Көңіл шалқытқан поэзия сағаты

Уақыты: 13.02.2024
Оқылды: 402
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған жетісулық аға буын ақындар мен жастар бірлесе жыр оқығанда жүрек тебіренгені рас. Мейірім мен шапағат, сағыныш пен махаббат, ел мен жерге, адами қасиеттерге арқау болған ақық жыр Салтанат сарайында салтанат құрды. Өлеңсүйер қауым әсем ән мен кестелі жыр тыңдап, күй сиқырына кенелді.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, халық шығармашылық орталығы һәм ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының бірлескен жобасы «Жыр-жауһар» атауымен өрнек тапты.

Салалы саусағына қасиетті қалам қапсырған, өмірін өлеңмен өрнектеген аға буын мен жастар поэзия сағатының әлқиссасы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әріннің ақ батасымен бастау алды. Өз кезегінде шараны жүргізген Мәдениет саласының үздігі Жангелді Немеребай кеш кейіпкерлерін таныстырып өтті.

Біреуі ақық, енді бірі ғазал жырын тыңдарманға паш еткен поэзия сағатының кейіпкерлері  Жомарт Игіман, Айтақын Бұлғақов, Қуат Қайранбаев, Қайрат Бестібаев, Айдын Кәлімхан, Қадырсұлтан Нүсіпхан, Мұхтар Қабыл, Еркін Исахан, Нұртілеу Рауиялар қос өлеңін мәнерлеп оқыды. Жан тебіренткен, жүрекке бұла күш құйған қара өлеңнен кейін жетісулық танымал әншілер Бейбіт Мұсаев пен Нұржан Ахметбек әсем ән әуелетсе, поэзияны облыстық филармонияның М. Төлебаев атындағы ұлт аспаптары оркестрінің өнерпаздары домбыра, жетіген, күйсандықпен сүйемелдеді. 

Көңілді көкжиекпен астастырған тағылымды шара соңында    Ж. Немеребай ҚР Жазушылар одағының төсбелгісін белгілі ақындар Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым, Жомарт Игіманның өңіріне қадады. Сонымен қатар, поэзия әлеміне жаңа қадам басқан ескелділік Жәнібек Емберген атты жас ақынға Нүсіпбай Додабайұлы ақ батасын берді. Осылайша облыста алғаш рет өткен поэзия сағаты көрерменге күш берсе, ақындарға шабыт сыйлағандай көрінді.

АРДА БИ
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