Ұлттың ұлы мұрасы

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1955
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сылдырлап аққан таудың мөлдір бұлағына, сыбызғыдай сырлы саз төккен қамысы мен құрағына, жалпы айтқанда, табиғаттың ғажайып әуезіне құмар елдің ұлы мұраларын ұрпаққа аманаттау өнер арқылы жүзеге асқан. Бұл ретте айбарлы бабалардың асқақ үнін, дарқан даланың дауылпаз ақындары мен жыршыларының дабысын қасиетті қамбамыздың маржаны етіп қалдырған музыка өнерінің руханиятымыздағы алар орнын байыптай беріңіз. Ал музыка өнері дегенде мыңжылдық мұғдарында қазақ халқының өміршең өнерінің жан жүйесі ретінде танылып, даналарымызға серік болған қасиетті қара домбыра көз алдыңа бірден келеді. 

«Домбыраға қол соқпа,
Шымырлатып бір-бірлеп.
Жүрегім, соқпа, кел тоқта,
Жас келер көзге жүр-жүрлеп», –
деп жырлаған Абайдың қасиетті өлеңіне алтын арқау болған ұлттық аспаптың қазақ музыка өнерінде алатын орны салмақты. Күллі Еуразия кеңістігіне тұлпарының тұяғын бастырған, аймауыт асынған, боғжома мен шетенді жем қылып сәйгүлігіне тартып баптап,  сайын сахара төсінде сарайлар салып салтанатпен күн кешкен арда бабалар ел болып ес жиған шағынан бері қара домбырамен бірге жасасып келеді. 
Қазақтың киіз үйі, қара домбырасы және айтыс өнері бүкіл әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде «ЮНЕСКО» тізіміне енгенін еске алар болсақ, жалпы «қазақ» деген ұғыммен астастырар ұлы құндылықтарымыздың қайнары мен жақұты деп осы бір үш мұраны ерекше атап өтуіміз тиіс-ау.
Хош, бабалардың көзіндей, рухының сөзіндей көрінетін қасиетті қара домбыра жайлы деректерді алға тарталық. Негізінде, домбыраның тегі жайлы көптеген зерттеуші-ғалымдар өз хал-хадерінше тер төгіп, толымды еңбек жазып қалдырды. Білгендерін ортаға қасиетті сөз өнері арқылы салды. Солардың ішінде кімнің де болсын назарын аударатын дүние – домбыраның шығу тарихы жайлы аңыз-әпсана. Бұл ретте түпкі мағыналары бір-бірімен сабақтасып жатқандай көрінетін аңыздарды алға тартып көрелік. 
«Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да жігітті дереу дарға астырады. Екіқабат болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қуарады.
Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма, оны естіген ана егізін іздеп жолға шығады. Жолдан шаршаған ана ағаш түбіне келіп, демалады Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаштың түбінен басына дейін іші қуыс екенін көреді. Екі басына бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп, одан әуен шығады екен. «Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегін қаттылау керілген екен. «Астыңғы ішек – жіңішке дауысты қызым Зарлық, ал үстіңгі ішек – бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын», – деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен», – дейді аңыз-әңгіме туралы еңбегінде этнограф Өзбекәлі Жәнібеков. 
Жалпы қазақ музыка өнері мен мәдениеті тұрғысында толайым еңбектер қалдырып, ел игілігі үшін ғұмыр кешкендей көрінетін Өзбекәлі Жәнібековтің бұл жазбасы, қазыналы қарттардың ауызынан естіп жазылған аңыз болса керек. Дегенмен «Домбыра» сөзінің қайдан шығып, қалай пайда болғаны жайлы тіл мамандары мен ғалымдар әлі күнге бір пікірге келген жоқ. Бұл туралы түрліше жорамалдар бар. Жорамал болғанда да барып тұрған тұзсыз, нәрсіз жорамал десек артық айтқанымыз бола қоймас. Өйткені, индо-еуропашыл оқымыстылардың ұстанған методологиясымен бұл сөздің көп жерге жайылып кетуі ақылға симайды-ау. Біздегі «домбыра» сөзін арабтың «тамбур» дегенінен алынған деген пікірлерді көбірек ұшырастырып жататынымыз жасырын емес-ті.  Парсы тілінде де мұндай сөз жоқ. Мұны парсыдан алынды деп ойлайтыны парсыда «дәнба» деген сөз бар екен. Бұл «құйрық», «бәрә» деген «қозы» деген сөз. Сол екеуі қосылып «дәнбабаре» деген болуы керек. 
