Ақ бесігім - ардағым

Уақыты: 31.03.2018
Оқылды: 1696
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақта: «Бос бесікті тербетпе» деген тыйым бар. Бесікті ішінде бөбек жатқанда ғана тербету керек. Себебі, бесіктің  киесі бар. Ол – қасиетті бұйым.
Баланың төсегін оңай иілетін қайың, талдан  жасайды.  Бұйым негізінде  бірнеше бөліктен тұрады. Олар белағаш, бөген, төрт жақтау, төрт шабақ, екі сабау, екі жорға деп аталады. Бесіктің құрылысына, жабдығына  әртүрлі зат пайдаланылады. Ши – түбек бекітілетін тұстағы ойық үстіне төселеді. Жөргек – жұқа,  киіз төсеніш немесе арасына мақта салынып, сырылған көрпеше. Төсектің түбекке тура келетін тұсы ойылады. Құстөсек жөргектің үстіне төселеді. Арасына  жүн салынып, қабылады. Оның да түбек тұсында дөңгелек ойығы болады. Көрпе матадан әзірленеді. Кепіл – нәрестенің жамбас тұсына, тізесіне арналып тігілген кішкене жастықша. Түбек ойықтың төңірегіне төселеді. Тартпа бау немесе таңғыш биязы жіппен тоқылады. Оны екі-үш қабат матаны сырып, бояуларын сызып, әзірлейді. Тартпаның біреуі  құндақталған нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісі тізесінің үстінен тартылады. Тартпа баудың ұштары бесіктің екі жағындағы сабау ағаштарға тоқылады.
Түбек қыш, мыс, жез немесе қаңылтырдан әзірленеді. Сыртында киіз немесе былғары қабы болады. Шүмек сүйектен немесе ағаштан жасалады. Жабу бесіктің көлеміне сай жұқа матадан тігіледі. Ол бесікке бөленген нәрестені маса-шыбыннан, күн көзінен, желден, суықтан қорғайды.  Балаға тіл, көз тимесін деп бесіктің басына үкі, тұмар, моншақ, боялған асық  тағады. Әдетте жаңа туған нәрестенің кіндігі бір аптаның ішінде түседі. Баланы бесікке кіндігі түскен күннен бастап бөлейді. Ол күні мал сойылып,  көрші-қолаң, абысын-ажын жиналып, бесік шашу жасайды. Жасына, жолына қарай баланы бесікке бөлейтін адамның кім екені сол жерде  айқындалады.
Бесік шашу күні нәрестенің әжесі сол қолына түбекті алып, оң қолындағы құрт, ірімшік, өрік, мейіз тағы басқа тәттілерді алақандарын жайған балалардың қолына салып: «Тышты ма?» – дейді. Балалар тышты, тышты деп шулап, мәз болып, әженің қолындағыны алады. Баланы бесікке бөлер алдында  адыраспан, арша, қарағайдың бүрі  сияқты хош иісті өсімдіктерді түтетіп:
Алас, алас,
Бәлекеттен қалас.
Көздінің көзінен сақта,
Тілдінің тілінен сақта, – деп бесікті аластайды. Нәрестені жатқызғаннан кейін үстіне тоғыз түрлі зат жабады. Бұл ұйқысы алаңсыз болсын дегенді білдіреді. Бесікке бөленген нәрестеге желдің өті, жердің сызы өтпейді.
Тұңғыш баласы жатқан бесікке немере-шөберелерін бөлеген әже өзін бақытты санайды. Мен де сондай бақытты әженің бірімін.  Алты балам, 24 немерем және  9 шөберемді бесікке бөлеп өсірдім.  Әйгерім есімді немеремді  3 жасқа дейін бөлеп, Мәскеу, Варшава, Түркістан, Тараз, Астана  қалаларында бесіктің пайдасын, тиімділін айтып, насихат жүргіздім.  Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақ циркінде «Наурыз-думан» шарасы өткізілетін. Сонда бесікке бөлеу салтын көрсететінбіз.  Көрсетілімді бейнетаспаға түсіріп әкеткен түркиялық азаматтар кейіннен мені  елдеріне  шақырып, құрмет көрсетті.
Мақаламды аяқтай келе, жастарға айтарым, балаларыңды бесікке бөлеңдер. Әр қазақтың үйінде киелі жиһаз тұрса, шаңырақтың сәні кіреді. Әркім өз  халқының  құндылықтарын сақтаса, бала тәрбиесінде  кемшін жағдай  болмас еді. 

Күміс ПАРМАШҚЫЗЫ,
Жамбыл аудандық әйелдер кеңесінің  төрайымы