Қобыз бен абыз

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1448
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жыр-толғау

Аруақ көшті алысқа,
Басы биік ғарышқа.
Сөз киесі қалыста,
Шаужайынан ал, ұста.
Шоқ түсіріп намысқа,
Әулиеге бағышта.

Абыз

Асатаяқ қолында,
Елу бақсы соңында,
Сексен ақын жонында.
Күйшілер мен бишілер,
Бұл шерудің  тобында.
Қараған жан сүйсінер,  
Бағың ба, әлде сорың ба.

Майтөбенің бауыры,
Майда желмен ырғалып.
Ат жетпеген ауылы,
Бұл қызықтан құр қалып.
Қауқылдасып қауымы,
Болатындай бір қарық.
Ел ішінің тәуірі,
Байшыкештер бұлданып,
Молда да тұр сұрланып.

Сығалаған сыртынан,
Қыз-қырқын да ұрланып,
Ақылмандар қырланып,
Бір шетіне тұр барып.
Жау жағадан алған кез,
Батырлар да жиналып,
Түктібайды тұр бағып.

Наурызбайға қараған,
Түлен түрткен аламан.
Қол шығарып жеңінен,
Бас шығарып жағадан.
Шығып шайқас шебінен,
Абызды кеп жанаған.
Құлын қашып желіден,
Қару ұстап бар адам.

***
Асатаяқ сілкінді,
Сары далаға сыр тұнды.
Сылдырындай  бұлақтың,
Бойды билеп бір түрлі.
Құрышымен құлақтың,
Жиылған жұрт сүйсінді.

Сылдырмақтың сырымен,
Сүйсіндірген күй тынды,
Шайдай ашқан ұйқыңды,
Дір еткізіп дүмімен,
Дүр етті де бұлқынды.
Даңғыраның  үнінен,
Айлы түн де жаңғырды.
Бір салтанат сән құрды, 
Жігерлерді жандырды.

Елу бақсы селкілдеп,
Бар өнерін  салады.
Жетпіс жыршы желпілдеп,
Тыңнан мақам табады. 
Сексен ақын еркіндеп,
Домбырасын сабады.
Тегіне кеп төркіндеп.
Күйшілер де жарады. 

Тәңірімен тілдесіп,
Абыз адал  елі үшін.
Қобыз күйі үндесіп,
Ертеңгі ұрпақ жер үшін.
Іңгәләған бір бесік – 
Ел қорғайтын ер үшін.
Көрсем деген Түктібай,
Сарбаздардың жеңісін. 

«Бер, бер, Құдай, бер, Құдай,
Тілегімді, сен Құдай.
Жаным құрбан ел үшін
Алам десең, ал, Құдай.
Арнасынан аспаған,
Бұдан бұрын шер бұлай».

Хабар жетіп ғайыптан,
Күдігінен айыққан.
Күмбірлетіп кеудесін,
Бір-ақ сәтте байытқан.

Тиді абыздың қарғысы,
Садақ тартты сан кісі. 
Тұтқын болып қалғаны,
Өлім құшты жармысы.

Мылтық атты мың кісі,
Ажал сеуіп ұңғысы.
Көріп тұрды Түктібай,
Санасында дүрбісі.

Көзі көрді Түктібай,
Жауды жеңіп, құн кесті.
Болатынын кілт бұлай,
Әзірге жұрт білмес-ті.
Әй, Түктібай, мықтым-ай!

«Қарындастың қамы» – деп,
«Сары бала жаны» – деп,
Қара қазан қайнады,
Жауға айтылып лағынет.
Кезек келді қобызға,
Ал, тыңдаушым сабыр ет.

Қобыз

Жаратылған күнінен,
Түп атасы садақ-ты.
Қырық аттың қылымен,
Жұртты өзіне қаратты.
Мүйіз тиек түбінен,
Мың сан әуен тарапты.
Белі бүкір түрімен,
Киелі оны санапты,
Қасиетке балапты.
Қара қоңыр қобызым,
Құпия өмір сүріп ең,
Қандай Құдай жаратты?..  

Азынаған жел тұрып,
Аршығанда  аршадан.
Құлақ күйін келтіріп,
Тыңдағанда барша жан.