Қазақтың классик композиторы А. Жұбановтың болжамы бойынша «Домбыра» сөзі «қозы құйрық» дегенді білдіретін «дунбаh» және «бурра» деген екі араб сөз тіркесінен пайда болған-ды. Бұл алдыңғы ой мен болжамды қуаттай түседі. Шындығында да домбыраның шанағының пішіні конус тәрізді және қозының құйрығы сияқты аяқталады. Осындай екі ұшты әрі жанды деректерді алға тарта отырып, ғалымдар мен композитор, өнер зерттеушілердің әр болжамы мен дерегін жоққа шығара алмаймыз әрі айтылған ойлардың ақиқаттан соншалықты қиыс кетпегенін аңдаймыз. Не дегенмен, мұны қазақ халқы ойлап тауып, ұлттық аспап ретінде ғасырлар бойы пайдаланып келе жатқандығы нақты шындық екені де жалған емес.
Жалпы тарихымыздың тарланбоздарының өмірлік серігіндей болған домбыра аспабының пайда болу тарихы да әртүрлі болжамдар мен деректерге жетелейді. Ғалымдардың бірі Өр Алтайдан шежіре тарқатса, бірі батысымыздан бастау алған деген пікірді қуаттаған. Біздіңше, ұлттық аспаптың ұлт жәдігері ретінде танылуының өзі оның қазақ топырағында пайда болғанын дәлелдейді. Сондықтан да тартысқа толы пікірлерден бойды аулақ ұстаған жақсырақ секілді көрінетіні бар.
Иә, қасиетті қара домбыра тарихына бойлаймыз деп аңыздан шындық аршуға тырысып, зерттеушілердің «Домбыра» сөзіне берген түсінік-жорамалдарын да безбендеп көрдік. Бірақ, бұл деректер зейіні зеңгірмен астасқан ғалымдардың айтуымен бедерленсе де, ұлттық аспапты меңгерген, бай шежіреміз бен мәдениетімізден терең сусындаған оқырман үшін бәлендей жаңалық болып саналмаса керек. Сондықтан да домбыраның қасиетін сезіну, оның қуатты үнінен бойға рух құю үшін де өткенді бедерлі безбендеп, одан туған асыл мұраларды саралап өткеннің еш сөкеттігі жоқ болса керек-ті.
Домбыраны қазақ қалай сипаттап, қалай қадір тұтқаны туралы өткен ғасырлардағы тілінен бал тамған, өлеңмен өмірін сипаттаған кемеңгер ақындар мейлінше сыр шерткен. Асылдың сынығындай, шұғаның қиығындай адайдың асыл текті оғланы Қашаған Күржіманұлы Есқали сұпыға қонаққа келгенде, ол амандаспастан:
– Бұл үй домбыра тартып, өлең айтуға тігілген жын-шайтанның үйі емес, Құдайдың үйі еді ғой. «Ит ерткен қонақ жараспайды» дегендей, шайтанның қу ағашы бұл үйге қайдан келді», – деп жекіргені көзі қарақты оқырман үшін таңсық оқиға болмаса керек-ті. Сонда ақылы таяз сұпының бұл қылығына кектенген Қашаған не деуші еді?! Қабағын қарс түйіп: 
– Келе сала, Сұпы-еке, 
Домбырамды боқтадың.
Домбырамды боқтасаң, 
Өзімді басқа соққаның, 
Сұпылығың қай жақта, 
Шын тентекке ұқсадың. 
Қолымдағы қу ағаш, 
Сайрап отыр бұл ағаш. 
Қолымдағы ағашым – 
Алып жүрген домбыра, 
Тартқан сайын даңғыра. 
Домбыра күнә деген сөз, 
Тек бір айтқан дабыра. 
Қолымдағы қу ағаш, 
Сайрап отыр бұл ағаш. 
Асылы емен, қарағай, 
Шыққан жері су ағаш. 
Аруақты ерлердің, 
Қолындағы ту ағаш, – деп ашына айтып, бабадан мирас болып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тиегі текті, шанағы шерлі   домбыраның қасиеті туралы суырып салып, сұпыны сасырмаушы ма еді?! Иә, түсінген адамға осы бір оқиғаның өзі өмірлік сабақ болатындай. Мұны да тегін айтып отырған жоқпыз. Бүгінгі таңда домбыраға қу ағаш секілді қарайтын Есқали сұпы сиқындағы қандастарымыз да арагідік төбе көрсетеді емес пе?! Күмбір күйді ескінің қалдығындай көріп, терме мен дәстүрлі әнді қаңсыққа жоритын олар домбыраның құдіреті мен бабалардың ұлы арманынан туған асқақ та өміршең һәм тағылымды туындылардың қасиеті мен қадірін қаншалықты парықтай алар дейсіз. 
