ШҮРІППЕ ШЕКТЕГЕН ОҚ НЕМЕСЕ ПИРАМИДА ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТОЛҒАМ

Уақыты: 28.01.2024
Оқылды: 739
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жуырда жылдар бойы жинақтаған жырлар топтастырылған алғашқы кітабым жарыққа шықты. Әлеуметтік желіден көрген сыйлас азамат аңқылдай келіп құтты болсын айтысты, «бір кітап бер, оқиық» деп қолқалады. Байғазысын өзі біліп байламаса сұраншақтанбайсың ғой, жарайды деп жылы жымиып пейіліне мейірмен жауап қатқандай болдық.

Арадағы сәл үнсіздіктен кейін «кітабың қай бағытта жазылды?» деп сауал тастады.

– Поэзия!

– Поэзия деген не?

Бір сәт үнсіз қалдық! Орхон-Енесей жазбасынан тартып хандық дәуір әдебиеті, батырлар жыры мен қисса-дастандар, Абай, Мағжан, Қасым, Төлеген, Мұқағалилардай мұқым алыптар мен ғасырлар, дәуірлер шоғыры көз алдымнан жөңкіп өткендей. Өзі суретші! Талай жақсы туындымен ат төбеліндей жұртты қуантқан өнер иесінің «Поэзия деген не?» деген сауалы таңдандырды. Талантты азамат болған соң тілектес, ниеттес едік. Өнерін бағалайтынбыз.

Поэзия туралы, оның баллада, эпиграмма, сонет, поэма, ода, арнау секілді небір түрлерін, олардың ерекшеліктерін айтып өттік. Түсіндірмемізге қанағаттанды-ау, басын шұлғи келе тың сауалға ойысты:

– Әуезов роман жазған, иә?

– Әзіліңіз бе?

– Е, несі әзіл, «Абай жолы» роман емес пе?

– Оқыдыңыз ба жалпы?

– Үзіп-жұлып.

 Ұлы Мұқаң проза жанрының биік шыңы екенін, «Абай жолы» расымен роман екенін, проза жанрына әңгіме, новелла, повест, роман, роман көлеміне қарай дилогия, трилогия, эпопея, т.т бөлінетінін түсіндіріп біршама әурелендік. Бәрін тыңдап, бәрін ұққандай басын шыбындаған аттай изектей берді.

– Пейзаж, портрет дегендей екен ғой. Жалпы, кітап оқу бала жастан мазамды қашыратын. Іш пысады. Қолға ала бастасаң болды, қорылдай жөнелесің, атаңның!

– А, дұрыс-ау. Онда менің кітабымды сұрамасаңыз болған екен?!

– Неге, таныспыз ғой, оқиық!

Адамзаттың Абайын парақтап-тарақтамағанда, мұхиттың тамшысына тати қоймаған мені қайтесің дегім келді. Үндемедім. Әдебиетсіз адамның рухани кемелдікке жете алмайтынын, өмірді шындап тану тұрғысында өз ұлтының ұлы тұлғаларын оқып-зерттеу, тарихын түптеп білу маңызды екенін алға тарттық.

– Суретшімін ғой! – деді, құдды бір мені түсінші деген райда.

– Онда бейнелеу өнерінің классиктерін танитын шығарсыз, олар түу биікке қалай көтерілгені туралы ойладыңыз ба?

– Табиғи таланттар ғой... бәрі.

– Талант сізде жоқ па? Бармақтай талант батпандай еңбек арқасында адамды тұлға ететінін білетін боларсыз?

 – Олардай болу кеш енді.

– Біздің әдебиет әлемінде Джек Лондон деген классик жазушы өткен. Оның алғашқы еңбектерін газет, журнал жарамсыз деп тауыпты. Алғашқы шығармаларын түкке тұрғысыз санап, өзіне 650 мәрте қайтарғанын бір қазақ журналисінің аузынан естіп қайран қалғам. Лондон да төзім мен тағат, еңбек арқасында әлемдік классиктер қатарынан орын алды емес пе? Кеш емес!

– Оның фундаменті мықты да!

– Сіз бұдан да жасырақ шағыңызда шабытпен сурет салушы ма едіңіз?

– Әлбетте!

– Онда былай, ағасы. Әлемдік сәулет өнерінің ең ұлы туындысы саналған пирамидаларды білесіз ғой? Мысырдың Гиза жазығында тұрған Хеопс пирамидасына зер салсаңыз, онда іргетас атымен жоғын байқайсыз. Бақандай 5 миллион тоннаға жететін ауыр құрылыс аяғынан ұшар басына дейін біркелкі тастармен қаланған. Деректерде 100 мың құрылысшы ширек ғасырға жетеқабыл аралықта салынғаны көрсетіледі. Енді қараңызшы, сіз айтқан фундамент те өнерді өрістетуге, өмірді тануға, әдеби, рухани деңгей көтеруге сылтау бола алмайды ғой. Сіз бастапқыдай шабытпен шығармашылыққа кірісіп, көкірек көзін ашу үшін ізденсеңіз бұдан да жақсы туындыгер болар едіңіз әрі өнерін өлеңмен өрнектеген қазақ халқының өкілі ретінде өрескел кемшілікті ерте мойындар едіңіз. Әдебиетпен ауызданарыңыз да хақ.

– ...Пирамида көне заманның, шын мықтылардың қолтаңбасы ғой.

– Рас, ол сәулет өнерінің айрықша асқақ туындысы. Сол Гизадағы үш пирамидаға кеткен тастармен Францияның тұтас шегарасын 3 метр биіктікте һәм 30 сантиметр қалыңдықта қоршап шығуға болады екен. Сіз көне заманның, шын мықтылардың қолтаңбасы дейсіз. Өнер қашанда түлеп, жаңарып отырмай ма? Мәселен, алып тастармен үй салу қазір әлемде жоқ үлгі. Бәрі заманға сай құрылыс материалдарымен зәулім-зәулім нысандар тұрғызады. Өз кезегінде «Гомер заманындағы боямалардан бас тарту керек» деп француздың Жюль Верн атты әдеби сыншысы айтқан. Біз де Абай заманындағы тілдік құнардан, поэзиялық ырқағақтан алшақтадық. Стиль жаңарды, түрленді ғой?!

 – Ақылың өзіңе, жігітім! Басымды қатырып жібердің ғой, әдебиетсіз, поэзия-моэзия, проза-шрозасыз-ақ адам болып жүрміз, – деп қолын бір сілдеті де әлгі суретшіміз ашуланған қалпы өз жөнін тапты.

Артық кеткен жеріміз жоқ еді. Сол сәтте ашу ұңғысына кептеле жаздаған оқты сезім-шүріппе шектеп қалды. Әйтпесе көрместей болар ма ек, кім білсін?!

P.S Айтпақшы, әлгі жасы үлкен, сырлас cуретшіміз ел көлемінде елеулі марапатқа ие болып жүр. Оған қоса тұлғалардың портретін салуда мемлекеттік тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, қалтасына қырауар қаламақы басады-мыс. Өнер өрісіне жаңадан ат шалдырған талантты жастарымыз әлгіге ұқсамаса екен, уақыт деген ұлы сыншының елегінен елеусіз сусып кетпесе екен деп тәңірден тілеу тіледік.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: iglvesti.com