"Жыр атасы - Қабан жырау" атты І республикалық жыршылар байқауынан

Уақыты: 13.04.2018
Оқылды: 1916
Бөлім: РУХАНИЯТ

Төрт күн бойына Астананың аспанын Қабан жыраудың жетелі жыры кернеді, тоқсан тарам сыры тербеді, көрген де, көрмеген де арманда күйге бөленді. Ел көлеміндегі мұндай аламанға үкілей қосылған  жыршылар да, әй-бір, көсілді-ау дерсіз! Бір тауды бір тауға қоса, бір бауды бір бауға белдестіре жүйткіп  жөнелмесі бар ма, алғашқы айналымнан-ақ! Бір ғажабы, жыр додасының пәрменінде жолшыбай шаң қауып, өкпесі өшкен бірде-бірін кездестірмедік. Мұның өзі ғасырлар төрінен жеткен саф өнеріміздің сәні де, мәні де кетпегендігін, керісінше, азаттықтың ақ таңымен арайланған өнердің барынша өрге тартып бара жатқандығын паш етсе керек! 

Астана қаласының әкімдігі қолдауымен ұйымдастырылған осынау байқаудың өне бойынан бір мін көзге шалынбастан  шадыман шаттыққа ұласуы – көп болып ақылдаса қолға алынған істің аршынды күйге бөленерін жарқырата және көрсетіп берді. Елімізге  белгілі өнер және әдебиет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы мүшелері де әділдіктің ақ туын желбірете білді. Үш айналымнан тұратын бәсірелі байқаудың бесінші мәрелі күні жүздері балбұл жанған жеңімпаздарды «Астана» концерт залына (Конгресс холл) лықа толған ақ тілеулі көрермендердің алдына шығарды. Осы ретте қазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосынов:
– Қазақ әдебиетінің, халықтық музыка өнерінің  арналы саласы – жыршылық біздің ұлтымыздың бет-пішінін бар әлемге танытып-ақ келеді. Шетелдерге гастрольдік сапарлармен барған шағымызда да жыршыларымыздың өнерін ерекше қабылдайды. Бұл заңды құбылыс.Өйткені мынау жаһандану жағдайында әр халық өзінің төл өнерімен ғана көзге түсе алады. Аллаға шүкір, еліміздің жер көлемі мақтан тұтарлықтай. Иә, байтағымыз соншалықты кеңістікті болса да ана тіліміз алашұбар емес, қай өңірге басрсақ та тіліміз де, өнеріміз де бір қайырмада тоғысып жатады. Бұл түйсінген жанға елдің ең басты  бақыты. Ал енді жыршылық туралы айтсам, өзіндік салт-дәстүрі бар мектептеріміз қалыптасқан. Батыстың, Сырдың, Арқаның, Жетісудың жыр мектептері бірден ерекшеленіп, өзіндік мақам-бояуларымен бойыңызды баурайды. Соны біз осы жолғы байқаудан да анық аңғардық. Соған қатты қуандық та. Неге десеңіз, ежелгі өнеріміздің бай табиғаты сол күйінде қаншалықты сақталса, рухани айдынымыз да соншалықты толығады, шалқиды, – деп ойын жеткізді.
Көрермендер байқаудың қорытындысы іспетті Гала-концерт үстінде үздік жыршылар өнеріне қоса есімі Асан- қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Бұқар жыраулармен қатар аталар Қабылиса Асанұлының (Қабан жырау) бай әдеби мұрасымен кеңінен танысты. Алаш ардағына айналған асыл перзенттің шырайлы шығармалары актерлер күшімен кеңінен сахналанды. Сонымен қатар, елімізге белгілі Нұрғиса Тілендиев, Айтқали Жайымов, Әли Алпысбаев, Шолпан Қорғанбек, Арман Жайым сынды композиторлардың Қабан жырауға арналған күйлері мен әндері жоғары деңгейде орындалды.
