Шәкәрім махаббаты

Уақыты: 07.01.2024
Оқылды: 927
Бөлім: РУХАНИЯТ

Махаббаттың шын мәнін рухани жетілген адамдар ғана нақты көрсете алады. Себебі, олар – рухани жетілу барысында рух қуатын бойына жинақтап, болмысына толық сіңіре білгендер. Шәкәрім әулие деңгейінде болған, сондықтан ол да бұл жоғары сезімнің негізін ашып, түпкі мәнін толық көрсетіп кеткен. Әрине, оның махаббат туралы түсінігі қарапайым адам білетін сүйіспеншілік сезімі емес. Оның түсінігі мүлде басқа деңгейде. Таза рухани деңгейде. Мұны оның көптеген өлеңдерінен көре аламыз.

Біз айтып отырған жоғары деңгейді, яғни нағыз махаббаттың не екенін түсіну үшін Шәкәрімнің «Сорлы бұлбұл Жарға асық боп» өлеңін саралап көрелік. 

Сорлы бұлбұл Жарға асық боп,
Нұрлы гүлге айтты зар.
Көбелек те шамды алам деп,
Отқа түсті боп құмар.

Жарға ғашық болғаныма 
Таңданатын түк те жоқ.
Жер жаралмай тұрғанында
Менде Асықтың нұры бар.

Жан денеме кіргенінде 
Бірге кірген осы дерт.
Жан беретін дәрігерің де,
Ем таба алмай қор болар.

Менде бар да, тіпті сізде, 
Жоқ емес бұл қасиет.
Оны өшіріп бәріңіз де,
Дедіңіздер жауды Жар.

Бұл өлеңнің мәнін толық түсіну үшін әуелі «махаббат» сөзінің не екеніне тоқтала кетейік. Бізге «махаббат» сөзі арабтың «хәбба» – сүю деген сөзінен енген. Араб сөздері дін арқылы тарағандықтан  олардың барлығы да Алламен байланысты, яғни махаббаттың мағынасын тек қана рухани тұрғыдан қабылдау керек. Ендеше бұл сөз таза рухани қуатты білдіреді. Махаббат – рухани тұрғыдағы түсінік. Ол Алла тағаланың сүйіспеншілігі, яғни, ғазиз жан мен шыбын жанның арасындағы, не болмаса шыбын жандардың арасындағы өзара қатынасты білдіреді. Қарапайым өмірде шыбын жандардың арасындағы қатынасты білдіретін «сүю» деген сөз бар. Махаббат пен сүюдің мағыналары екі басқа және айырмашылықтары үлкен. Біріншісі – ғазиз жанның қуаты, ал екіншісі – фәни әлем ықпалындағы шыбын жанның қуаты. Махаббат жандарды байланыстыратын болса, ал сүйіспеншілік тәндерді байланыстырады. Махаббат барлық адамгершілік қасиеттердің негізі, қайнар көзі. Махаббат болмаса адамгершілік қасиеттер де жоқ. Ол жанның рухани қасиеті. Абай да «Талап, ұғым махаббаттан шығады» (38 қара сөз) деп рухани қуаттың осы маңызын көрсетеді. Сопы ілімі бойынша махаббат – Алланың негізгі қуаты, Оның бір көрінісі. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде Абай Алла тағала адамзатты махаббатпен жаратқанын жазады. 

Күнделікті өмірде мұндай жоғары сезім неге сирек кездеседі? Себебі, жан фәни әлемде өзін заттық болмыспен балайды. Сондықтан фәни әлемде жан заттық болмыспен жабылып, өзінің алғашқы рухани таза қасиетінен айырылып, заттық қасиет алады. Осылай оның махаббаты сүйіспеншілікке айналып, заттық деңгейге түседі. Тек жасөспірімдердің «алғашқы махаббаты» ғана таза махаббат. Себебі, көңіл әлі фәни әлеммен былғанбаған. Бұл сезім таза, жан мен жанды байланыстыратын өте жоғары сезім. Әркімнің өзінің бұл алғашқы ыстық махаббатын өмір бойы есінде сақтауы осыдан болса керек. 

