"АҚЗЕР": ҚОС ДӘПТЕР БҮККЕН ҚҰДІРЕТ

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 907
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сағым сынды уақыттың қаншасын қайырып, нешеме жылды керуен-көштің соңына тастап жатқанымызды жылнаманың жаңа парағы ашылған сайын еске түсіреміз де, бабалар айтқан «жалған дүние» осы емес пе деген немкетті қайырымға басамыз. Түгесілер тіршілік, тиянақ табар тағдыр барын сананың сартап жылғасына бір түсіріп көрген жандар, әсіресе, алпыстың асқарына шығып, жетпістің желкенін кергендер жанымен ұғынса, біз секілді жас кеудесінен жұпары арылмаған азаматтар бітер белестің қарасы жуырда көзге шалынбас деп ойлаймыз. Бірақ, кімнің қай уақытта жарық ғаламнан жанар тайдырып, қай күні мейрам суға мейірі қанарын кім білген?! 

Ғазалдың түбі – ғапылдық

Ә дегеннен ақындар жырға қосқан, тіпті дос тұтқан «ажалды» ауызға алып жатсақ айып па? Біздің пайымды сұрайтын жан табылса «әбестік емес» дер едік. Өйткені парақтап-тарақтап шыққан күллі әдеби шығарманың ішінде осынау «ажал» тақырыбы айрықша сөз етілген. Тіпті, даналық ой тізбектеген абыз адам Әбіш Кекілбаевтың өзі: «Біреу гүлді жақсы атақты етеді, біреу гүлді көрге апарып көмеді», «Көрімнің топырағы сорығады, сен мені ұмытасың, асыл ана» немесе «Қаласың да құба жонда қабір боп», – деп жанын идірген, жалын сүйдірген шабытты шақтарында өмірдің тиянақталар сәтінің бәрі адам ғұмырының алаулатқан сезімдеріне, мәңгілік мирас тұтқан тектілігі мен адамдығына қойылар нүкте екенін жеткізеді. Құдды «Менің досым болсаңшы кешірімді, Аялдашы, таусайын несібімді», деген Мұқағали ақынның ажалмен диалог құрғанымен жымдасып, үндесіп жатқандай. 
Қазақ әдебиетіне аса қуатты екпінмен келіп қосылған Әбіш Кекілбаев жоғарыда аталған өлең жолдарын 1959-1969 жылдар аралығында жазған екен. Алматының алып төсіндей дүрдиген Алатаудың қойын-қолатына, көктеме жетпей жатып бауыры барақтанып  алар манат белдердің майса шөбіне табан тигізіп, мұсатыр мұздарды жалай ескен алтынкүрек һәм саумалдай самалға майдай сүйгізіп, бозінгені ботасымен, тайлағы нарымен бірге найқалған бұйрат құмдарын көз алдына келтіріп жүрген сол кездегі 20 жасар Әбіштің жадына жарықшақ түсірердей не көрінді екен деп толғанасың. Жалын атқан жиырма жасынан орда бұзар отызына дейінгі ғұмыр бедерінде «ажал» туралы сан алуан толғамдарға барған талант иесінің ойлы пайымдары көзді оқшырайтып қана қоймай, оқырман кейіпте жатқан біздің миды зеңітіп тастағаны да рас. Бұйра шашы бұрқырап, жалын жастығында әдебиет көшіндегі атағы дүрдей Әуезовтердің дәрісін ай құрғатпай жарғақ құлағына құйып, еріндері алқызыл гүлдей үлбіреген арулардың арқа қыздырар қошеметіне бөленген, мүйізі кербұғының кескінін көзге елестетер кіл классиктің ықыласына кенелген «ақын» Әбішке не жетпеді екен сонда?! 
Тағы сол талант-тақсырының ең бір мәртебелісі болған Мұқағали жырына жүгінсек, адам жанын зерттеуден ұлы ештеме жоқтай көрінеді. Сәбилік пен балалықтың бедеріндегі алаулаған сезімге ересек кездегі пайым жүрмейді. Себезгі жауынға, қылаулаған қарға құштар іңкәр көңілдің түймесі үзілгендей, азамат болған шақта алақайлаған кезеңді біртүрлі жалаңаштанған тұрпатта жылы сағынасың. Ержеткендегі сағым сипатқандай жанға байыз таптырмаған арман мен үмітке толы шақтарды самай шашыңа қылау тұрған кезеңде тіпті, «ойпыр-ай» деп елегізіп еске аласың. Ел құрметіне бөлену, абырой мен сыйға кенелу де жер таянар жаста кермек тати бастамай ма? Қарияның оң тізесінде ойнақ салған шикі өкпе кезден осыны түсініп өскен соң айтамыз да. Сондағы адам баласының жан сырының түпкі табан тірері жаратқанның ықыласына кенелу деген ерекше сезімде жатқандай. Сол ғана мәңгілік, сол ғана баянды секілді. 20 мен 30 жас аралығында осынау ұлы пайымды санасына шегендеген Әбіш Кекілбаевтың: «Ғұмырым болып кетсе жолдан ада, жоқтарсың қара киіп сонда ғана», – деп тебіренуінің түпкі мәні де сонда жатқан секілді. Ендеше жазылған жырмен, қорғасындай салмақты оймен қазақ әдебиетіне ентелей енген талантқа таңданбасқа шара жоқ.

