КӨРЕРМЕН КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Уақыты: 14.04.2018
Оқылды: 1719
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аудандық Мәдениет үйінде Театр күні мерекесіне орай «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!..» атты қойылымның премьерасы болып өтті. Комедиялық спектакльді Дәнеш Рақышев атындағы халық театрының әртістері сахналады. 

Мерекелік шараны ашқан аудан әкімі Темірлан Бектасов сахна саңлақтарын, көзі қарақты көрермендерді маусымның ашылуымен құттықтап, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызына, сондай-ақ, ұлтымыздың мәдени, рухани өмірінде театрдың алар орны мен жаһандану дәуіріндегі ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесіне тоқталды.  
Көрермен көңілін бір серпілткен комедиялық спектакльдің қоюшы режиссері, осы халық театрының дирек- торы Қуанышбек Изенаев. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, актерлік шеберліктері шыңдалған әртістер көрерменін театр тылсымына бірден баурап әкетті. 
Қойылымның басты тақырыбы – жас жұбайлардың қарым-қатынасы. Жас отбасыларда жиі кездесетін орынсыз қызғаныш пен жөнсіз айыптаулар, бүгінгі қоғамның басты дертінің бірі – ажырасу мәселесі ешкімді бейжай қалдырмайды. Жаңа отасқан үш жұп – үш түрлі тағдырды бейнелейді. 
Спектакль талғамы биік көрермен көңілінен шықты. Театрдың бұған дейінгі қойылымдары да  жоғары бағаға ие болып жүрген еді. Сахнаның қыр-сырын енді меңгере бастаған жас актерлер де болашағынан зор үміт күттіретіндігін аңғартқандай.
– Көрермен көңілінен шығу үшін біздің ұжым тынбай еңбектенді. Бүгін сол еңбегіміздің нәтижесін көріп отырмыз, – дейді Қуанышбек Изенаев.
Дәнеш Рақышев атындағы халық театры сонау 1962 жылы Жетісудың жезтаңдай әншісі, осы елдің тумасы Дәнеш ағамыздың ұйымдастыруымен Көктал ауылдық  Мәдениет үйінде театр үйірмесі ретінде құрылған еді. Бірнеше жыл өткеннен кейін, яғни 1968 жылы «Халық театры» атағына ие болды. 
Облыс әкімінің қолдауымен 2012 жылдан бастап жұмысын қайта жаңғырып, Дәнеш ағамыздың атын алған өнер ұжымы жалпы жетісулықтардың, еліміздің мәдениетін дамытуға қомақты үлестерін қосып келеді.

Айгерім Балғымбаева,
Көктал ауылдық Мәдениет үйінің директоры 
Панфилов ауданы