Енді Шәкәрімнің өлеңіне келейік. «Сорлы бұлбұл Жарға асық боп, Нұрлы гүлге айтты зар» деп ақын махаббаттың шыңы, яғни Алла мен шыбын жанның арасындағы қатынасты білдіріп отыр. Сопылар дәстүрімен ақын өзінің ғашықтығын осылай жырлайды. Бұлбұл мен көбелек – Шәкәрімнің өзі, ал гүл мен шам – Алла тағала. Өлеңнің екінші шумағында «Жан денеме кіргенінде, Бірге кірген осы дерт» деп бұл ғашықтыққа таңданатын ештеңе жоқ екенін түсіндіреді. Оның себебі – «Жер жаралмай тұрғанында, Менде Асықтың нұры бар». Жер қашан жаралған? Бұл туралы адамзат баласында түрлі болжамдардан басқа анық дерек жоқ. Себебі, жердің жаралуы бүкіл әлемнің жаралуына байланысты, адамның ойы жетпейтін өте ертеде. Ал жан болса жерден де ертеде болған екен. Себебі ол мәңгілікті Алла тағаланың нұры. Онда оны біздің өлшеміміз жетпейтін мәңгілікті деуге болады. «Менде Асықтың нұры бар» деп Шәкәрім осылай жанның мәңгілік және Аллаға деген ғашықтық сезім де оның мәңгілік қасиеті екенін білдіреді. 

Жан – Алла тағаланың нұры. Ендеше, жан Алла тағаланың бір бөлігі. Жандар Алла тағаладан тарағанда оның нұры болып тарайды. Бұл күннің сәулесі тәрізді. Күн сәулесі корпускул деп аталатын өте кішкене бөліктерден құралады. Сол сияқты Алланың нұры да оның өзімен салыстырғанда өте кішкене жандардан құралады екен. Бұл рухани білімді ешқандай заттық құралмен біліп болмайды. Ендеше ол Шәкәрімнің жүрегінен шыққан. Осылай Шәкәрім жанның мәңгілік қасиетін анықтайды. Жан Ғашықтан (Асықтан) шыққандықтан  оның да ғашықтық, яғни махаббат сезімі бар. Сондықтан жан үнемі өзінің ғашығына ұмтылады. «Жан денеме кіргенінде бірге кірген осы дерт» деп бұл махаббат дерттің әрбір жан иесі үшін табиғи нәрсе екенін көрсетеді. Ғазиз жанға деген махаббат – шыбын жанның табиғи қасиеті. Бірақ ол ғашықтық ұмытылған. Сондықтан оған таңданатын ештеңе де жоқ. Сонымен бірге, бұл дертке ешқандай ем де жоқ. Яғни бұл дертті дәрігердің көмегімен емдеп жазу мүмкін емес. Бұл дерт Алла тағала салған жанның табиғи қасиеті болғандықтан  ол дертке Алла тағаланың өзінен басқа ешкім-де көмектесе алмайды. Ол дерт мәңгілікті жан қасиеті, одан адам өз бетімен құтылуы мүмкін емес. Ендеше ғашықтық, яғни махаббат бүкіл жан иелеріне, тіпті, бүкіл болмысқа тән қасиет. Ғашықтық барлық жан иелерінің қасиеті болғандықтан  олардың барлығы да ғашықтыққа бейім. «Менде бар да, тіпті сізде, Жоқ емес бұл қасиет» деп ақын бұл қасиеттің барлық жан иелеріне ортақ екенін ескертеді. Бірақ бұл ғашықтық әрбір жан иесінде оның сана-сезімінің деңгейіне байланысты әртүрлі болады. Өздерінің сүйіспеншілік ойындарында хайуанаттарды да осы сезім басқарады. Бірақ адамдарда басқаша, жоғары деңгейде. Сана-сезімдері тәндік деңгейден аспай, жалған меннің ықпалында жүрген көпшілік қауым өздерінің махаббат сезімдерін өздерінің жақын адамдарына, жұбайларына бағыттайды. Олардың жандары осылай қанағат алуға ұмтылады. Бірақ бұндай жағдайда жан мен екінші жанның арасында тән бөгет болып, екі жанның арасында құрылған перде тәрізді олардың бір-біріне деген таза махаббаттарына бөгет болады. Осылай махаббат сезімі сүйіспеншілікке айналады. Яғни, сүйіспеншілік пен махабаттың айырмасы үлкен. Сүйіспеншілік тәндер арасындағы қатынас болса, ал махаббат жандар арасындағы қатынас. Тән арқылы алған сүйіспеншілік қанағаттандырмағандықтан, жан енді өзінің ғашықтығын қанағаттандыру үшін басқа объект іздеуге мәжбүр болады. Өзін тәнмен балап, жан нағыз махаббатты көксеп ізденіске түседі. Осылай адамды бір жаннан екінші жанға ауыстырып әуреге салады, аяғы зардапқа айналады. Махаббат рухани қуат болғандықтан  ол біріктіруші күш болып табылады. Ал сүйіспеншілікке келетін болсақ, ол тән арқылы білінетін болғандықтан материалдық қуатқа айналып, сүйіспеншілік әлсіреп, алғашқы байланыстың үзілуіне әкеледі. Қазіргі замандағы адамзат қауымындағы отбасының жаппай бұзылып, «еркін махаббаттың» өріс алуын осымен түсіндіруге болады. Оның себебі «Оны (ғашықтық қасиетті) өшіріп бәріңіз де, дедіңіздер жауды (тәнді) Жар». Шәкәрім осылай адамзат қоғамындағы түрлі жанжал, халықтар арасындағы соғыстардың себебін көрсеткендей болады.

