ЖАМАУ (эссе)

Уақыты: 24.07.2018
Оқылды: 2451
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Талдықорған политехникалық колледжінде ардагер ұстаз Зәмзәгүл Есболатованың ұйымдастыруымен ақын Жамау Бұқарбайды еске алу кеші өтті. Алдымен мұрағаттардан алынған бейнефильмдер слайд арқылы көрсетіліп, әдеби-сазды көрініс орындалды. Кешке Астанадан «Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі» Жамалхан Мамырбекова, Алматыдан тарихшы-ғалым Өкітай Ахметов, ақынның Талдықорғандағы достары Дүйсен Ерденбеков, Жемісбек Толымбеков, Мәраз Құсжанова, Тоқан Қоржынбаев, Ақсу ауданынан туған інісі Қанат Бұқарбаев пен «Ақсу өңірі» газетінің директор-бас редакторы Жайлау Найманханұлы қатысты. Зал толы студенттер мен ұстаздар қауымы алдында олар Жамаудың өмірі мен шығармашылығы жайында қызықты да  мұңды, тартысқа толы әңгіме айтып берді. Шындығында жай оғындай жарқ етіп, небары 45 жасында дүниеден өткен Жамаудың ерлігін белгілі жазушы Сайын Мұратбеков пен қоғам қайраткері Хасен Қожахмет атақты батырымыз Бауыржан Момышұлына теңесе, қаламгерлігімен Жетісуға танымал болған Тұрсын Әбдуәли, Әбен Дәуренбек, Камал Әбдірахман, Ахмет Кендірбек сияқты жандардың барлығы мойындаған.

 

Бір ғанамын,
Бар болғаны ұл ғанамын.
Байлауы жоқ, баянсыз, беймаза өмір,
Көп екен шырғалаңың, шырғалаңың.
Көп екен шырғалаңың, бұралаңың,
Жанымды жеп жүректі тырналадың.
Опасыздар сан саққа жүгіртсе де,

Адам деген атымды былғамадым.
 

(Жамау Бұхарбаевтың құлыптасындағы өлең)

    Желтоқсан көтерілісінен кейін жаппай қуғынға түскен жастар есін жия алмай, айтары ақиқат болса да Колбиннің жергілікті жерлердегі «тісқаққан» кадрларына адамзат алдындағы адалдығын ұқтыра алмай жүрген кез.
– Ия, жағдайларың қалай? – деді тіл қоғамының кеңсесіне кірген облыстық «Жерұйық» газетінің қызметкері Қанат Асқар, – әлгі біздің Жамау дос қайда жүр?
– Осында.
– Үйінде болса шақыршы.
Жамау он бес жыл облыстық газетте Қанатпен бірге қызмет істеген, кейін арасы екі жыл ішінде Көксу, Сарқан аудандарында газет редакторы, соңғы айларда Талдықорған қалалық «Қазақ тілі» қоғамында хатшы болып, онда да       тұрақтатпай Ақсуға, туған еліне қайтып келген.
Сол Жамау ақын қырыққа келгенде желтоқсан желімен ызғарланып, аудан басшыларымен тіл табыспайтын болып алды. Көктемгі наурыз мерекесінде желтоқсан боздақтары туралы айтам деп мінберге көтеріле алмай, шиыршық атып жүрген. Енді, міне, Қанат сонау облыс орталығынан іздеп келуі тегін емес сияқты.
– Астанада ақын Мұхтар Шаханов бастаған бір топ қазақ зиялылары желтоқсан боздақтарын ақтауды қолға алып жатыр. Оларға төменгі жақтан көмек қажет. Соған ұйтқы болатын Жамаудан басқа кім бар?
«Кімді айтсаң, сол келеді» деген кейде рас. Дәлізде асыға басқан таныс жүріс естілді де, Жамаудың өзі кіріп келді.
– Өй, сен мұнда не іздеп жүрсің?
Екеуі құшақтаса амандасты.
– Хабарсыз кеткен соң халыңды білейін дегенім бе жазығым?!
– Е, жөн. Жүр үйге!
– Жоқ, рахмет. Мүмкіндік болса бөтен де сенімді жерге барсақ. Әңгіме бар, шет жағасын жаңа досыңа айттым.
