«КЕРЕМЕТІМЕН» КЕРЕМЕТ ҚАЗҰУ

Уақыты: 26.03.2018
Оқылды: 1302
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі шоқтығы биік білім ордасы. Бүгінгі таңда әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатардан көрініп, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда танымал болған заманауи оқу шаңырағы білімгерлер үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен мақтаныш. Білім мен ғылымды қатар өрген университетте оқып, қанаттанып, түлеп ұшқандардың қатарында бүгінде елімізге белгілі тұлғаға, мемлекет, қоғам қай­раткерлеріне айналған азаматтар көп. Әрі мұнда шет елге, елімізге белгілі ғалымдар дәріс береді.

Алатаудың етегінде орналасқан көрікті ҚазҰУ қалашығының өзі әлемдік деңгейдегі мақтаныш деуге болады. Өйткені, тек ҚазҰУ шәкірттері ғана студенттерге арналған шағын қалашықта жатып, оқып, білім алады. Онда Қазақстандағы ең әдемі концерт залдарының бірі – Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, жастардың бас қосатын додалы ортасына айналып отырған спорт кешені, студенттерге арналған зәулім жатақханалар бар.

ҚазҰУ қалашығында ашылған  «Керемет» жан-жақты жабдықталған кешені – ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған жоба.  «Керемет» кешенінде студенттер қажетті құжаттарын ресімдеуге, заңгерлер мен білікті мамандардың кеңесіне жүгінуге, қызметке орналасу үшін құжат тапсыруға, тіпті, медициналық көмек, интернет-кафе, ұшақ және теміржол кассалары, кинотеатр, шағын супермаркет секілді аса қажетті қызметтің барлық түріне қол жеткізе алады. Сонымен қатар, ҚазҰУ – білім қуған жастарды таныстырып, табыстыратын орта. Мұнда сенімді достармен қатар, қиын кезеңдерде өзіңе ақылшы, тілекші болатын ұстаздарды тауып, олардың ақыл, парасат, пайымынан мол өнеге алып, өмірлік ой түйесің. Білімнің шыңына бастайтын ізденісті жобаларды жүзеге асырып, рухани жан дүиеңді арттыратын қазынаға толы бай кітапханадан тәлім аласың.

Мен заманымыздың заңғар перзенттері қызмет еткен қасиетті қара шаңырақ, іргелі білім ордасында білім алып жатқанымды өмірдегі үлкен сәтітілігім деп білемін. Осында алған білімімді болашақта елімнің жарқын болашағы жолында жұмсап, мемлекетіміздің гүлденуіне үлкен үлес қоссам деп армандаймын. Мектеп бітіруші түлектерді қазақ қоғамының ғылымы мен біліміне, сонымен қатар, рухани мәдениетіне, ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келе жатқан әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсуге шақырамын.

Динара БЕРІКОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің 2-курс студенті

Гүлнар АЙГАРИНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты