ЖАҢАША ОҚЫТУ - ЗАМАН ТАЛАБЫ

Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 3724
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Кәсіби тұрғыда жаңа сатыға қадам басып, білім беру жүйесіне енген жаңалықтың қыр-сырын үйрену үшін «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ  ИТЖҒОӘ   кафедрасының ұйымдастыруымен «Математика» пәні бойынша өткен «Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру»  тақырыбындағы курсқа қатыстым. ИТЖҒОӘ кафедрасы облыстағы математика-жаратылыстану және гуманитарлық бағыттағы пәндердің мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, әдістемелік-шығармашылық құзыреттілігін  дамытуға, әлемдік және отандық білім беру жүйесіндегі заманауи үрдістер мен оқытудың инновациялық технологияларын басшылыққа ала отырып, интеллектуалды тұлғаны қалыптастыруға ықпал етуді жүзеге асыруда. Кафедра Алматы қаласында орналасқан ЖОО-мен, Ы. Алтынсарин атындағы Білім академиясымен, Республикалық ақпараттық оқу орталығымен, облыстық, аудандық әдістемелік кабинеттермен және эксперименттік алаңға кіретін мектептермен ғылыми-әдістемелік байланыста болып, біліктілікті арттыру курстарын жүргізу және пән мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетумен айналысуда. Осы уақытқа дейін бірнеше курстар мен тренингтердің тыңдаушысы болсақ та жаңартылған білім бағдарламасының толық нұсқасын түсініп кетудің сәті енді түскендей. Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. Жаңартылған жалпы білім беру бағдарламасының мақсаты – орта білім беру мазмұнын жаңартудың алғышарттары туралы және жаңартылған жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқытудың мазмұны туралы түсінік қалыптастыру. 
   Курс тренері к.ф.м.н., доцент Абдикади Прмагамбетұлы «Математика» пәні бойынша ұзақ, орта мерзімді оқу жоспарынан туындаған  қысқа мерзімді сабақ жоспарын нақты да жүйелі құрып, пәнді дұрыс меңгеруіме септігін тигізді. Біліктілікті арттыру курсы барысында өзіме мол тәжірибе жинақтадым. Бұған күнделікті сабақ барысында өткізілген дәріс-диалог, тренинг,  жасалынған топтық жұмыстар, тәжірибелік жұмыс,  өзіндік жұмыстар, қорғалған постерлер, презентациялар, пікірлер, функционалды сауаттылыққа арналған есептер, логикалық, олимпиадалық шығарған есептеріміз дәлел бола алады.
   Осы орайда курсқа қатысу барысында Қазақстанда орта білім беру мазмұнын жаңартудың алғышарттары туралы түсінік қалыптастыра білдік. Оқу бағдарламасының мазмұны бөлім, бөлімше, ортақ тақырыптар бойынша берілген мазмұнмен, жаңартылған оқу бағдарламасының ерекшеліктерімен, бағдарлама бойынша қолданылатын түйінді құжаттар, терминдермен, құндылықтарды білім беру мазмұны арқылы жүзеге асыру бойынша мақсат, мазмұнымен, оқу жаттығуларымен, сондай-ақ спиральді білім беру бағдарламасының мазмұнымен таныстық. Оқу бағдарламасы мен оқу жоспарының құрылымын талдап, туындаған факті, идея, іс-әрекет пен сұрағын төрт бағанға жіктеп жазып, қорытындысын топ болып талқылау және ой бөлісуді қалыптастырдық. Сабақ барысында табысқа жеткендігін анықтауға берілетін тапсырма «Ойлан – жұптас – бөліс», ЭСӘТ талдау, «Соңғы бес минут» әдісі,  «Жеке жұмыс. Мен не білгім келеді?»,  «Рефлексия», «Ширату жаттығуы», «Өзін-өзі бағамдау нысанымен танысу» кезеңі бойынша үлестірме парақтармен жұмыс жасадық. 
   Курс барысында сабақты жаңа бағдарламаның әдістерін қолдану арқылы жүргізу – оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып, өз сұрағына өзі жауап іздеп, жан-жақты білім алуына көмектесетініне, білім беру саласының даму бағытын анықтап, ынталандыратынына сенімім мол. 

Г. Айдаркулова,
№ 4 орта мектебі математика пәнінің мұғалімі
Іле ауданы