ІЛИЯСТЫҢ ІНІЛЕРІ, САРАНЫҢ СІҢІЛІЛЕРІ

Уақыты: 20.04.2018
Оқылды: 1288
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Астананың 20 жылдығына орай Жансүгіров кентінде игі шара ұйымдастырылды. Оған облыстық, аудандық жастар ресурстық орталығының жауапты мамандары, «Жас Отан» жастар қанаты мен Ақын Сара мәдени-жастар орталығының белсенділері қатысты. Жастар форумы «Тәуелсіздіктің  дәуірі.  Жасампаздықтың әр жылы» деп аталды. Шара мектеп, колледж білімгерлерінің қолөнер көрмесінен  бастау алды. 

 

    Аудан әкімі Әділбек  Далбағаев көрмені аралап, қолөнершілердің әртүрлі бұйымнан жасалған заттарын көрді. Қырық өрім қамшы, асықтан жасалған сағат ерекшелігімен тамсандырды.  Бүгінгі ұрпақтың темірден түйін түйген шеберліктері аудан басшысы Әділбек Егеубекұлын  қуантты.  Көрмені аралаған  соң аудан басшысы байқауға қатысқандардың арасынан шеберлігі асқан мықтыларды  марапаттады.  Жастардың жақсы бастамасына қолдау білдірген аудан әкімі Астананың 20 жылдығына арналған шараға өз лебізін білдірді.   
 – Тәуелсіздік деген 11 әріптен тұратын сөздің мағынасы өте терең.  Ол – асқақ арман, Қазақстанымыздың  шалқыған дәулеті, көркейген сәулеті.  Егемен Қазақстан десе, көз алдымызға бейбіт халықтың жарасымды тұрмыс-тіршілігі,  шыңында мәңгі қар жататын ақбас тауы, дарқан даласы елестейді.  Біздің міндет – ел мен жерді  көзінің қарашығындай сақтайтын тәрбиелі, білімді  ұл-қыз өсіру. Соған құдіретті сөз арқылы ықпал ету.  Жердің егесін елжандылыққа тәрбиелеу. Бүгінгі өткізіп отырған жастар форумы соның бір айғағы, – деді Әділбек Егеубекұлы.  
   Бұдан кейінгі сөзді  облыстық  жастар ресурстық орталығы филиалы директорының орынбасары  Жандос Байқанитов алды.   «Әрбір жас еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халқымыздың жарастығын ойлай білуі керек.  Ұлттық дәстүрді сақтау, тарихты білу, тұлғаларды ардақтау да басты міндет. Кешегі ата-баба аңсаған тәуелсіздік ұғымын бүгінгі ұрпақ  жете түсінуі тиіс.  Көне тарих  ата-бабамыздың  ақыл-парасатын, қажыры мен қайратын биік мұраттарға жұмылдырғанын  айғақтайды.  Біз де сол арман-мақсаттарды ту етіп ұстауға тиіспіз.  Барлық жетістіктің бастауы бірлік пен ынтымақта екенін ұмытпауымыз керек.   «Рухың төрде болмаса, иманың кенде болар» деген сөзді естен шығармаған абзал», – деді ол.  
    Ақсу  аудандық жастар орталығының жетекшісі Әсел Садықова қорытынды сөз сөйлеп,  ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.  Шара ары қарай жастық жалынын елдің өркен жаюына, жеріміздің гүлденуіне  атсалысып келе жатқан  жастарды ынталандырумен жалғасты. Белсенді, ынталы, өнерпаз жастар көпке үлгі етілді. Бұдан кейін аудан өнерпаздары  концерт қойды. Ілиястың інілері, Сараның сіңлілері жырдан шашу шашты.  Дара дауысты әншілердің  әуезі бейбітшілік аспанында шарықтады.  Құнарлы топырақтан нәр алған әнші-домбырашылар табиғи дауыста ән салды. Кең даланың  Ақан серісіндей  ән шырқаған дара дауыс тыңдарманын тәнті етті.  Шараның берері мол болды. Бұдан кейінгі шара спорттық жарыс өткізіліп жатқан алаңда жалғасын тапты.

Гүлжан ТҰРСЫН.
Ақсу ауданы