Сүйген жүрек суреттері


 «Әбіш Кекілбайұлы – талант. Үлкен талант! Ал нағыз талант – бәрінен бұрын ақын. Әбіш те әдебиетке өлеңдетіп келді. Мұнысы заңды еді. Егер ол тумыстан ақын болмаса, әдебиетке өлеңсіз келсе, қазіргідей жан-жақты, көп қырлы әрі саңлақ суреткер, әрі ғұлама ойшыл, әрі сұңғыла шешен, әрі көреген көсем... болмас еді. Осылардың бәрінің төркіні ақындықта жатыр», – деп бағалаған академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың пікіріне алып-қосарымыз жоқ. Өйткені қазақ проза жанрында ұлт қоржынына «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау», «Ханша-дария хикаясы», «Шандоз» сынды көптеген сүбелі шығарма қосқан, жазушылығымен күллі қазақ оқырманының таңданысын туғызған сөз зергерінің ақындық қыры да алты Алашының жүрегін баурағаны хақ. «Дүние ғапыл» атты кітабындағы қос дәптерден тұратын сол жазбаларын оқып шыққанда біздің көкіректе кейіпкеріміздің бейнесі алдымен ақын ретінде асқақтай түсті. 
«Көне дәптерден», «Жаңа дәптерден»  деген қос тақырыппен айшықталған кітаптағы әрбір жыр әбілхаят суымен көктеген өскіндей мәңгілік мәнге ие тақырыптардан тұрады. «Еркелікті сезінбей ер- жеткенмін» деген ақынның тұтас болмысын шарпыған елге, жерге, Отанға деген іңкәр сезім мен аруға, тылсым табиғат пен сан алуан ұғымдарға, құндылықтарға деген ынтызарлық әрбір өлең тармағында қанық бояумен, анық байламмен менмұндалайды.
Уа, шарапаты шалқар мұхиттай хақ Аллам, 
Шарапатыңды шашып тұрсың тағы алдан.
Қияметтің қыл көпірінен өтпек үшін сүрінбей,
Жерде бейнет шегіп бағуға жаралғам, – деп «Дүние ғапыл» кітабының беташарын «Таңғы кәлима» жырымен ашады. Осынау мөлдір жырдың бір жолдарында ақын Әбіш:
Атар таңның шарапатын,
Алдымен мынау жерге бер.
Тамұқтың сорын тарихта тартып,
Тарыққан мынау елге бер... – деп мәніжат дұғасын көмейден сауады. Адамның төбе құйқасын шымырлатқан осынау құдіретті сөздердің астарында талай ғасырлық мехнатқа бөккен киіз туырлықты халық ішінде жанарының сығындысы құрғамай кеткен бабаларымыздың әз бейнесі көзге елес беретіндей ме, қалай? Хандық дәуір әдебиетіндегі шамырқану мен шамдануға толы жырлардың жай отындай шарпылуында жоңғардың қайқы қылышының табы жатса, одан бергідегі құлдық қамыт асынып, діл мен діннің аша жолында арбасын тоздырған Алаш жұртының күпсектеп сөйлей алмай, күлбілтелеп пікір қайырғанына налыған «Зар заман» ақындарының да шер-наласы төгілді. ХХ ғасырдың өзіндегі екі бірдей әлемдік айқас, қабырғасы арса-арса болған тұтас бір ұлтты түйір дәнге телмірткен ашаршылық, қынадай қырылған арыстар, тың игеру мен боздақтар жаназасын шығарта алмаған Желтоқсан оқиғасы сынды ұлы сүргінде сілікпесі шыққан қазақ халқы «Тамұқтың сорын тарихта татып» алған жоқ па? Сол бір басынан мұң мен бұлт, кеудесінен шер мен кек арылмаған исі қазаққа таңнан тұрып шарапат сұраған шайырдың толғамын тебіренбей оқу да мүмкін еместей.
Қия-қия тауларға
Қиғаштай түскен қылаң жол...
Қияс-қияс тағдырдан
Тартқан азап, лаң мол.
Лаң мол демей, не дейін:
Құмға толы көмейім,
Мұңға толы көкірек,
Жорғадан болсам текірек,
Шорадан болсам жетімек,
Жетімек мүжір толарсақ – 
Болса өмірлік сыбағам,
Талайым сол ма ед сұраған?! – деп налыған Әбіштің ғазалдары абыз бейнесін өзінен-өзі-ақ сомдайды. Қанға бөккен ғасырлардың қойнауында «елім-айлаған» жұртының жан сезімін жұлын-жүйкесімен түсініп, керауызымен кесел өпкен оспадарлар мен сатқындардың кесірінен түмені түптеліп, мыңдығы маңырап қалған айбарлы сарбаздар мен қолбасшылардың қарғысы мен «әттеген-ай» деп найзаға сүйеніп найқала шер жұта жер қапқан тұрқын, арыстардың көз жасы мен анарына алғаш сүт біткен өрімдей жас келіншектер мен етегі түрілмеген балғын қыздарға әзәзіл лаңын салған жат кеуденің қорлығын, Шәйілер мен Тазабектердің тағдырын (Б. Нұржеке-ұлы «Әй, дүние-ай» романындағы кейіпкерлер) сол секілді күллі Алаштың тар жол, тайғақ кешуін Әбіш Кекілбаев жүрегімен сезінді. Сезінген соң да екі жырының бірін ажалға байлап, он толғамының тоғызын мұңға матады. Солайша күллі тарихтың қаңсыған бет-белесіне қазақтың көз жасын төге отырып өлең деген ұлы өскінді қаулатты. 
Іңір сембей іргеге кеп құлаған,
Сұр сәскеде «сүт іш» десе, жылаған.
Бұлданумен ғұмыр кешкен бұладан
Көнтерілі көмбіс болған бұл ағаң, – деп жырлауында да тарихтың жаңғырығы жатыр.