Қабан (Қабылиса) жырау қазақ  әдебиетінің ірі өкілі, жұлдызды жырауы, батыры ғана емес, іргелі қоғам және мемлекет қайраткері. Өзінің терең қатпарлы жалынды жыры, қара орман жұртшылықты сүттей ұйытар салмақты ойы, ұшқыр нақыл сөзі, қағидаттарымен бытыраңқылыққа ұшыраған халқымызды бір тудың астына біріктіруге, Абылай сұлтанның абыройын асыруға өлшеусіз үлес қосты. Ғасырлар тезінде, жаудың шетінде, желдің өтінде, қылыштың жүзінде күй кешкен Жетісу жұртшылығының елдіктің аңсар арнасына түсіп, келер ұрпақтың қамын күйттеуіне сол дәуірдің тау бейнелі ерен тұлғаларымен бірге зор белсенділік танытты. Сырдың бойы, киелі Түркістан мен дулы Ташкент өңірінде етек жайып, тұрақтанып қалған жалайырлардың басын қосып, бәтуаға келтірді. Төле бимен қатар дау шешіп, Бұқар жыраумен үзеңгі қағыстыра күй кешті, Абылаймен бір түменнің сапында жоңғарлармен шайқасты. Ата жаудың қолына да түсті. Рухын түсіріп, жігерін  жасытпады. Елдіктің ұранын салды, замана тұрағын шалды. Дәуір желінің өкпеден өтіп, жанды жарақаттарын, бас біріктіріп, қолда барды базарламаса, анталаған жаудың аранында жұтылып кете беру қаупінің қай кездегіден де тажалды түрде тұрғандығын санаға құйды себелетіп. Сол себепті де ол:
Киік қайда ойнайды,
Тауда тарғын болмаса.
Балық қайда ойнайды,
Балдырлы суы болмаса.
Бұлғын қайда ойнайды,
Буалдыр сазы болмаса...
– деп жүрегі қан жылап жырлай білді.
Қабылиса Асанұлының тоғыз толғам толғаулары мен өрнекті де өзекті өлең-дастандары, сондай-ақ, арда болмысты айтыс үлгілері толымды әдебиетіміздің тұрлаулы мұрасы. Өз дәуірінің кемел ойының көкжиегін мейлінше шығандата, кеңейте білген ол бүгінгі ұрпағымен де тонның ішкі бауындай үндесіп тұр. 
Елім, жұртым, сізге айтам,
Бірлікті бол, шырақтар.
Бірлікті жерде ризық көп,
Ол адам елге тұрақтар.
Ауызбірлік бар жерде, 
Жететұғын мұрат бар
.
Осындай еркіңді баурап алар елдіктің сөзін кенен қалдырған бабамызды өлді деп қалай айтарсыз?!
Қабылиса Асанұлы кең тынысты, сан қырлы талант иесі болған. Қазақтың ақындық өнерінің қаймақ қалпын сақтаған шырайлы шығармаларының жанрлық ерекшелігі басым. Бірде эпик ақын, енді бірде терең толғаулы философиялық иірімдердің жетегінде кетеді, келесіде оқырманының санасына бірден сәуле құйған ақылман кейпіне енеді. Ал енді айтыс өнеріндегі сақталған сом шығармалары тіптен сүбелі дер едік. Қыз бен жігіт айтысы, жұмбақ айтысындағы өзіндік ерекшеліктері зерттеушілер тарапынан әлі де болса зерделену үстінде.