Сонымен, адам баласының махаббат іздеп сергелдеңге түсу себебі – жанның махаббат сезімі екені. Себебі, өзінің мәңгілікті жан екенін ұмытқан адам бақытты фәни өмірден іздеп, таба алмайды. Ал Жарға (Аллаға) ғашықтық тудыратын махаббат – мүлде басқаша. Бұл ғашықтық – мәңгілікті және жоғары ләззатқа толы. Және Жарға махаббатқа жеткен адам барлық жан иелерін, әрине, оның ішінде өзінің жақын адамдарын да  сүйетіні белгілі. Ақындар жырлайтын нағыз махаббат та осы деңгейді білдіреді. Сондықтан көкірек көзін ашып, Жарға ғашықтыққа ұмтылу керек. 

Бірақ бұл деңгейге әркім жете алмайды. Оның себебін Шәкәрім әрі қарай былай деп түсіндіреді:

Алдағанға кеттің азып, 
Әпсүн оқып үйреніп.
Берді сайтан дұға жазып,
Соны қылдың бойтұмар...

...Дүние өмірін мен сынадым,
Ешбірінде опа жоқ.
Қош, өмірім, қош, құмарым,
Қош, жәдігөй, нәпсі қар! 
(«Сорлы бұлбұл Жарға асық боп»)

Болмысқа көңіл көзімен (жүрек көзімен ) қарамай бас көзімен (заттық көзбен) қарап, Жарын көрмей адасудың себебі нәпсінің ықпалымен бұрыс жолға түсіп кеткендіктен екен. «Фәни» өмір дегеніміз осы. «Фәни» дегеннің мағынасы «жалған» дегенді білдіріп, бұл сөз өмірдің хақиқатқа, нағыз шындыққа жатпайтынын, тек қана салыстырмалы шындық екенін білдіреді. Ендеше бұл өмірдегінің барлығы да нағыз шындық емес, салыстырмалы, бүгін шындық, ертең өтірік болатын құбылмалы, өткінші. Оның себебі – өмір шындығын нәпсінің ықпалындағы адамдар жазады. Олардың жазғандарында нағыз шындық, яғни хақиқат болуы мүмкін емес. Себебі, нәпсі барлығын өзінің санасынан өткізіп, бұрмалап отырады. Бұл жазылғандар «әпсүн» деп аталады (әпсәнә – адамдардың жазғандары). Міне, нәпсіден арыла алмай жүрген адамдардың осы жазғандарына сенген адамдарға ақын «Алдағанға кеттің азып, Әпсүн оқып үйреніп» дейді ақын. Бұл адамдардың жазғанын сайтанның жазғанымен бірдей деуге болады. Себебі, әрқашанда нәпсі өз санасының тұрғысынан түсініп, өзінің құмарлығы үшін жасайды. Нәпсінің ықпалы сайтанның әрекетімен бірдей. Себебі, нәпсі ықпалындағы адамды сайтан билейді. Оның жазғаны да, оқыған дұғасы да сайтандікі. Сондықтан сол жазғандарға еріп, соны бойтұмар қылып, адасу жолына түстің деп ақын әркімнің көзін ашқысы келеді. 

Осының барлығын жақсы түсініп, жалған өмірде опа жоқ екенін білгеннен кейін «Қош, өмірім, қош, құмарым, Қош, жәдігөй, нәпсі қар!» деп өзінің нәпсіні толық тәркі еткенін білдіреді. 

Ал таза жанның ләззатқа толы екені туралы әулиелердің айтқан өздері өте көп. Бұл жоғары ләззатты сөзбен айтып жеткізуге болмайтындықтан  олар оны мастықпен салыстырады. Бұған Шәкәрімнің «Иманым» атты бір топ өлеңдері дәлел. 

Шәкәрімнің әулиелігін оның осы жан сипаттары туралы жазған өлеңдері жақсы көрсетеді. Алла тағаланың шапағат нұры түскен кезінде жазған өлеңдерінен оның қандай ләззат сезімде болғаны анық білінеді, ал жазғандары мәңгілікті жан қасиеттерін сипаттайтын болғандықтан оның шығармалары да мәңгілікті екені даусыз. 

 Досым ОМАРОВ,
абайтанушы, теолог ғалым