Есімі ел есінде

Уақыты: 26.03.2018
Оқылды: 1432
Бөлім: РУХАНИЯТ

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен әдебиет және мәдениет қайраткерлерін еске алуға арналған «Тағзым» шарасы өтті.

Төртінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан еске алу кеші өнерде  ізі қалған Жетісудың  сегіз бірдей тарланына арналды. Тағылымды кешті облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары, ақын Жұматай Оспанұлы жүргізді.
Шара шымылдығы  бала жасынан жетімдіктің шекпенін киіп, алты жасында шешек ауруы зардабын тартып, зағип болған, ғаламат дүниені көзімен көрмесе де жүрегімен сезініп өскен, 14 жасында қазақтың қара домбырасын қолына алып, өткір тілді айтыскер атанған, төкпе жырдың құдіретті иесі Темірғали Рүстембековтің  әке-шешесін сағынып жазған өлеңімен ашылды. Ары қарай халық ақынының өмір жолы туралы облыстық «Жетісу» телеарнасы дайындаған бейнесюжет көрсетілді. Төкпе жырдың құдіретті иесі  туралы түсірілген бейнебаяннан соң ортаға тұлпардың тұяғы, Темеш атамыздың қызы, облысымыздың ардагер журналисі  Күнсая Оспанова шығып, әкесі туралы орамды ойларын ортаға салды.
Мәдениет сарайындағы өлеңмен өрнектелген, әуезді әнмен тербелген, кесек сөзбен әспеттелген шара  лирик ақын, бірнеше драмалық  шығармалар мен дастандардың авторы  Құдаш Мұқаштың өмірімен өрілді.  Киелі сахна төріне талдықорғандық Аршын Айдынбекұлы  мен Гүлнұр Тұрарова  шығып, ақын мен оның жары Ақжолтай апаның жас кезіндегі образын сомдаған шағын көрініс көрсетті.  
Өткен күнде белгі бар демекші, ғалымның хатындай өміршең мұра қалдырған ақынның қолтаңбасы бүгін өткенінен сыр шерте сайрап тұр. Осы тұста   ақын өмірі арнайы бейнесюжетте  тамашаланды. Ақынын еске алған шара барысында  Ақсу аудандық халық театры квинтеті «Ақсудан ұшқан аққулар» әнін орындап, кешті одан әрі  жандандыра  түсті.
Адам ұрпағымен бақытты деген емес пе?! Тағылымды шараға арнайы шақыртылған ақынның қызы Кемен Құдайбергенқызы  сахна  төріне шығып, осындай кешті өткізуге ұйытқы болған басқарма ұжымына және  жобаның негізгі  авторы ақын Ахмет Кендірбекұлына алғысын білдірді.
Жетісулық  тарландарға  арналған кеште  қазақ журналистикасының қос тарланы –  Бақыт Әлімов пен Рафат Әбдіғұловтың өмірі мен шығармашылығы  туралы да  тамаша естеліктер айтылды. Осы тұста жүргізуші, ақын Жұматай Әміреев қонақтардың әрқайсысына кейіпкердің болмысын аша түсетін сауалдарын қойды. Сахна төріне шыққан Бақыт Әлімовтің  жары Жаһан апамыз бен Рафат Әбдіғұловтың інісі Қайрат  ағамыз өткен күндерден естелік айтып, осындай кешті ұйымдастырған жандарға алғыс айтты.
Дәстүрлі «Тағзым» шарасының биылғы  кейіпкерлері туралы дайындалған бейнесюжет  әркімнің  жүрегін тербеді, көңіл пернесін қозғады, жанарға еріксіз жас үйірді. 
Естеліктер жыртылмайтын кітаптай,
Сынбайтұғын бұтақтай.
Естеліктің гүлі қурап солмайды,
Бояуы да оңбайды, –  деп ақын жырлағандай,  бұл кеш   бар өмірін телеарна саласына арнаған Жетісудың үш бірдей тарланы  Еділ Төкенов, Наталья Борсенко және Тұрсынбек Ыбырайымбекұлының жүріп өткен парасатты ғұмыры туралы тамаша естеліктермен де  өрілді. Шарада тарландардың  туыстары сахна төріне шығып, лебіздерін арнады.
Тағылымды шарада облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев сөз алды. «Ұлтымыздың рухани, мәдени мұрасы – сөз өнерінің асыл қазынасына өлшеусіз үлес қосқан Жетісу өлкесінің мәдениет және әдебиет саласының қайраткерлеріне құрмет көрсету – біздің парыз. Осыдан төрт жыл бұрын ақын ағамыз Ахмет Кендірбекұлының бастамасымен қолға алынған «Тағзым» шарасы дәстүрге айналып, бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жоба авторына шексіз ризашылығымызды білдіреміз»,  – дей келе, мәңгілікке бағыт ұстанған қазақ елі барда арыстай азаматтардың есімі ел есінде сақталатынын айтты.
Осы уақытқа дейін «Тағзым» шарасының шымылдық жабар өз әнұраны болған. Биылғы шарада арнайы жазылған «Тағзым» атты  әннің тұсауы кесілді. Кеште Данагүл Берекеттің сөзіне, композитор Гүлнұр Нұрасылованың әуеніне жазылған ән автордың өз орындауында шырқалды.

М. ҚАБЫЛИСА.