Тоқсан тоғыз толғанған,
Тәңірдің оң көзі еді.
Он ұмтылып ойланған,
Сылдырмағы жез еді.

Аққу мойын жаратқан,
Күңіреніп үн келген.
Жаңғырып ап шанақтан,
Қобызға кеп түрленген.

Қарны жуан қампиған,
Бәйгі шауып жарапты. 
Құлақтары қалқиған, 
Қарауыл боп қарапты.

Тар жол, тайғақ заманды,
Жүріп өткен қобызым.
Жақсы менен жаманды,
Біліп өткен қобызым.

Айдау көрген қобызым,
Байлау көрген қобызым.
Қызыл шоқтың жолы ұзын, 
Қайнау көрген қобызым.

Құсты көкте қайтарған,
Қоңыр үнді қобызым.
Өне бойы ой-толғам,
Өмірі үлгі қобызым.
Қанағаты байқалған,
Момын үнді қобызым.

Абыз

Майтөбенің жонында,
Ботадай боп боздаған.
Ала аяқтың жолында,
Әріден күй қозғаған.
Нар түйенің қомында,
Баладай боп жылаған.
Ел-жұртының тобында,
Сайтанды да сұраған.
Омыртқада түгі бар,
Жан-жағында жыны бар,
Қобызы бар бір адам.

Ысқы қаздай  қаңқылдап,
Ысқан кезде шулаған.
Қиғақ құстай сұңқылдап,
Қарашығын сулаған.
Сүйкегенде ыңқылдап,
Жымық атша  тулаған,
Үйкелесе  былқылдап,  
Тиек түлеп қунаған. 

Қобыз

Кісінеген жылқы боп,
Қаңыраған  қу ағаш.
Бақсы баба мүлкі боп,
Аңыраған қу ағаш.
Үлкейгенде үрпі кеп
Қара өгіздей шаңдатып,
Мөңіреген қу ағаш.

Ботасыз нар идіріп, 
Айналасын жидырып.
Өне бойын ішектің,
Саусақтармен  сүйдіріп.

Маңыраған шыбыштың, 
Шері ме деп қаласың.
Ысқышыңнан бір ұшқын,
Жан жарасын жазасың.  

Абыз

Үн жиылып үйірген,
Дауыстарды қайырған.
Бірде жібіп сүйінген,
Бірде арасын айырған.
Кеудесінен сөгілген,
Санасынан сарғайған.
Көздеріне көрінген,
Аспан асты кең майдан.
Жаңбыр болып төгілген,
Шапқылап бұлт шалғайдан.
Қурай сынбас тегіннен,
Таптың құдірет сен қайдан?!
Медет тілеп көгінен,
Құдіретке қол жайған.

Жыршылығы жанында,  
Күйшілгі қанында, 
Көріпкелдік көзінде,
Сәуегейлік сөзінде,
Болашақты сағымда, 
Болжап білген шағында,
Түктібайдай кімің бар,
Болып өткен бабында.

Ұясындай араның.
Бұл тіршілік заманым.
Дәрігері даланың,
Қарақұрым қаптаған,
Табалдырық аттаған,
Төрін келіп таптаған.

Жұмбақ толы жолы бар,
Жын-періден қолы бар.
Перзент көрген қас бедеу,
Бақсы жайын  сол ұғар.

Сақта пәле-жаладан,
Зар құштырған наладан.
Тәңір, медет бере гөр,
Түйе мінген бабадан,
Найза ұстаған батырдан,
Қариядан ақылман.

Қобыз

Соңында көп сөз болған,
Аңыздарға айналған. 
Тіл де тиген, көз болған,
Тораңғыға байланған.

Желмаяның терісін,
Иығына жамылып.
Зар еңіреп ел үшін,
Өмір бойы қамығып.

Өз-өзінен қыстығып,
Үн шығарған қобызым.
Өз әлінше үшкіріп,
Мұң шығарған қобызым.

Баса алмаған өксігін,
Шерменденің дауасы.
Әулие мен тектінің,
Тел өсірген баласы.

