Ұлттық игіліктің нақ өзі «Jetіsý» газеті

Уақыты: 28.06.2023
Оқылды: 1420
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тарихтың сан түрлі сынынан сүрінбей өткен, біздің заманымызға дейін жеткен адамзаттың ең асыл рухани қазынасының бірі – ол, әрине, газет-жорналдар. Солардың ішінде бірегейі, ғасырдан аса тарихы бар, Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған «Jetіsý» газеті.

Талғампаз оқырман ерекше ықыласпен, бар ынта-зейінімен оқитын, қаншама оқыса да жалықпайтын, ой дүниесін түлетіп, жаңғыртып отыратын газет 105 жылдық еңбек жолында халықтық мәні бар елеулі де еңселі мәселелерді көтере білді. Ұлттық мұраттарға жетудегі ұлы көштің ауған жүгін сан мәрте түзеді. Түзеп те келеді. Қанша азамат осы газетте қызмет ете жүріп, талғамы таразыланды, таланты ұшталды, біліктілігі артты, журналистік, қайраткерлік қалыптасу, кемелдену жолынан өтті. Идеологиялық ағыстар ұлттық сананың бар құнарын шайып, сортаңға айналдырып жіберген кезеңде қалам ұстаған Кемел Құсайынов, Тұрсын Әбдуалиев, Қанат Асқаров сынды ағаларымыздың еңбегі айтсаң аңыздай, естісең ертегідей. Батпандаған батыл ойға, аталы ақылға, дуалы сөзге толы айтары мол, адамдық асыл қасиет пен шынайы адамгершіліктің өзіндей болған Жақыпжан Нұрғожаев, Әміре Әрін, Әли Ысқабай, Светлана Буратаева, Болат Абаған, Қуат Қайранбаев, Жанкүміс Жәмеңке, марқұм Шолпан Жұмаділова сынды басқа да әріптестеріміздің орны қашанда биік. Әйтеке би: «Бағзыдан қалған жол бар ғой, жетелі ұл адаспас» дейді. Сол бағзыдан қалған жолды жалғастырып жүрген жастар да оқушыны орасан ойларға тояттатып, рухани айызын қандырып жүр. 

Бұрын журналистерді төртінші билік деп айтатын. Қазір ақпарат құралдарында ондай билік болмаса да өз басым көзге көрінбейтін орасан күші бар деп есептеймін. 

Жүйрік жылқыны суреттегенде «желмен жарысқан» деп сипаттайды. Бүгінде ақпарат тарату жел сияқты тез тарайды. Секундына жүздеген, мыңдаған шақырымға кетеді. Жол-жөнекей өз әсерін тигізіп, біраз өзгерістерге ықпал етеді. Жолын кескендерді төңкеріп те кететін күші бар. Олай болса, күш бар жерде салмақ болу керек қой. Желде салмақ бар ма? Таразыға салып өлшеп көруге бола ма? Әрине, бір қарағанда желде салмақ жоқ. Бірақ ешкім желде күш жоқ деп айта алмайды. Тамырын тереңге тартқан алып бәйтерек те дауылды күндері дірілдеп тұрады. Міне, ақпарат саласы да осы жел сияқты. Желдің де түр-түрі болатынындай, журналист ағайындардың да бәрі бірдей емес. Көкейіндегі қыжылды қағазға түсірмесе қаламын сияға матырмайтындар бар, ешкінің дауын атан түйе беріп сатып алатындар да кездеседі. Дауыл болып шатырды жұлып, үйді төңкеріп кеткісі келетіндер де жоқ емес. Ал біздің «Jetіsý» газеті қандай жел? Жетісу десе, жер жаннаты деген сөз бірге айтылады. Айтылмаса да солай екенін біліп тұрамыз. Олай болса, біздің басылым аптап ыстықта аптығыңды басатын самал жел, сылдырлаған бұлаққа қосылып жапырақты тербетіп, сылдырлатып ән салдыратын әнші жел, экономика деген алып теңіздегі кемелердің желкенін үрлеп жетелейтін көмекші жел, ызыңдаған масаны сәбилерге жолатпай қуалайтын қайырымды жел, жақсылықты жариялап, көпшіліктен сүйінші сұрайтын ақжолтай жел. Ендеше, «Jetіsý»-ды барлық күш-қуатын тек жақсылық жолына жұмсайтын ерекше газет деп сеніммен айта аламын.

Бүгінгі күні бұл басылымнан бала да, дана да өз керегін табады. Өйткені барлық сала қамтылған. Сан алуан бағытта ақпарат таратып, танымдық- тағылымдық жазбалар көпшіліктің қолдауына ие. «Jetіsý» газетінің басты ерекшелігі, ғасыр бойы қалыптасқан болмысы жер жаннаты Жетісудың табиғатынан нәр алуында. Жын-ойнақ, атыс-шабыс, елді еліктіріп, жастарды желіктіріп кететін дүниелер жоқ. Бәрі сабырлы, салмақты мақалалар. Өйткені, байсалдылықты алып таулардан, аптасына 3 санын шығару үшін талмай жұмыс істеуге күш-жігерді тасқынды тау өзенінен алып отыр. Талғампаздықты алуан түрлі гүлдерден алғандықтан барлық жазылған дүние ойлы оқырманның көңілінен шығуда. Мен білетін жақсылықтың жаршысы, рухани байлықтың қайнар көзі, ұлттық игіліктің нақ өзі «Jetіsý» газеті, міне, осындай. Журналист қашанда өз көкейіндегіні халықтық ой, сезіммен қабыстыра жазғанда һәм бұқараның атынан сөйлегенде ғана есімі тарихта қалады. Газеттің бүгінгі ұжымы келер ғасырдың талқылауына таусылмас мұра қалдырып кететініне сенімім мол. 

Жұмахмет Жайлаубаев,
Қазақстанның Құрметті журналисі