Газет - ұрпақтың бағдаршамы, ұлттың темірқазығы

Уақыты: 28.06.2023
Оқылды: 1037
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бір замандары өрістегі қойшының, егістегі диқанның қолында жүріп оқылатын газет-жорналдың қазіргі тағдыры талапайға түспесе де талай оқырманын жоғалтып алғаны рас. Оған ең бірінші себеп –  әлемді алақандағыдай көрсететін әлеуметтік желідегі әлем-жәлем ақпараттар ағынының тасқыны.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сынды Алаштың алдаспан перзенттері бастау-бұлағында тұрған қазақ баспасөзінің керуені үшінші мыңжылдықтың алғашқы ширегін де аяқтап қалды. Кешегі кеңестік кезеңде идеологияның алып құралына айналып, қала, аудан, ауылдарды айтпағанның өзінде соноу шалғайдағы құмның арасы мен таудың саласындағы малшы ағайын 4 түлігін қоралағаннан кейін қою шайын сораптап отырып, май шамның жарығымен алғашқы бетіндегі шағын ақпараттан бастап, айтары бар мақалаларға дейін оқып шығатын. Дәл осы айтып отырғаным қойшының баласы болған соң өз басымнан өткерген көріністер. 

Жылдар сынаптай жылжып, айлар бұлақтай сырғып, апталар бұлттай аунап өтіп жатқан уақыт керуені бүгін басқа бағытқа бұрылды. Бір кездері газетті іздеп жүріп, басынан аяғына жеткенше бүге-шігесіне дейін зерделеп шығатын оқырманның орны ауысты. Басылымдарды басына жастап оқитын аға буын азайды. Адамға ауа қалай керек болса, қазаққа газет сондай қажет екенін айтып, кірпік ілмей таңды атырған, сәл ғана көз шырымын алып, ұзақ күн ұрпағының көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін жанын аямаған Алаш арыстарының бастамасымен ұлт руханиятының темірқазығы саналған газетке деген ынта-ықылас та бәсеңдеді. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Байтұрсынұлының бәтуәлі сөзі журналистің, оның ішінде баспасөз саласының мамандарына ғана арналғандай күйге түсті. Оған бұқараның санасындағы «газет оқылмайды» деген жаңсақ пікір мен қарыштап дамыған технологияның заманында басылымдардың басына қара бұлт үйірілгендей көріп, «газеттің болашағы жоқ» деген орынсыз күдік себеп болуда. 

Рас, бүгін болған жаңалықты кешке дейін көрерменге ұсынып үлгеретін телеарнаның жылдамдығы бөлек әңгіме. Қазіргі таңда одан да жылдам технология өркендеген уақыт. Қандай оқиға болмасын сол сәтте-ақ бұқараның алдына жайып салатын алақанымыздағы ұялы байланыс құралы алдыға шықты. Бірақ бұл газеттің болашағына балта шауып, түп-тамырымен қопарып, қоғамнан аластатып жібереді деген сөз емес. Күн сайын оқырманға жол тартып жатқан еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan»-нан бастап, аптасына 3 рет шығатын төл газетіміз «Jetіsý», сонымен бірге республикаға тарайтын көптеген апталық басылымдар ұлт руханияты үшін аянбай еңбек етіп жатқаны ақиқат. 

Кейбір ортада әрбір санын қалт жібермей парақтап шыққан жандай сын айтатын адамның шындығында газет бетін ашып көрмегені байқалып қалады. Осындайда Мұқағали ақынның «Сынауға тіптен құмар кім көрінген, әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен» деген өлеңі еріксіз еске оралады. Кез келген адам ең әуелі газет – тек қана ақпарат тарататын құрал емес екенін білгені жөн. Әр басылымның өзіне тән ұстанымы, бағыт-бағдары бар. Және әр газетте ұлтқа керек, ұрпақтың кәдесіне жарар, оқырманға ой салар мақалалар, тарихтың тамырына терең бойлап, мәдениетіміздің мәйегін ұсынып, әдебиет әлеміне жетектеп әкететін әсерлі дүниелер баршылық. Талғам таязданып, құндылықтар құлдырап бара жатқан мына заманның бет-бейнесін ашық көрсетіп, ұрпағымызды аздырып, рухымызды тоздырып жатқан кеселден сақтандыра отырып, санаңызға сілкініс әкелер зерттеулерді оқысаңыз газет туралы жаңсақ пікіріңіз үшін өзіңіз ұялар едіңіз. Азғындық иектеген заманда ұлыңыздың ұяты мен қызыңыздың қылығын сақтау үшін жан- айқайын өзінің зерттеу мақаласы арқылы ұсынған әр тілшінің тіршілігі сіз ойлағандай емес екеніне көзіңіз жететін еді. Талбесіктен алған ұлттық тәрбиенің тәлімін бойына сіңіріп, заман талабы мен уақыт көшінен қалмай ғылымның сырын ашып, білімнің биігіне көтерілген, өнерімен өркендеп, аспан түстес көкпеңбек көк Байрағымызды көкке өрлеткен жастар жайлы оқығанда: «Менің ұл-қызым не істеп жүр? Күйбең тірліктің илеуіне түсіп, олардың тәрбиесі мен біліміне назар аудара алмай жүрген жоқпын ба?» деп сәл де болса ойланар едіңіз. 

Айта берсек әңгіме көп. Ақиқатына жүгінсек, газет – сіз ойлағандай қоғамға қажетсіз күй кешіп келе жатқан жоқ. Шынымен қолына алып оқып, оқығанын санасына тоқып, әр газеттен өзіне керегін алуға ниет қылған адамның іздегенін табарына күмәнім жоқ. Алдымызда қанша дәуір бары бір Аллаға аян. Ал қиямет орнап, жарық күн батыстан шыққанға дейін газет ұрпақтың бағдаршамы, ұлттың ТЕРМІРҚАЗЫҒЫ болып қаларына сенінім мол!

Жұматай ӘМІРЕ