Абыз

Бақсы бабы жынында,
Мойындаған  ғылым да.
Ізі жұртқа сайраған,
Жүріп өткен бұрында.
Ақжаймаға шашылған,
Құмалақтың сырында. 

Құпия толы ісінде,
Бір құдірет күшінде,
Тауып қонған абызым.
Дүмшелерге дүниеде,
Қауіп болған абызым.
Жауырыншы жалғанда,  
Тәуіп болған абызым.

Жынын салып шайтанға,
Таластырған абызым.
Жауырынға жұрты кеп,
Бал аштырған абызым,
Сиқырына куә боп,
Алаш тұрған абызым.

***
Жиылған жұрт тарады,
Қой көз, қоңыр үнділер.
Қандай хабар болады,
Шыққан ертең күн білер.

Аспанды бұлт  торлай ма,
Хабар келіп қаралы.
Бір қуаныш болғай да,
Ел жүрегі жаралы.
Тәңір өзі қорғай ма,
Артын бағып қаралы.
Шайқас алаңы
Адырна ала өгіздей мөңіресе, 
Жетеден шыққан жебе еңіресе.
Қосылып қошқыл қою қобыз үні, 
Көбейткен сарбаздардың шебін есе.

Ажалың жетпей тұрып алмас Құдай,
Жанары аламанның жанбас бұлай.
Қылыштар айқасқанда шыққан даусы,
Шыңғырған  бақсы буып албастыдай.

Ысқырған қозы жауырын сауыт бұзып,
Жекпе-жек сұрап қалмақ шауып шығып.
Айдарлы батырының  санасына,
Саңылау қобыз даусы тауып кіріп: 

Қобыз

 – Ей, батыр, болсаң сөзді шамалы ұғар,
Бұл күнге ертең елің болады зар.
Қазақта жолбарыстың жүрегі бар,
Қазақта арыстанның амалы бар.

Қайт кейін, тізгініңді тарт та, батыр,
Еліңнің амандығын сақта, батыр. –
Сыбырлап қобыз үні құлағына, –
Тіл алсаң осы жерден тоқта, батыр.

***
Сонан соң қобыз үні Наурызбайға:
«Жау келсе сендей ерде қан қызбай ма?!
Артыңда аламансыз қанша батыр,
Болсаң да сен барасың жалғыз қайда.

Ел десе өртенетін өзегің бар,
Наурызбай, шық белсеніп кезегіңді ал. 
Батыр жоқ бұл күндері сенен асқан,
Болады аруақ пен  өз елің жар.

Еңсеңді биік ұста, батыр кәні,
Ортаға шықты қалмақ шақырғалы.
Айтқызбай ұмтыл сен де, жеті ұрпағың
Жеткізер бұл қазаққа атыңды әлі.

Шайқас алаңы

Қалмақты бойын сонда  намыс қысып, 
Найзасы Наурызбайға қарыс түсіп.
Екпінмен Асылұлы  күрзі ұрғанда,
Жаулары жанарына алысты шық...

Естіді қобыз үнін шерік қалмақ,
Бұдан соң сапы қалай берік болмақ?
Арқасы қозған сарбаз аламанды,
Аруағы ата-баба келіп қолдап.

Түктібай «Қарасайлап» жүр төбеде,
Әр жерде жау өлігі тұр шөмеле.
«Елім-ай» ертең қалмақ айтар болды,
Бұл соғыс жетер болды шын сөреге.

Аспаннан қою қара бұлт шөгіп,
Қабыланның бейнесіне кіріп төніп.
Қаз-қатар отырып ап тілеу тілеп,
Төбеден аруақтар тұрып келіп.

Қан майдан ғасырларға құлаш ұрған,
Осы күн болды жаудың сыры ашылған.
«Алланың добы, – деген, – адам басы»,
Әр жерде найзаларға тұр асылған.

Көріп тұр не боларын оны бақсы,
Сайларда жаудың қаны толып ақты.
Естірткен қолбасыға қобызбенен,
Әулие адам еді жолы жақсы.

Осылай болды қалмақ
Амал қанша,
Жүресің көкте Құдай жан алғанша.
Жау алмас бұл қазақты бұдан кейін,
Аруағы әулиенің жебер болса. 