– Жарайды, ал кеттік.
Жол бойы талай нәрсе айтылды. Жамау мына ұсынысқа қуана келісімін берді:
– Бәсе халықтың қарғысы жіберсін бе. Оңбағандар, елді алдап, желтоқсанда алаңға кілең бүлікшіл жастар жиналды деп түсінік жұмысын жүргізді. Біздің ауданнан да он екі қыз-жігіт қатысқан екен,   қазір бәрі жазықсыз оқуларынан шығып қалды. Олардың өміріне балта шапқан опасыздар лайықты жазасын алуға тиіс! Ол үшін халықты жинап, азаматтық «Желтоқсан» қозғалысының құрылтайын өткіземін. Соңғы кесімді халық өзі айтады. Тек қазір Қанат барда құрылтайды өткізу жөніндегі  ынталы топ құрып алуымыз қажет.
Желтоқсан оқиғасының куәгері, суретші Жолдасбектің дастарқаны үстінде мақсаттас жігіттер жиналып, он бір адамнан мүшесі бар ынталы топ құрылды. Заңды түрде тіркелу үшін бірінші мәжіліс хаттамасы жазылды. Ынталы топтың Жарғысы мен Бағдарламасы қағазға түсіріліп, көбейтілді. Барлық елді мекендерге құрылтай өткізу жөнінде хабаршы жіберілді. Желтоқсанның бес жылдығын ел болып атап өту жөніндегі ұсыныс қоса айтылды.
Жағдай ойлағандай шиеленісті. Қарапайым халық құрылтай өткізуді қолдады. Аудандық партия комитеті мүлде қарсы шықты.
Кенттегі Мәдениет үйіне ақпанның 5-жұлдызында ауылдардан келген үш жүз алпыс бес делегат жиналды. Аупартком хатшылары әдеттегідей лауазымды адамдарға арналған төрде емес, бірінші рет қалың көпшіліктің арасындағы орындықта отырды. Мәжілісті мен басқардым. Жамау салған жерден елді үйіріп әкетті.
– Қанды желтоқсанда қазақ арыстары мен аруларды сойыл мен сүйменге жығып, иттеріне талатқан, сау қалғандарын саралап өлім жазасына кескен жалғыз Колбин емес, оның қолтығынан демеп, қолпаштап отырған Мәскеудегі,  Кремльдің төресі Михаил Горбачев және ауыл, аудандардағы оның қолшоқпарлары, – деді Жамау, – Аупарткомның бірінші хатшысы Нәуке, халқыңыз сізден желтоқсан құрбандығының бес жылдығын кеңінен, ақиқатын аша атап өтуді сұрайды, бұған не дер едіңіз? Қалың қарашасы сенген хандар да көпке топырақ шашпаушы еді.
Аупартком хатшысы орнынан ашулы көтерілді. Сырын қаншама сездіргісі келмегенімен әр сөзі тістерінің арасынан сыздай шықты.
– Желтоқсанды ақтап митинг өткізе алмаймын.
Сарай іші толқын кергендей гу етті.
– Хатшыға сенімсіздік білдірілсін.
– Мұндай басшының қажеті шамалы.
– Халықтың рухын таптағаны ғой.
Жамау оң қолын көтергенде жұрт сілтідей тынды.
– Ұйғарым былай болсын, хатшы қаласын, қаламасын желтоқсанның бес жылдығын атап өтеміз.
– Дұрыс шешім!
– Қолдаймыз, молда алдырып, шаһидтерге бағыштап Құран оқылатын болсын.
«Бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, қатты ашынғаны сонша, аупартком хатшысы мен оның төңірегіндегілер турасындағы наразылыққа толы жарыссөз қызды да кетті. Жеке билеушілік тізгінін ұстап, айтқандары сөзсіз орындалатын аудан басшылары бірінші рет алты сағатқа созылған жиыннан сең соққан балықтай есеңгіреп қалысты. Ертесіне аудан мекемелерінің басшыларын жинап, желтоқсанды атап өтуге әкімшілік жолмен тыйым салатындығын білдірді.