Зерттеу демекші, Қабылиса бабамыздың өнегелі өмір жолы мен сом алтындай жарқыраған шығармашылығын әр жылдарда әр қырынан Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Рахманқұл Бердібаев, Мырзатай Жолдасбекев, Ораз Исмаилов, Сәрсенбі Дәуітов,  Алмагүл Қанағатова және басқалары ғылыми тұрғыда пайымдады. Мұны біз қабырғалы қазақ әдебиеті айдынының толыға түсуіне қосқан өлшеусіз үлестері деп бағалаймыз. Осы арада бір айта кетейін дегеніміз, оның мол мұрасының күні бүгінге дейін толық жинала алмай келе жатқандығы. Қалың елдің ортасынан әлі де табылып жатқандары да баршылық. Мәселен, кезінде ауыз әдебиетінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған Сәкен Сейфуллин «Жалайыр Қабан ақын мен қоянның айтысуы» деп аталатын бұған дейін назарға ілікпеген көлемді өлеңін тапқан. Бұл шығармадағы қаршығасын қолына ұстаған Қабылиса ақын мен көжектейін деп жүрген әлсіз қоянның тілдесуі арқылы сол әділетсіз заманның кейпі көз алдыңызға келеді. Қолында билігі бар білегі мықтының дәрменсіз пенделерге көрсетер әлімжеттігін мінейді. Қазір де оңып тұрғанымыз шамалы. 
Ғалым Алмагүл Қанағатова өзінің арнайы жазылған зерттеу еңбегінде Бұқар жырау мен Қабан жыраудың шырайлы шығармашылығындағы бірқатар ұқсастық пен сол заманғы зәру мәселелердің негізге айналуы, сол тақырыптарды ашудағы азаматтық үн, арналы көзқарастарына кеңінен тоқталған. Жалпы қазақ әдебиетінің жыраулық өнеріндегі қос алтын діңгекке саналатын осы екі ақынның өмірде де жолдары сан мәрте түйіскен. 
Байқауда қазылар алқасының төрағасы Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайтаркері Сәкен Әбдірахманов болды. Оның қазақ халқының арғы да бергі тарихын, фольклоры мен сан-салалы өнерін жан-жақты білетіндігі бәрімізді тәнті етті. Әр басшы,  өнер адамы өз қал-қадірінше ұлттық құндылықтарды осы азаматтай әспеттеп, одан әрі дамуына перзенттік үлесін қоса білсе, келешегіміздің кемел шығары хақ. Ол осыған дейін де ұлтымыздың тарихына есімдері алтын әріптермен жазылып қалған бірқатар жарқын тұлғалардың кештерін өткізіп, шығармашылықтарын насихаттап үлгеріпті. Алдағы жоспарлары тіптен айтулы, бастамаларының баянды бола берулеріне ақ тілеумізді білдірдік.
Сонымен  20 – 45 жас аралығындағы үміткерлер әр айналымда әдепкіде Қабан жыраудың бір жырын айтып, екінші кезекте өз қалауы бойынша жырлады да, үшінші ақтық айналымда  билет алу жолымен пешенесіне бұйырған жырды еркін көсілтті. Сөйтіп байқаудың мәресінде бас жүлде астаналық Айнұр Қонысбаеваға (2 миллион теңге), бірінші орын астаналық Ерболат Шалдыбековке (1 миллион теңге), екінші орын қызылордалық Марат Сүгірбайға (500 000 теңге), үшінші орын алматылық Мақпал Тоқтағановаға (250 000 теңге) берілді. Бұған қоса Аманжол Дауылбаевқа Асан- қайғы атындағы арнайы диплом, Жұлдыз Ысқақовқа Бұқар жырау атындағы арнайы диплом табыс етілді. Сондай-ақ, Фархат Оразов, Хасенхан Кішкенеев, Темірбек Асқанбаевтар дипломант атанды (әрқайсысы 50 000 теңгеден).
Соңында, Алла қаласа, «Жыр атасы – Қабан жырау» атындағы республикалық жыршылар байқауын әр екі жыл сайын Астанада дәстүрлі түрде өткізіп тұруға уағда байласылды.

