БҰЛ КӨКТЕМ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 1726
Бөлім: РУХАНИЯТ

    Университет қабырғасында жүрген кезімізде ұстазымыз бізді «шала піскен Шекспирлер мен толыспаған Толстойлар» деп сөзбен жиі тоқпақтайтын. Одан сабақ алған біз бар ма? Жазған өлеңдерімізді жарыса оқып, ақынмын деп ақиланатынбыз. Құдды бір әдебиетке жаңалық әкелгендей. Не керек, «Жетісу көктемінде» сол әзілдің түпкі мәнін ұғынып, көңіліміз қайта қанаттанды. Ойға қонымды, ақылға сыйымды әрлі әңгімелерге шөліркеп жүрген едік, сусынымыз қанды. Қалам ұстаған талапкерлердің құнды дүниелерге қоржыны толды. Әрине, оның бәрі жер жаннатын жырмен жылытқан жас әдебиетшілер форумының арқасында.

 

   Иә, Жетісудың жүрегі Талдықорған қаласында тұңғыш рет «Жетісу көктемі» атты жас әдебиетшілердің форумы өтті. Бұл айтулы мерекені жас қаламгерлер көптен күткен болатын. Тіпті оның қазақ әдебиетіне үлкен серпіліс алып келген сөз сүлейлерінің мекені Жетісу жерінде өтуін армандаған-ды. Сол жүйелі  ойды жүзеге асыруға бір нәрсе жетінкіремей жүрген-тұғын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді де көңілде піскен келелі істерге жан бітірді. Облыс әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағының өңірлік филиалы мен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бірлесіп қолға алған салтанатты шара екі күнге жалғасты. Енді сол қос тәуліктегі қуанышты тарқатсақ.
   Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін, батысы мен шығысын біріктірген форум делегаттары алдымен Алматы шаһарында бас қосты. Оларды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс және жазушы Есболат Айдабосын бастаған топ қарсы алды. Жоспар бойынша алғашқы күн қасиетті Қарасай еліндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген тарихи-мәдени, өлкетану нысандарын аралаудан басталды.
   Алғаш табан тіреген нысан Елбасының кіндік қаны тамған топырақ – Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы болды. Өскелең ұрпаққа өнеге берер маңызды орынмен танысу барысында қонақтарды Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі жайлы баяндайтын құжаттар, Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдеріне сәйкес хронологиялық ретпен орналастырылған экспонаттар тәнті етті. Делегаттар бұл мәдени орынның тәуелсіз Қазақстанның халықаралық беделінің нығаюындағы Елбасының өлшеусіз үлесін, рөлі мен еңбегін көзбе-көз бағалау мүмкіндігін тудырғанын атап өтті. Одан кейін «Батыр бабалар» мемориалы мен «Анаға құрмет» тарихи-өлкетану мұражайларында да болып, өткеннен сыр шерткен бай мұраларға қанықты.
   Мемлекет басшысы атап өткендей, ел тарихын, батыр бабаларымыздың есімін жадымызда сақтап, жастарға үлгі ете білу ертеңіміз үшін өте маңызды. Мемориалды кешенмен танысу барысында олар бұл мекеннің жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі алар орнының ерекше екендігін айтты.
   Түс ауа жас әдебиетшілердің сапары Кербұлақ ауданында жалғасты. Қаламгер қыз-жігіттер Күреңбелдің таңғажайып табиғатынан шабыт алды. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» дегендей, аудан басшысы бастаған ақжаулықты әжелеріміз шашу шашты. Ақтан дәм татып, наннан ауыз тиген соң ақын-жазушылар қазақтан шыққан тұңғыш этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың зиратына барып рухына тағзым жасады. Кейін ұлы ғалымның «Алтынемел» мемориалдық музейіне бас сұғып, еш жерде жоқ құнды жәдігерлерді көзбен көрді. Әдебиеттің жас өкілдері ғалымның рухына Құран бағыштады. 
