Ұстаз шәкіртімен мәңгі

Уақыты: 26.03.2018
Оқылды: 2017
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қанабек Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжінде ҚР білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері, дарынды күйші, ұлағатты ұстаз Төлеу Жайхановты еске алуға арналған «Ұстаз аманаты» атты күй кеші өтті.

Жиынға саңлақ күйшімен қызмет еткен әріптестері, бүгінде ұстаз жолын жалғап, дәстүрлі өнер жолында жүрген шәкірттері қатысты. Кеш шымылдығы Аманжол Дүйсенбековтің орындауындағы Қазанғаптың «Көкіл» күйімен ашылды. Үш ішекті домбырада бебеулеген күй тыңдарманды ерекше әсерге бөлеп, серпілтті. Алғашқы сөз алған колледж ұстазы Меруерт Темірова:
– Төлеу Жайханов – көкірегі күміс күмбірлі күйге толы ерекше қабілетке ие жан. Ол кісінің бір қасиеті – әуелі алған бағытынан әсте қайтпайтындығы. Жоғары кәсіби шеберлігімен, әр іске жауапкершілік сезіммен кірісетіндігін нақты ісімен дәлелдей білетін жан ретінде танылған ұстаз. Ең сүйікті шығармасы – Ермұрат Үсеновтың  «Шәмші дастаны, – деп еске алды. 
Кеш барысында шәкірттері «Ұстазға арнау», «Сырдың елі», «Сағыныш», «Бұлбұл» сынды күйлерді орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шара соңында колледж директоры Батырхан Адырбаев:
– Бұл өнер кеші Төлеу Жайхановтың рухына арналды. Күйші өмірден өткенімен өнері ешқашан өлмейді. Біз оны әрдайым жадымызда сақтаймыз. Ағаның өнердегі салған ізі, еңбегі өшпек емес. Мәңгілік қазақ даласында қалары анық, – деді. 
Ұлы тұлғаны сағынған халық оның шәкірттері тербете орындаған өнер туындыларын тыңдай отырып шабыттанды. Қол соғып, өнерлеріне ризашылық білдірді. Осылайша олар сазды әуен тыңдап, қасиетті домбыраның үніне тербеліп қайтты.

Әмина Құдайбергенова