 

Түбірі бір тұлғалық


Иә, Әбіш, ел айтқандай, сұңғыла суреткер, сырбаз қаламгер, сөз зергері, абыз адам. Аңызы тірісінде жайылған сол абыздың жырларында Мұқағалидың мұң-зары, Жұмекеннің жорға байламы, теңеуі, Сағи мен Кеңшіліктің сырлы сезімі, Төлеген мен Тұманбайдың мөлдір сағынышы, Қадырдың кесек тіркесі тоқайласқан. Өзінің алдындағы, қатары мен ізіндегі қаламгерлердің тұтас поэзиясындағы кесек сәулелерді 40 жыл бойы жанын тербеген поэзияға айна қатесіз көмкеріп түсірген. Тіпті, алып Абайдың да философиялық байламдарын жырына сыналап кіргізгендей. Хәкім «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» десе, Әбіш: «Кеуде қуыс, сырты дүрдей тұлыппыз» деп байлам жасайды. Ал енді өзге ақындарда кездесетін сырбаздық пен сырлылық, тереңдік пен кемелдік, теңеу мен бұтарланбай байламдар шоқтығын төмендегі қос жырдан байқауға болады.
Алқорыдай албыратып ажарын,
Шырын сорсам, асай қауып анарын.
Тарс жауып тас қақпадай жанарын,
Тапамасам, қалай тарқар базарым?!

