Сабыржаннан Жақыпжанға дейін

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1065
Бөлім: РУХАНИЯТ
Бүгінде қазақ баспасөзінің қара нары болған айтары көп абыз басылымның тарапына төгіліп жатқан тілектер шексіз. Ғасыр жасаған газеттің мерейтойына орай «Жетісу» Сабыржаннан Жақыпжанға дейін» атты жаңа кітап жарыққа шықты. Оқырманға жол тартқан жаңа кітап толғақты туындылар мен пайымды пікірлер тоғысып, өрісті оймен оқырманның көңіл көкжиегін кеңейтті. 
Жұртшылық жүрегіне жол тапқан дария басылым «Жетісу» газетінде талай өрен тұлғалар басшылық етіп, қарымды қаламгерлер қызметін қарышты еткен. Қазақ руханиятының жаңа рәуіште қалыптасуына әр басшының қосқан үлесі үлкен. Бас редакторлар өз тұсында өзгеріс енгізіп, журналистика ұстаханасы «Жетісу» газетін дамытып, әрлеуге, сәндеуге, сырлы сөз бен мағыналы мәндеуге барын салды, жанын салды. Осы жайында орамды ойлар тоғысқан жаңа кітап жүз жылдық жолды жария етіп, әр қадамның қуаттылығын қағазға түсірген. Міне, соны бүгінге жеткізіп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалдыруға қарлығаш қанат үлес қосқан ардагер журналист  Сарбас Ақтаевтың еңбегі ерен. Кітапта аумалы-төкпелі заманда да айтқанынан танбай, қилы күндерде де жақсылық пен ізгі жолын жалғай, татулықты көксеп танбай тіршілік кешкен тұғырлы басылымның ғұмырлы ғасыры ғажайып суреттелген. Тектілікпен тер төккен талай тұлпар  дүбірлі дүлділдер жайында, олардың дара басылымға салған сара жолын, сарп еткен еңбегі мен басылымдағы өрнегі өзгеше өрілген. 
Белгілі жазушы, білікті аудармашы Сарбас Ақтаев қазақ журналистикасының келешегі үшін айрықша алаңдап, болашақ ұрпаққа қалар қалың ой, ғұмырлық парасатын жаңа жинақта тоғыстырған. Ақынның айтары қашанда асқақтап, жалғандық пен жасандылықтан қашқақтап тұрады. Ендеше ғасыр жасаған газеттің білікті басшысы Сабыржан Шәкіржановтан бастап жаңа бағытты жандандырған Жақыпжан Нұрғожаевқа дейінгі бас редакторлардың өнегелі өмірі өрнек тапқан кітаптың орны төрде екені анық. Кітап беттерінде шығармашылық шырайы шындықпен үйлесіп, басылым беделін арттыруда түрлі күй кешіп өткен басшылар бағдары анық көрінген. Тек қаламгерлер мен журналист қауымға арналмай, жалпы жұртшылықтың жүрегінен орын алсын деген ниетте кітап тілі еркін жазылып, бәсі биік әр сәт  кеңінен көрініс тапқан. Ғасыр – ғұмыр газеттің мерейтойы аясында бұл құны қымбат сыйлық ретінде келген қонақтардың көңілінен шығып, өзінің бағасы  барын тағы дәлелдеді.  Кітапты толық түгесіп шығуға асық оқырман қызығушылықпен алғашқы бетін ашқанда «Шындық шежіресі» атты бірінші бөлімге көз тастайды. Жақсылық атауының жыршысы, жамандық біткеннің сыншысы болған «Жетісу» жайында жазылған түрлі естеліктер таңдандырмай қоймайды. 
Иә, кітап алғашқы қадамынан ақиқатты аңғартып, еңбек айдынында еренсіз болмағандардың бағасын көтереді. Сондай-ақ, осыдан жүз жыл бұрын басылым бастауында тұрған Рудольф Павлович пен Сабыржан Шәкіржанов  туралы «Қос Арыс» туындысында түрлі сыр төгіліп, ел есін енді жиған сәттегі қиындықты еңсерген тұлғалардың елеулі еңбегі ескеріледі. Жетісу десе жүрегін жұлып беруге дайын дарындар жайында дара ой тастап, асқақ пікір арқылы «Тілші» газетіне де тоқталған жинақтың жігері жетерлік. Оны оқырман кітапты қолға алған сәтте бірден байқары белгілі. Елдің саралары, ойдың даналары туралы, төр тілді тең игерген тәржіма жайында жанды жазылған туындылар жүректі жібітіп, жанды жадыратады. «Жыр Жақаны», «Ақылман аға» тақырыптарында тереңнен тартылатын тапқырлықтар мен газет ғұмырында ауыр жүк арқалағандардың тағдыры тоғыстырылған. Кітап туындыларының тақырыптары да ерекше кейіпте, бөлекше біліктілікпен қойылған. Қаламы қуатты, қиялы қанатты жандар жайындағы бұл жинақ жұртшылық жүрегінен жол тауып, көзі қарақты оқырманның ойынан шығатыны анық. Ендеше айрықша тұлғалар еңбегі суреттелген жаңа кітапты көруге, ішіндегі туындыларға көңіл бөлуге асығыңыздар.
 
Құралбек  СӘБИТОВ