   Жетісудың тарихи-мәдени орындарын аралап көзайым болған делегаттар үшін кешкілік Қаратал өзені жағалауында поэзия кеші ұйымдастырылды. Жас әдебиетшілерге Жетісудың тамылжыған табиғатымен еркін тыныстауға мүмкіндік туды. Талдықалаға алғаш табан тіреген қаламгерлерге жетісулық ақындар Азамат Нұрмұхан, Торғын Тұрлыбаева, Жангелді Немеребаев жырларын арнады. Әнші-композитор Гүлнұр Нұрасылова мен республикалық байқаулардың жеңімпазы Бейбіт Мұсаев кешті әуезді әндерімен әрлей түсті. Шара барысында сөз алған мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, ақын Қалқаман Сарин ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
– Бүгін аспаннан өлең жауған күн болды. Жол бойы Жетісудың көрікті жерлерін аралап, рухани байып қалдық. Жастардың шабыты оянып, бір ерекше күйде болдық. Жас әдебиетшілер форумының осында өткеніне өте қуаныштымын. Себебі, бұл мекен тарихы тасқа қашалған алыптардың бақ ордасы. Әрі небір сөз саңлақтарының кіндік қаны тамған топырақ. Осы шараға мұрындық болған барлық адамдарға рақмет айтқым келеді, – деді ол.
   Форум делегаттары осындай әсерлі кештің өз дәрежесінде өтуіне ұйытқы болған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына шексіз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, қонақкәде ретінде әр өңірден келген әдебиетшілер жүректен шыққан туындыларын тарту етті. Қараталмен қатар қара өлең де өзен болып ақты дерсіз сол сәтте. 
Жас әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» форумының екінші күні делегаттар Талдықорған қаласындағы Сүйінбай Аронұлы мен Мұқағали Мақатаев ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш алдында естелік суретке түсті. Содан соң «Рухани жаңғыру» орталығына барып, бағдарлама аясында аймақта қандай жұмыстардың атқарылып жатқандығына куә болды.
Форум жұмысы Тіл сарайында әдемі әдеби отырыспен жалғасты. Қалам ұстағандар әдебиеттің бүгіні мен ертеңі туралы тұшымды ойларын ортаға салды. Шығарма жазудан бастап, кітап шығарудағы машақат, оны оқу мәдениеті туралы да сөз болды. 
   Әдеби отырысқа Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, оның бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, жазушы Бейбіт Сарыбай қатысып, өздерінің өзекжарды ойларымен бөлісті.
– Талдықорған топырағы талай ұлы тұлғаларды өмірге әкелген киелі өлке. Жер жаннаты Жетісу жерінде жас әдебиетшілер форумының өтуі барша қалам ұстаған жандарға жаңа серпін берді десек болғандай. Осындай әдебиетшілер форумының ұйымдастырылуына ұйытқы болған Тіл басқармасына, басшысы Айдар Башбаевқа ерекше алғыс айтқым келеді. Себебі, басқарма ұжымының тек тіл мәртебесін көтеріп қана қоймай, руханиятқа, соның ішінде әдебиетке де үлесін қосып келе жатқаны көңіл қуантады. Тұңғыш рет өткізіліп отырған «Жетісу көктемі» жас әдебиетшілер форумының келер жылы да жалғасын тауып, ізгі бастамаға айналатынына сенемін, – деді Ұлықбек Оразбайұлы.
   Айта кетейік, Қазақстан Жазушылар одағының басшылығына Ұлықбек Есдәулетов келгелі бері көптеген игі шаралар қолға алынып жатыр. Соның бірі – одақтың өңірлік бөлімшесінің ашылғаны болатын. Оған директор болып талантты ақын Ерлан Жүністің тағайындалғаны жетісулық қаламгерлер үшін олжа болды. Бүгінгі шараны қос тараптың қосылып өткізіп жатқандығының өзі сол аймақтық филиалдың жұмысының жемісі.
   Әдеби отырыста ақын Ақберен Елгезек «Бүгінгі қазақ поэзиясы: жаңа ізденістер» деген тақырыпта ой қаузаса, жазушы Бейбіт Сарыбай «Бүгінгі қазақ прозасы: дәстүр мен жаңашылдық» туралы әңгіме өрбітіп, жас әдебиетшілер қойған сауалдарға жауап берді. Қаламгердің қадірі мен әдебиеттің өресі туралы сөз қозғалған жиында аға буын келешек жастарға сенім артатындығын ерекше тебіреніспен жеткізді. 