Құрылтайдан құлақтанған жұртшылық бірақ Жамау жағында еді.
...Алаңда Тұрғанбай молда Құран оқып, құрбандыққа қара қой шалынды. Әйелдер жағы үйлерінен жеті шелпек пісіріп әкелген екен, елге үлестірілді. Желтоқсанда оқудан шыққан өрімдей қыздар мен жігіттер, кейбіреулерінің ата-аналары сөйлеп, көңілдері босаған көпшіліктің жанарларын жас жуды.
Жамаудың мен білетін саяси күресі осылай басталды.  
...Ынталы топтың кезекті мәслихатында жоңғар шапқыншылығы кезінде Дарабоз Қабанбайдың түменбасыларының бірі болған Шоңай батырдың қос ұлы, қаһарман жауынгерлер Назар мен Нартайлаққа жерлесіміз ретінде ас беру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Жамау бұл кезде Қарашілік округінен аудандық кеңестің депутаты болып сайланған.
– Қалай қарайсыңдар, көтеретін шаруамыз дұрыс па? – деді ол топ мүшелеріне сынай қарап.
Бас сәулетші Нұрланды қасынан бір жеті шығармай ұстаған Жамау тарихи ескерткішке лайық кесенесінің жобасын жасар алдында қос батырдың ағайындарымен тағы бір ақылдасты, көнекөз қариялардан естіген деректерін сұрастырып, түртіп отырды. Ақыры құрылысшылар кесенені салып болғанша ақынның «Назар – Нартайлақ» поэмасы жазылды. Бұған дейін өзінің туып-өскен жеріне арнаған «Жартоған» атты тұңғыш кітабы шыққан болатын. Таяуда жарық көрген «Жаннатым менің» кітабын қоғамның көрнекі үгіт бұрышына қойған жерімнен қолқалап алып алды.
– Аз данамен шыққан мына кітапты таппай жүрсем, жақсы болды ғой. «Жаралы аққу» поэмасын бастырсам, мына кітап бар, болашақта «Пері қызына хат» атты жинағымды баспадан күтіп отырмын, бәрін жинап Қазақстан Жазушылар одағына өткіземін.
– Жазушылар одағы енді құрылайын деп жатыр. Несіне асығасың?
– Асығу керек, бауырым! «Жақсы сөз – жарым ырыс». Әлі-ақ Тәуелсіз Қазақстан Республикасы да, дербес Жазушылар одағы да болады. Жаман ағаң соның бір мүшесі болып жүрсе кімнен несі кем?
– Болуыңа тілектеспіз, Жәуке!
Қос батырдың кесенесіне жүгіріп жүргенде «Жазушы» баспасынан қаржының тапшылығына байланысты кітабын шығара алмайтындықтары жөнінде хат келді.
– Жетіскен екенбіз, енді өнер туындылары да саудаға түсетін болғаны ғой, – деді ол қолындағы бір жапырақ қағазды жұмарлай қоқыс шелегіне атып, – сонда жазушылар қалай күн көрмек. Кітапты басу үшін менен он мың сом сұрайды. Он мың түгілі екі жүз сом жалақы алып көргенім жоқ.
– «Асыл пышақ қап түбінде жатпас» деген, бір ыңғайы келер.
– Әй қайдам. Қыспақтың басы осы болар, әлі өлеңдерімізді ел жиналған жерлерде ғана оқып, шерімізді шығарамыз.
Қос батырдың кесенесі ойдағыдай шықты. Есігі, босағасындағы найзасы мен қалқаны екіден жасалған аумақты кесене сонадайдан көз тартып, сары дала төсіндегі ерліктің көзіндей көкпен таласады. Оның ашылу салтанатына жиналғандардың санында да шек жоқтай. Аттылы, жаяу ағылған ел.
Жырқұмар ел салтанат үстінде Жамауға сөз бергенде салған жерден «Назар – Нартайлақ» поэмасын сұрап оқытты.
Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы төрт сағатқа созылды. Жамау сөз сұраса да бермей, төралқадағылар жарыссөзді тоқтатуға ниет білдірді.
– Тоқтаңдар! Айтпағым бар, осындайда сөйлетпесеңдер, сонау жер түбінен неге шақырдыңдар?!