Өсірген өнерімді қызыр-бабам, 
Үніңнен айналайын бұзылмаған!
Киелі пернеңе бір қол соқпасам,
Ішегің, жетімсіреп ызыңдаған, – деп жырлаған мұзарт таудың мұзбалақ ақыны атанған Мұқағали мұңының мөлдірлігін айтсаңызшы! Қасиетті қара домбыраға ақын айтқандай қол соқпақ түгілі, көненің көзі, тәбәрігі ретінде төрге іліп, тілсіз қалдырып жатқандар қаншама. Оларға ұлттық құндылық пен қасиеттің аса бір қажеті жоқ секілді көрінетіні де бар. Бұл ашынғаннан шыққан сөз, күйінгеннен туған күпірлік те шығар, алайда ақиқаты осы емес пе?! Осы орайда қара өлеңнің иесімен танылып, арда елдің айтөбел ақыны санатынан бой көрсеткен Қалқаман Саринның:
Қасиетіңнен айналдым, 
Кешір, Домбыра!
Қолымнан Құран кеткелі, есімнен дұға,
Ит тірлік кешіп жүргендер
иттігін жасап,
Иттерге бізді қоспақшы бос үрген, мына.
Қасиетіңнен айналдым, 
Кешір, Домбыра! 
Керуен сазым, тоналды-ау,
көшіңнен мұра,
Жатырынан жерініп, Жеті атасына
Өркөкіректерді қайтейін өшінген мына, –
деп ашына жазған тағылымды жыры ойға еріксіз оралады екен. Әтпесе мыңжылдықтар бедерінде қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан қасиеті бөлек домбыраның киесін кетірмеу барша қазақтың міндеті емес пе еді?! Дегенмен күн бар жерде көлеңкенің болатынындай, тек тұман тұтқан реңсіз көріністі алға тартамыз деп, күншуақты өңірді толғауға тобықтай түйін етпей кетуді өзімізге ар санадық. Бұл ретте тас шаһарда тірлік кешкен жас буынның ұлттық аспапқа деген ынтасын арттыру мақсатында дәстүрлі түрде «Домбыра пати» сынды игі шаралардың өтіп жатқандығын айта кету абзал-ды.
Сөз соңында, домбыра деп аталатын аспап мәдениеті, тұрмысы және тарихы бойынша қазақтарға туысқан, жақын халықтардың көбінде сақталғандығын, тәжіктің думрак, өзбектің думбыра, думбрак, қырғыздың комуз, түркіменнің дутар, баш, думбырасы біздің ұлттық аспаптың көшірмесіндей көрінетінін ерекше атап өткіміз келеді. XІV ғасырдағы жазбаларда көрсетілген орыстың музыкалық аспабы домраның алғашқы түрі қазақтың домбырасына өте ұқсас. Олардың аттарының ұқсастығы және пайда болуы бірдей екендігі де атап көрсетілген. Ал, В. Платоновтың еңбегінде «домра, домбра, думбыра, думбара, думбрак және т.б. қазіргі көптеген түркі, солардың ішінде қазақ, татар, башқұрт, өзбек, қалмақ тілдерінің этнографиялық лексикасында шертіп ойналатын ішекті музыкалық аспаптың атауы ретінде белгілі. Оны миграциялық термин деп қарастыруға болады. Ол Русьте XVІ ғасырдың бірінші жартысында пайда болған» – делінген. Осы бір деректі алға тарта отырып, текті жұрттың төріне ілінген киелі аспап талай елдің мәдениметі мен музыка өнеріне сіңісті болып кеткендігін қуана атап өтуге жосық бар-ау. 
Ендеше, балбал тастар мен көне таңбалар бедерленген жартастарда айшықталып қашалған домбырамызды қадірлеп, одан туған рух тасытар күйлер мен жанды балқытып, жүйені босатар әсем ән мен тағылымы терең термелерді насихаттаудан кенде қалмауымыз керек-ақ. «Қарашы домбыраның еркесіне, Исаның шығып алды желкесіне, Домбыра – екі ішекті, тоғыз перне, Арқаның кез болдың ғой серкесіне», – деп ұлттық аспапты еркелете ұлықтаған Иса Байзақовтың немесе «Нағыз қазақ, қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра», – деп жырға қосқан Қадыр Мырза Әлінің ғажайып өлеңіндей, олардың ақындық көзқарасындай, жан дүниесінің түкпіріндегі ұлттық аспапқа деген сезіміндей, домбыра мен оның туындыларына ерекше құрмет көрсетсек қана, ұлттық рухымыз асқақ, елдігіміз баянды болатыны сөзсіз-ау. 
 
Арда би