Абыз

Көрінген Түктібайға тылсым дүние,
Не деген жұмбақ толы сырсың, дүние.
Талай-талай су ақты содан бері,   
Томсарып сыртың беріп тұрсың, дүние.

Аруақпен араласып сүрген өмір,
Жөнге сап жыланын да жүрген өңір.
«Тылсымның сырын білген Түктібай», – 
деп,
Сен жайлы жел жеткізді бізге небір...

Білемін, бүгінгі ұрпақ  шырылдарсың, 
Жақсының жолына шыр шығындарсың.
Тылсым  тілін түсінген қобыз қалды,
Қобыз басын иетін кімің барсың?...

***
Көрінбесті меңгеріп,
Аумағына кіргенсің.
Ел-жұртыңа ем болып,
Екі дәурен сүргенсің.
Дімкәстарға дем беріп,
Дерттің сырын білгенсің. 
Кеңес келіп кем көріп,
Сол жерің бар бір кемшін.
Жезтырнақты  жағалап,
Аруақпен қамаған.
Шайтандар да бағалап,  
Табаныңды жалаған.
Албасты да ағалап,
Қамшың көрсе сабаған.

Осылайша тылсымнан,
Қызметіңе жүгінген.
Зікіріңе құлшынған,
Махаббаты білінген.

Өткеніңді баяндап,
Болашаққа аяңдап,
Алатауым саяң  бақ, 
Алаш келді аяңдап.

Дерттің басы жүйкеден,
Сарынымен сүйкеген,
Сыр алдырған пенделер,
Өзіңе кеп емделер,
Әулиемен тең көрер.
Бұл дүниеде білмеймін, 
Не қызық бар сен көрер.

Аруақ пен тірі адам,
Арасында дәнекер.
Ақиқатты сұраған,  
Шындықпенен пар өтер. 

Сенім толы жүрекпен,
Жан-жағына қам қылар.
Қам қыла алмай құр өткен, 
Қара басы қаңғырар.

***
Тәңір текті тұлғасың,
Не көрмеді бұл басың. 
Тіршілікті жөнге сап,
Ел ішінде тұрғасың. 

Түрі өзгерді бүгін ел,
Табиғатпен тел өскен.
Өлі менен тірілер,
Сен арқылы кеңескен.
Саясатқа жүгінер,
Сеніменен егескен.

***
Ұлы бақсы сен едің.
Жыры жақсы мен едім.
Бақсы бағы жұртында,  
Тылсым әлем ырқында,
Құпиясы ішінде,
Көрінісі сыртында.
Жырауың мен жыршың да,
Әулиеге бағыштап,
Түсіп көрсін бір сынға.

Беріп бардың бағасын, 
Жұртпен таптың жарасым.
Айта берсем сырың көп,
Қай қырынан аласың.
Аспан  сені қалаған,
Жер әулие санаған. 
Кімге мұра боласың?

Сөз сиқырын меңгерген,
Кім бар саған тең келген?
Сай-салада сенделген,
Сарыныңмен  емделген.

Сөз сөйлеймін абайлап,
Түсінемін нобайлап,
Жұмбағыңды шеше алмай,
Жүрген жай бар қарайлап.

Тура жолдан тайдырған,
Кімге кінә артамын.
Қанатымнан қайрылғам,
Берген жаза тартамын.

Сарыныңмен сарғайдым, 
Үніңменен үңіліп,
Жырымменен жүгініп,
Ет жүрегім тілініп,
Жан ұшында ілініп.

Жүрегімнің ішінде,
Қабырғаммен қапсырдым.
Өңімде де  түсімде,
Тізгінімді тапсырдым.
Тылсым сырдың иесі.
Бұл даланың киесі,
Тіршіліктің жүйесі.
Көреген  боп халқының,
Қамын көрген абызым.
Елу бақсы сарқының 
Сәнін көрген абызым.

Түктібайдай абызым,
Жалғыз қалды қобызың.
Менен шыққан жазылым, –
Перзенттік  парызым.
Сенсің менің негізім,
Қара шаңырақ – қазығым.
                 
         

Нұрлан Әбдібеков,
               Алматы қаласы