«Алтынемел» мемориалды музейінде күрделі жөндеу жүріп жатыр

Уақыты: 13.07.2023
Оқылды: 1134
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шандоздап шапқан қарағайдың асыл нәсіліндей қара орман қазақтың ішінде маңдайы жарқырап туған ерені Шоқан Шыңғысұлы Күреңбелдің керімсал самалына маңдайын өптіріп біраз тұрған. Соңғы кезде ішкен бал қымыз бен дерт сақайтар саумалдан тәуірленіп қалды ма, әйтеуір бойын жазып барақатты тірліктің базарына сәп салатын күйге жеткен. Қаршадайынан білім қуып, әке тәлімінен бөлек әскери тәртіппен өскен ол отыз жылдық ғұмырында он түмендік жортуылды жолды артқа тастапты. Салқам да сырбаз, сұлу саяхатшының жан әлемінен шым-шымдап шыққан шымыр еңбек те ел игілігіне жараса жарасымды. Бар ойлайтыны киелі жердің көркемі – Көкшесіне тағы бір табан сүйдіру.

Барша мұрадым-мұратына жеткен саяхатшының да тірліктен сұраған жалғыз һәм ең соңғы аңсар-арманы қабыл болмаған. Жарық ғаламмен жанар суарған туған жеріне соңғы рет табаны тимеді. Тағдыры жазбады. Жер шоқтығының манатына аяқ мала алмағанымен оған жаратушысы жер жаннаты Жетісуды мәңгілік мекен етті. Осынау құтты орда, құсыни қоныста алыстан менмұндалап ескерткіші, зираты мен музейі тұғыр тепті.

Иә, Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейі бүгінде туризмнің бір тұғырына айналып үлгерген. Арғысы мұхит асып АҚШ-тан, берісі Түркия елінен туристер арнайы келіп «Аққан жұлдыз» өмірімен танысып, жәдігерімен көз суарып, шырайлы шығыс шұғыласының барша дерегіне қанық болуда. Ал еліміздегі жоғары оқу орындарының білімгерлері мен ұстаздары, мектеп оқушылары шалғайдан келіп ғалым рухына тағзым жасап, мұраларымен танысуды дәстүрге айналдырған. 

Өткен жылы Жетісу облысына келген сапарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі жаңадан құрылған жас облыстағы бірқатар мәселені айшықтап, өңір басшысына әралуан тапсырма жүктеген. Соның бірі – ұлы саяхатшы жамбасы тиген топырақты түлетіп, бүгінде барша жәдігерінің құтты мекеніне айналған музейді жандандырып, жаңарту болатын. Осынау тапсырмаға сәйкес Ұлы Жібек жолының бойында туризмді дамыту мақсатында Шоқан ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейі кешеніне (музей ғимараты, Шоқан ескерткіші және зираты) күрделі жөндеу, реконструкциялау және абаттандыру жұмыстарын жүргізу бойынша жоспар пысықталып, бүгінде аталмыш игі іс қолға алынған. Осыған орай ата басылым журналисі ретінде қасиетті топыраққа табан тигізіп, жасалып жатқан жұмыспен танысып қайттық.

Шүйгінді Шоқан ауылының қақ төрінде тұғыр алған Шоқан баба музейі алдыңғы беттен қарағанда күрсінің үстінде ашылған кітап пішінде екен. Мыңжылдықтан ділмарлық пен дегдарлықты бойынан суытпаған текті қазақ баласы ретінде осынау көрініске ерекше әсерлендік. Құндылық құлдырап, кітап оқу күн санап мәселеге айналған шақтағы алаң көңіл бар, алғаш рет келгеніміз бар, Шоқанның тағылымынан таным қалыптастырғанымыз бар, осындай қабаттаса келген толқыныстан бек қуандық. Жоғары жақтан қарағанда бес жұлдыз бейнелі, қырынан зейін салса Шоқанның төрт құлақты зираты іспетті салынған музей аумағы 3 гектар жерді алып жатыр. Міне, көнеден күмбір-күмбір сарын жеткізген музей жұмысы қарқын алған екен.

– Кешен нысандарын қайта қалпына келтіру және экспозициясын заман талабына сай қайта безендіру жұмыстарына республикалық бюджеттен 317 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Жұмыс маусым айының 12-ші жұлдызында басталды. Қазір қарқын алған. 22 қызметкер уақытымен, кезең-кезеңімен маңдай терін шүмектетуде.Жауапкершілігімізге алған істі қыркүйек айында толық бітіріп, ел игілігіне ұсынамыз деп жосарлап отырмыз, – дейді «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының аталған нысан бойынша жетекшісі Саят Исаев.

