СЫЙҒА – СЫЙ, СЫРАҒА – БАЛ

Уақыты: 27.08.2023
Оқылды: 992
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ салған егіндей аламыштау сақалым бар. Алдырмайын десем, әйелім тура тізе қылады:

– Жә, бар, алдырып кел, кім көрінгеннің еркегінше ауызыңды жүн-жүн қылып отырамысың? – деп еріксіз айдап жібереді.

Амалым жоқ. Киреңдеп сақал күземімді алдыруға мастерге келем.

Менің парикмахерге келген сайын ренжіп келетін үш себебім бар: бірінші – әркімнің де мендей жекеменшікті сақалы бар да, әркім өз сақалының очередінде отырады. Алматыда мастер аз. Үйі тар. Сақал көп... Көп уақыт кетеді...

Екінші – басыңның айналасына бақандай үш теңге алады. Тек иегіңнің өзін ғана майлатпай, ағартпай аттандырғанына сойылдай бір сомыңды алып қояды. Ақша сақалша өзінен-өзі өніп отыратын нәрсе емес қой. Айлығыма түсетін ауыртпалық.

Бұларын да қойшы; көппен көрген ұлы той болар еді ғой. Әсіресе, парикмахердің бола бергенде иығыңа мініп алып жаудыратын сауалдарынан ығыр болам. Иесі пішен шауып, кемпірдің май өкшесіндей қылуға тақалғаннан-ақ енді белгілі сұрақ басталады-ау деп қипылықтап отырам:

­­– Бетіңізді майлайын ба?

– Жоқ...

– Бетіңізді жаңалайын ба?

 – Жоқ...

– Одеколонмен жақсы ғой... Одеколон сән емес, сәлеметтікті сақтауға жатады...

– Жоқ...

– Бетіңізді майлауға бұйырасыз ба?

– Жоқ! – деймін әсіресе осы сөзі қытығыма тиеді. Шамасы, мынау менің бетімді соқа салғандай айғызданып тұр деп ойлайды-ау деп алдымдағы айнадан бетімді айналдырып қарап, бір шолып қоям. Жоқ, бетім онша емес сияқты. 

– Бәлкім, компресс?

– Керек емес...

– Бетіңізді ұндайын ба?

 – Жоқ.

– Шашыңызды дамдайын ба?

– Жоқ (өзім жылтырбас, қасқамын).

– Қына суымен бе?

– Жоқ. Жай сумен-ақ...

Сұрау бітеді. Сүйретіліп түрегелем. Маған ұсынған бір сомның чегін айыпты кісідей азар аламын да, үйден ұрған итке ұқсап тысқа шығам-ау.

Бәрінен де көңіліме келетіні (тегі Алматыдағы парикмахердің басы аз, оның үстіне дәйім біреуіне-ақ келіп қырынып жүрем) мастер әрдайым әлгі сұраулардың астына алады да жатады. Ығыр қылады. Екі жылдан бері ол мені айналдырады, мен де болмаймын. Ол сондай сұрауға ауызы дағдылданып кеткен. Оның кәсіп боп кеткен сұрауынан құтыла алмай-ақ қойдым.

Бір күні, әй, құтылдым-ау! Кезі келіп қалды.

Красный Крестің кабинетінде отырғанымда сол парикмахер соқырішегін кестіруге келді.  Мен доктормын ғой. Соқырішегін кесіп алдым. Дәрі иіскеткенім жоқ, әдейі ұйықтамасын деп. Үстел үстіне сұлық жатқызып қойып, мен де сұрауға кірістім:

­– Қалай, ауырсынбайсыз ба?

– Ойбай-ай! – деді.

– Бұйырыңыз, бүйрегіңізді алып тастайын?

– Ойбай, жоқ...

– Оң жағындағысын ба, сол жағындағысын ба?

 – Ойбай! – деді.

– Бүйректің сыңары жақсы. Сыңар бүйрек сән емес, сәлеметтікке жатады... Сестра, сайманды әкелші!

– Ойбай, қойыңыз!..

– Ал, ендеше, рұқсат қылыңыз, бір аяғыңызды жіліктеп тастайын. Аяқсыз адамды әр жерде ардақтайды. Нәрсені кооперативтен бір, кассадан білетті екі, очередсіз алып жүре бересіз.

– Ой, ой, доктор! Еш аяғыма  тимеңіз, аяңыз...

– Ал, жарайды. Басыңыздың құйқасын тіліп, бас сүйегіңіздің жігінен азырақ дем шығарып қоюға қарсы болмассыз деймін? Ол саңылау басыңыздың форточкасы есебінде болады да, басыңыз замечательно жаңаланып тұрады... деп, пышағымды алып басына таман тап беріп едім: ­

– Уа!!! – деп баж ете түсті.

Сонан бері сонау сұрауларды қайтып маған айтпайтын болды.

Ілияс ЖАНСҮГІРОВ,
1922 жыл. (5 том)