Қақым бар ғой бақ мәуесін жұлуға, –
Жаратқанның өзі ұсынған ырысын.
Тап-тап беріп талшыбықтай сұлуға,
Талықсытпайтын тақуа дәурен құрысын, – 
деген жыр жолдары, немесе:
Махаббаттың мен де нөсер бұлты едім,
Мезгілімді өткізіп ап селдеттім.
Еміздім де қасіреттің емшегін,
Өгей ұлын өкініштің тербеттім, – дейтін кесек-кесек жыр жолдарында жоғарыда аталған алапат ақындардың, біз атауға ерінген Сырбай Мәуленов, Әбділда Тәжібаев сынды көптеген талант-тақсырларының шұғылалы шабытының сынықсүйем сәулесі жатыр. Бәріде үндес, сырлас, түбірлес толғамдар!
Заманында қабағына қырау қатып, дүниенің тарылғанын жанымен ұғынып жүрсе де, серілік сейдің шақтан арыла қоймаған Есенинге кезіккен бір ақын: «Осы сенің қаңғырудан қолың босамайды, Сергей. Қай уақытта жазасың?» деп сұрағанда: 
– Әрқашанда, – депті ақын. 
Сол тұста жыбыр ауыздар: «Есенин ұзақ уақытқа созылған дағдарыста жүр», – деп күңкілдесіпті көшенің қалтарыстарында. Ал сері ақын болса жаны сүйген жолдастарына «Күні бой төрт жол жақсы өлең жазбасам, сол түні кірпік іле алмаймын» деп сырын ақтарыпты. Осынау мысалды еске ала отырып, Әбіш бейнесін көз алдымызға алып келдік. Өз жұртын шексіз сүйген, саналы ғұмырын жазуға арнаған асқар тұлға да Есенинше ғұмыр кеше білді. Прозадан аздап серпілейін деген шақта поэзия деген дегдар жанрға ойысты. Көркем әдебиеттен еңсесін көтеріп, бір бой жазайын дегенде журналистік жазбаларды еңсерді. Сөйтіп жазушы Төлен Әбдік айтқандай мемлекеттік тапсырмаларды жедел әрі тиянақты орындап отырып-ақ үнсіз шығармаларын бедерледі. Өйткені біз сөз еткен дара тұлғаның өмірі мен өзегінде сөз деген ұлы дәнек бүрлеген еді.
Желінсау бұлт түк  тамызбай көшеді,
Ерте солды қыр гүлінің шешегі.
Ала жаздай дымқыл тиіп көрмеген,
Ала қырдың салтақ-салтақ етегі.

Ұнша үгіліп айдын  тақыр қақсыған,
Ат өтсе де, жол бойында ақ тұман.
Сағым, шіркін, сілекейді ағызды,
Толқын болып көк аспанға шапшыған, – деп келетін Әбіш жырларындағы тосын теңеу, оқшау әрі одағай байламдар да сол 30 бен 20 жас аралығында жазылыпты. Жалпы, орда бұзар жасқа жеткенше өлеңнің көрігін үріп, алтынның балқындысын қалыпқа құя білген, сом поэзия жасаған дара дарын кейіннен прозаға ойысты. Өйткені «аз жазсам да саз жаздым» деген Ғабит Мүсіреповтің толғамындай поэзиядағы ақындық миссиясының денін сол 1959-1969 жылдар арасында өндіре орындағандай. 
Теңізден шетпін бұрқақты,
Тәнімді толқын көмбеді.
Сусай қалсам, су тарттым,
Шыңыраудан шөлдегі.
Тақырға асық иірдім,
Құмақта қудым қозыны.
Күн жеп қойған киімнің,
Иықта кеткен тозығы, – деп бақташы балалықтан, туған жердің тылсымын түйсініп өскен сонау балғын шақтан бүгінгі ел ардақтаған, маңдайына тосқан айтөбел азаматына, асқар шыңына, тұғырлы тұлғасына айналған Әбіш Кекілбаев қаламнан бақытын тапқан жан. Ол әрбір өлең-жырымен, әрбір жүрегінен мөлт етіп түскен жазбасымен өзін сомдады. Әдеби портретін маңғаз басқан қалпында өзі бейнеледі. Содан барып: 
Өзгенің мұнда ісі не?
Өзің, сірә, ұғарсың.
Пейіште де түсіме,
Сен кіретін шығарсың, – деген туған жеріне, туған еліне деген махаббатының қаншалықты құдіретті екені бізге аян болды. Ендеше, елім деп еміреніп, кейде еңіреп өткен асыл нәсілдің жырлары да әр жүректе шымырлап жататыны дәлелдеуді қажет етпейтін дүние-дүр!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ, 
Жетісу облысы