Маманның айтуына қарағанда қазіргі таңда музей ғимаратының ішкі және сыртқы жағына демонтаж жұмыстары жүргізіліп біткен. Музей ауласындағы ескерткішке баратын жолға демонтаж жасалып, тастұғыр айналасындағы гранит тастар мен қабырғасындағы кафельдері, тротуар төсеніштері алынып, қайта жасалып жатыр. Музей ғимаратының шатырына жылу төсеніштері (утепление)  төселуде. Зират басындағы ескі қоршауларды жоба бойынша алып, түзетіп 15 см. көтерген екен. Міне, осындай жұмыспен танысып, көзімізбен көрдік. Сонымен қатар, сырбаз саяхатшының нұрлы ғұмырынан естелік айтқан музейдің әр жәдігерінің де тарихын аңдадық.

Өткен ғасырдың екінші жартысынан асқан шамада халқымыздың дара перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бір келелі жиында Шоқан тағылымын тілге тиек етіпті. Сол жиында ардақтысын алқалаған ұлт көсемінің сөзінен арқаланған көкшетаулық азамат Шоқан жатқан жерді тарихи орынға айналдыру керек екенін, асылдың сүйегі Көкшетауда екенін айтыпты. Сонда Алаш ардақтысының ақтық демі қай жерде түгесілгенін білетін, басына қойылған белгітасты көзімен көрген Еңбек Ері, майдангер Игібай Базарбаев сөз алып, жөн сілтейді. Дәлелін де келісті келтіреді. Сұрапыл соғыста бір аяғын майдан даласына тастап келген Игібай Базарбайұлының сеніміне дерек болған белгітасты көзімізбен көрдік. Көңіл толқыды. Шоқан өмірден өткен соң 1881 жылы Константин фон Кауфманның бұйрығымен Колпаковский осы белгітасты түйеге артып, Екатеринбург қаласынан ғалым еңбегі үшін басына орнатқан екен. Бұл құлпытастың құлап, топыраққа сіңе жаздап жатқан жерінен кейінірек тапқан орыс диірменшісі Зизин үйіне алып келіп, қолдиірмен жасағысы келіпті. Ортасынан қашап бастағанда сынық сүйемі көзіне түсіп, кейіннен сол дертінен көз жұмыпты. Осындай қасиет пен кие тұнған құлпытас арқылы сүйегі табылып, табылған бас Ресей төріндегі зерттеу нәтижесінде қуатталған. Міне, осындай тарих арқылы еңсе тіктеген музей бүгінде облыс туризмінің бір тетігіне айналғаны да рас. 

Аталмыш тарихи орын сыртындағы жұмыс шынымен де қарқынды. Жол төсеніштерінің жартысына жуығы төселген. Ішке еніп ек, алты қанат қазақ үй пішіндегі үлкен зал көзге оттай басылды. Аққан жұлдыздың тастұғыры да көзге жылы ұшырады. Ел мақтанышы болған Шоқан бабаның туғанына 150 жыл толуына орай қашалған, музей қорына алынған ескерткіш екен. Оның арғы түкпірінде, музей төрінде тұрған түскілем көзге оттай басылады. «Яркенд», «Кашгар», «Кулжа» деген қалалардың аты мен ұлы саяхатшы жүрген жолдың картасы сызылған түскілем де 150 жылдық мерейтой тартуы екен. Бүгінде 12 қызметкері, қор сақтаушы, музей меңгерушісі, экскурсия жүргізуші сынды 3 негізгі қызметкері бар музейдегі экспонаттар құпиясын Марал Рахметова әңгімелеп берді. Ол:

– Сіздің таңданысыңызға түрткі болған бұл түскілем (гобелен) 250 келі таза қой жүнінен жасалған. Алматы кілем фабрикасында тоқылған осынау құнды мұраға 60 шақты қойдың таза жүні кетіпті, – дей келе музей меңгерушісі тарихи орын қорында жалпы саны 1059 жәдігер бар екенін тілге тиек етті. Аталмыш экспонаттар арасындағы ең құндысы Шоқан басындағы белгітас пен парша белбеуі, отбасындағылар тұтынған ыдыс-аяқтар, өзінің қалта тапаншасы сынды дүниелер екен.

Иә, туризм даму үшін тұмса жерлерді қорғап, көркем табиғатты игеру жеткіліксіз. Өз тарихыңды өзгеге таныту да керек. Ал күллі Орта Азияға танылған тұлғаның өмірі талайды тамсантқаны анық. «Әншіқұм» секілді ғажайып табиғи мұрамызды көруге мұхит асып келген шетелдіктер арнайы Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейіне табан тигізіп, қайыра келуге құштар болып аттанатыны белгілі. Ендеше, шетелдіктер аңсаған, қазақия төсіндегі елдің зиярат етер орны, тәлім алар шаңырағы алдағы қыркүйек айында жарқыраған келбетке ие болмақ. Біз сол қуанышты қайталай елге сүйіншілерміз деген сүйінішпен Шоқан ауылынан аттанып кеттік.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Кербұлақ ауданы

Суреттерді түсірген  Дмитрий ЕРОФЕЕВ