   Екі күнге созылған «Жетісу көктемі» жас әдебиетшілер форумының салтанатты рәсімі Салтанат сарайында өтіп, кешті облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жүргізді.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық сананы жаңғырту идеясының түп-тамыры – тілде, әдебиетте, мәдениетте жатыр. Сондықтан бағдарлама аясында Алматы облысында бір жылдан бері 8 мыңнан астам шара өткізіліп, 200 жоба жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен былтыр бір мезетте 39 кітап жарыққа шығып, оқырманға жол тартты. Алдағы уақытта облыстағы барлық ауылдық Мәдениет үйлерін жаңғыртып, жаңартатын боламыз. Сонымен қатар әдеби байқаулардың, шығармашылық шаралардың да маңызы зор. Бұл форумға облыстың, республиканың әр өңірінен талантты жастар жиналды. Ендеше, қатысушыларды айтулы шарамен құттықтағым келеді. Баршаңызға шығармашылық шабыт тілеймін! – деді құттықтау тілегінде Жақсылық Мұқашұлы.
Облыс әкімінің орынбасары келесі сөз кезегін облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрінге ұсынды. 
– Екі күннен бері Талдықорған шаһарында өлең өріліп, аспаннан жыр жауды. Жанымыз жадырады. Түн жамылып өлең оқығымыз келді. Ақ парақтарға ойымызды ақтарғымыз келді. Ежелден Ұлы Даланы ұлт ұясы десе, Жетісуды ел жүрегі дейді. Тұран мемлекетінен бастап көптеген хандықтар осы Жетісу жерінде орнаған. Оған тарих куәгер. Біздің қазақ әдебиеті сонау Алып ЕрТоңаның Тұран патшалығы кезінен бастау алады. Содан бері қанатын кеңге жайып, әлемді өз жауһарларымен таңғалдырып келеді. Мына отырған жастар сол әдебиетімізді одан әрі дамытып, іргелі етеді деген ойдамын, – деді ол. 
Шара барысында «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек осында отырған жас әдебиетшілердің Нобель сыйлығын алатын шығарма жазатынына сенімін білдірсе, белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлы ол күннің де жақын қалғандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар «Рух» байқауының қорытындысы бойынша жарыққа шыққан кітаптардың тұсауы кесілді. Бір топ қаламгер салтанатты түрде Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Атап айтсақ, Жангелді Немеребаев, Қанат Әбілқайыр, Бауыржан Қарағызұлы, Әлия Бөпежанова, Бақыткүл Бабаш, Есболат Айдабосын секілді сөз сарбаздары шығармашылық одаққа мүше болды.
   Осы форумда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Мәңгілік елдің мұраты» атты облыстық байқаудың қорытындысы  жария етілді. Оның бір ерекшелігі – жеңімпаздарға облыс әкімінің «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі тағайындалған болатын. Оған поэзия жанры бойынша ақын Сағыныш Намазшамова мен проза жанры бойынша Қанат Әбілқайыр лайық деп танылды. Поэзия аталымында екінші орынды талантты ақындар Ерлан Жүніс пен Аршын Нұрбақыт қанжығаласа, тиісінше үшінші орынды облыстық «Жетісу» газетінің журналистері Қозыбай Құрман мен Мұхтар Күмісбек иеленді. Ал прозада екінші орынды танымал жазушы Есболат Айдабосын мен Гүлжан Амангелдіқызы өзара бөліске салды. Үшінші орында Асхат Өмірбай мен Данагүл Берекеттің асығы алшысынан түсті. Жеңімпаздардың барлығына ақшалай сыйлық пен арнайы дипломдар табыс етілді.
   Бір қуанарлығы, бұдан бұлай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жетісу көктемі» жас әдебиетшілер форумы дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Жыл сайын әдебиет жастары Жетісу мекенін өлеңмен өрнектеп, ақжарма тілектерін арнамақ.
Иә, өлең өнерін қызықтамайтын, әсіресе, жас кезінде жыр жазбайтын дала перзенті кемде-кем. Ол заңды да. Жалпы поэзия мен жастықты сырлас сұлулардай мұңдастыратын, жақын достастыратын ортақ бір қасиет бар. Ол – сезім. Ал сол сезімнің нағыз қайнар шағы көктем мезгілі емес пе?! Жас көңіл шалқымай, шалқудың жырға айналмай тұра алмайтыны белгілі. Бұл көктемнің бұрынғы көктемнен өзгерек болғаны қалам ұстаған жасқа анық сезіледі. Дәйім қуанышымыз ұзағынан болсын. Сонда атақты Нобель сыйлығының өзі-ақ бізді іздеп келер. 

Қабыл ИСА.