдан аса уақыт кеткенімен, анасы Марияш пен қызы Гүлшараттың басынан 30 жылдық тауқымет, 30 жылдық бұралаң жолдар өткендей болады. Мұны кітапты оқыған адам сезінеді. Оқиға тығыз, тіршілік қиян-кескі. 
Кітапты оқып отырып мен де сан толқып, сан құбылдым. Кей тұстарына келгенде мынау қатыгез қоғам мен аяз бүріккен адамдар ашу-ызамды келтірді. Кей жеріне келгенде рақаттанып сүйсінесің. Мәз болып шаттанасың. Енді бір тұсында әсерлі сезімге ерік беріп, көңілің босайды. Адам деген – ит жанды, тіршіліктің қиындығына төзеді. Адам деген – күйреуі де тез, сәл ғана осалдық танытсаң сынасың. Марияш ананың басынан осы екеуі де өтіпті. Төрт ұлы жастайынан бірінен кейін бірі өмірден кеткенде өртеніп жанып, өмірден түңіледі. Ал үш қызды жеткізу жолында өршеленіп, ерленіп, өмірдің толқынына қарсы жүзеді. Тұмсығымен тістеп жүріп, балаларын жеткізеді. Ағысы жылдам, толқыны қатты асау өзеннен тұншықтырмай алып шығып, бергі жағаға өткізіпті. Сапырылысқан сарсаң өмірден сүрінбей өткен асыл ана, дауасыз дерт, жұқпалы аурудың қармағына ілініп, қапияда індеттен ажал құшады. Әрине, аса өкінішті. Бірақ ардақты ананың ерлікке толы шежіресі, естен кетпес батырлығы өшпестей болып із қалдырып хатқа түсіпті. 
Мақсаты айқын, туы биік, тұғыры берік адам дегеніне жетпей тынбайды. Ол қызы Гүлшаратын қызғыштай қорып, қиындықтарға сала жүріп, көмбесіне жеткізеді. Ал Гүлшарат та масыл болып, сүйретіліп алған емес. Құдай берген талантының арқасында  кездескен кедергілермен тайталасады. Сүрінсе қайта тұрады. Анасы Гүлшаратты заңгер етіп қатарға қосқысы келеді. Ал Гүлшарат анасының көрсеткен бағытымен ұмтылады.  Бірақ, ішкі түйсік, жеке талғамы да жағаласып, оның санасында қатар жылжып отырады. Ең соңында ол өз қалауын, түпкі аңсарын дәлелдеп, жақындарына, ортасына көз жеткізеді. Анасы иланып, шындап қолдайды. Соңғы мәреге Гүлшарат өзі ғана емес, анасы Марияш екеуі тең жетеді. Тағдыры нұрланады, табысы еселенеді. 
Нөкістегі би мектебі, Ташкенттегі заң колледжі, Атыраудағы жоғары оқуы, бәрі де талаптанудың арқасында жүзеге асады. Отан құшағына оралған жылдардағы жоқтық, көзге түрткі болу, ресторан-кофелердегі сүреңсіз даяшылық жұмыстар, жанбасы  сиятын жер таппай, жатын орынсыз жасыған сәттер... Кино лентасындай жылжып, көз алдыңнан өтеді. Таэквондоның шебері болып шынығу, тіпті халықаралық жарысқа бару жолында баспанасын сатып жіберіп, өздері далада қалса да, өнердің, спорттың жолында Сеуілге барып қайтуы – анасының адам айтса нанғысыз нар тәуекелі еді. Бас кейіпкеріміз Гүлшарат Жұбаева әуелі биші, содан соң таэквондошы спорт саңлағы, мамандығы бойынша заңгер, іскерлігі бойынша тігінші болды. Құдайдың нәсіп еткен өнерінің арқасында өмірден  есесін жібермеді. 
«Менің мотиваторым – менің анам. Тағдыр қанша талқыға салса да тайсалмайтын, алдынан мың қайшылық кезіксе де қайтпайтын, ешкімге қол жаймайтын, суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын қайсар адам еді», – деп еске алады. Осы өрлі-қырлы қиын жолдарда олар ардың туын жықпай, адамдықтың жалауын тік ұстайды. Осылайша таза, тағдырлы қалпымен діттеген жеріне жетеді. Сөйтіп «бір кездерде Қазақстанға бес қап түйе жүнін арқалап, үмітіне ғана иек артып келген анасы мен қызының хикаясы» шертіледі. Бүгінгі атақты биші, үздік актриса, өнерде ұстаз, кәсіпте таңдаулы бизнесмен, табыскер Гүлшаратқа енді «жазушы» деп бір атау қосуға болатын секілді. Оған шығармасын оқып отырып көзім жетті. Оның жазушы болуына оқушы кезінен бастап «күнделік» жазатын әдеті мен көркем әдебиетті құлшынып оқитын өзгешелігінің үлкен пайдасы болғанын айтар едім. Күнделік ұстап естелік жазу адамның қаламгерлік машығын жетілдіреді. Тілін, сөзін, шеберлігін өсіреді. Біз оны бастан өткен соң білеміз. 
«Мама, сіз туралы кітап жазамын» дегенімде жарықтық анам қатты қуанып еді. Бірақ өмірдегі ең аяулы адамым бұл кітаптың оқырманы бола алмады», – депті өкініш өзегін өртеген Гүлшарат. Дей тұрғанмен, автор осы еңбегі арқылы кеңпейілді, мол мейірлі анасына сөзден сарай салып, тозбайтын ескерткіш орнатыпты. Кітапты аяулы анасы оқи алмаса да, мыңдаған ана мен миллиондаған бала оқи алады.  Ендеше, анасының рухы да шат болары анық. Әр ана артына бір-бір Гүлшаратын қалдыра алса, бақыт деген сол. «Адам  ұрпағымен мың жасайды». Сөзіміздің дәлелі – қолымыздағы «Оралған қыздың дәптері». 

Дәулетбек Байтұрсынұлы, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
түркі дүниесі әдеби сыйлықтарының иегері