Дулат ДАРХАН
Астана қаласы


Жырау жайлы сөз айтсам
 
Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,
Бас иген ұлы жүзде тамам ақын.
Нағашысы – Жалайыр Қабан еді деп,
Жамбыл атам айтатын маған атын!
 
Атағың үлкен еді-ау Қабан жырау,
Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау.
Жиені – Сарбас ақын сөйлерінде
Әдеті мұртын қағып, құлақ бұрау.
 
Кенен Әзірбаев 
Қабан ақын дейтұғын
Менің пірім болады.
Он сегіз мың ғаламды
Өлеңменен жырлаған.
 
Бақтыбай ақын

Ал сөйлейін сөз тыңда,
Жүйрік пе озбай терлеген.
Тілдіде ешкім жеткен жоқ,
Кешегі біздің Қабанға,
Шарпуы тиген маған да.

Қалқа Жапсарбаев

Жалайыр Қабылисаны еркелетіп,
Қабан деп жас кезінде қойған атын.

Кейіннен халқы оны құрмет етіп,
Қадірлеп Ақын ата деп те атайды.
Басқадан ол кісінің сөзі құнды,
Қабекең өзі ақын, өзі ардақты,
Біледі қазақ біткен оның атын.
 
Ақын Сара 
Жалайыр Қабан ақын әдетте өзімен айтысатын ақын отырған ауылға айдаладан әндетіп келеді. Ал Шашубай болса, гармонын ат үстінен тартып, алыстан айбар шегіп келеді. Осының бәрі айтыс ақындарының өздерін топқа айбынды етіп таныту тәсілі. Және қарсы ақынды үркітіп, қобалжытып, жауап сөзден жаңылтудың амалы болады.
 
Мұхтар Әуезов 
 
***
 
Менің білуімше, жалайыр ішінде үш әулие болған. Олар: Қабылиса, Ескелді, Балпық.
 
Сәбит Мұқанов 
 
***
 
...Сонау «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында өмір сүрген Қабан (Қабылиса) ақын жайында кейбір әдебиет зерттеушілері болмаса, көпшіліктің біле бермегені ақиқат. Ал бұл бабамыз Сүйінбай сияқты сүлей ақынға ұстаз болған. Сүйекең болса күні кешегі Жамбыл бабамыздың ұстазы емес пе еді. Демек, бұл жерде ұрпақ сабақтастығы ғана емес, ұлылықтың да сабақтастығы жатқан жоқ па?!
 
Бексұлтан Нұржекеев 
 
***
 
Импровизатор ақындарда өзі табынған ақынға еліктеу әдеті қалған. Қабан – Сүйінбайдың да, Сарбастың да нағашысы. Сүйінбайдың, Сарбастың, Кененнің жыр айтарда аспанға қолын сермеп, құлақ бұрауы сол Қабаннан қалған.
Қабан кезінде өте ірі жырау боған, айлап айтса таусылмайтын ұзақ эпостарды, замана жайында терең толғауларды жырлаған. Сыпыра жырау тәрізді Қабанның есімі өзінен кейінгі ақындардың аузынан түспеген. Қабан жырау – өзіндік өрнегі бар айтыс өнерінің керуенін түзген ақын.
 Мырзатай Жолдасбеков 
Халқымыздың ғасырлар қойнауынан маржандай түзіліп шыққан жыршылық өнері – өлшеусіз байлық. Жыраулар шоқ жұлдызы ішінен Қабан жырауды айрықша атар едік. Өзі ақын, өзі жыршы, әрі айтыскер ақын, кейінгі ұрпаққа қалдырған бай мұрасының ауқымы кең, тақырыбы терең, елдікті, ауызбіршілік пен адалдықты шегіне жеткізе жырлайды. Философиялық салмақты толғаулары сан-салалы. Батырлығы мен көсемдігі, әулие-көріпкелдігі бөлек бір зерттеуді қажет етеді.
 
Рахманқұл Бердібаев
 
***
 
Қабан жырау – көне заманның патриархалдық-рулық қоғамының перзенті деңгейінде қалып қоймай, қажетті  тұстарда өз ойларын ірікпей, бүкпей, бұрқ-сарқ ақтарып салатын адуынды ақын болған. 
 
Ораз Исмаилов 
 
***
 
Қабан (Қабылиса) бекерден-бекер жырау деп аталмаған. Жыраудың мағынасы сарқылмайтын жырды айтатын адам дегенге келеді. Бұл шынында да солай болған. Бізге жеткен аз деректердің өзінен ол кісінің  күнді түнге, түнді таңға ұластырып жырлаған үлкен жырау болғанын біліп отырмыз. Үлкен эпик ақынның стилін аңғару қиын емес.
 
Сәрсенбі Дәуітов 
 
***
 
Бұқар жырау мен Қабан жыраудың ар-намыс пен арсыздық жөніндегі идеялары олардың адамгершілік философиясы секілді қазақ халқының ізгі дәстүрлерін дамытып, байытуда зор маңызға ие болды.
 
Алмагүл Қанағатова