Жылдам адымдаған ол төрағаның қарсылығына қарамастан мінбеден бірақ шықты:
– Ана тілі дейміз. Тіл – дініміз құрығанда ғана жойылатынын білеміз бе? Олай болса алдымен дінді мықтап қолға алу қажет. Қараңыз, Қытаймен шекараны ашып қойды, биылдың өзінде ғана газеттегі есептеу бойынша төрт жүз қазақ қызы қытайларға тиіпті. Демек, осынша адам будда дініне кірді деген сөз. Отырғандар тыныштала қалды. Шешен өзеуреп шыққанына қарағанда көкейкесті мәселенің манағы ұзақ жиналыста ашылмай қалғанын барлығы да түсінген.
– Сіздер діндегі «қалта саясаты» дегенді естулеріңіз бар ма? Оның мәнісі мынада, ислам дінін баяғыда мұсылмандар бүкіл Еуропаға қылыштың күшімен кіргізді. Христиандардың атақты крест жорығының мақсатын да білесіңдер. Олардың барлығы да жаулаған жерлеріне өз дінін ұстатты. Ал қазіргі қалталылар, яғни байлар қарудың орнына доллар, немесе ақша қолданып қатырып жатқанын қалай аңғармайсыңдар?! Ана тілін сақтаймыз десек, алдымен басқа ұлттың дініне кіріп жатқандармен күресу керек.
– Оларға не істейсің?
– Бізді осы енжарлық құртады. Әр ауданнан мешіт ашуды, оған жастарды тартуды жандандырайық.
– Негізінен қазақтар тұратын Ақсу ауданында да мешіт жоқ қой, алдымен өздеріңді жөндеп алыңдар.
– Оның рас, мешіт бетімізге шіркеу болып бітті. Осыдан барысымен қолға аламыз.
 Ол мінбеден тез түсіп кетті.
Аудан орталығына келісімен кент әкімі Серіктің атына қатынас қағаз түсірді. Екеуі кеңінен отырып ақылдасып, ақыры мешітке партияның кезінде Алматы мен Шығыс облыстар арасындағы жоғары лауазымды жүргінші қонақтарды күтетін үйді беруді жөн санады. Ол ақ кірпіштен салынған, төбесіне күмбез жасап жіберсе нағыз мешітке лайық орын. Оны облыстағылар қиып бергісі келмеуі де, дау туғызар әңгімеге айналуы да мүмкін. Сондықтан кент тұрғындарының жалпы жиынына салып, аудан әкімінің қатысуымен шешуді дұрыс деп түйді.
«Халық қаласа хан түйесін сояды» дегендей, ел белсенділері де мешітке қонақүй берілсін деп тапты. Мұны әйтеуір аудан әкімі Сағатбек те қолдап, қонақүйді мешітке беру туралы өкім жарияланды.
Ақсудан шыққан арыстарды елге насихаттап, ауылдарды аралап жүрдік. Ит жылғы қыс қатты болды. Әсіресе, ақпанды айтсаңшы азынаған!
– Мен ертең Талдықорғанға барамын, – деді бірде толғаныс үстінде, – сайлау науқаны жақындап қалды. Азаматтық «Азат» қозғалысы өз кандидатын ұсынатын көрінеді, соған қатысамын.
І. Жансүгіров сайлау округінен депутаттыққа кандидат болып ұсынылдым, – деп келді екі күннен соң, – бір орынға екі адам таласамыз.
Міндетті түрде жиналуға тиістісінен үш есе артық қол жиналды. Тіркеуден аман-есен өтті.
– Халқымнан айналайын! Сайлауда да жеңіп шығатыныма сенемін, – деп балаша қуанып жүрді. Қалай екенін ертеңгілік жұмысқа келісімен күн санайтынды шығарды.
Соның арасынша аудан, облыс әкімшіліктері шақырып, екі мәрте барып қайтты.
Біріншісінде:
– Бөлімдерге шақырыпты. Кандидатураңды алсаң қайтеді деп қолқалады. Көнбедім. Тіпті жалынып болмаған соң «Халыққа өтірікші бола алмаймын» деп безектедім.
Сонан соң мені біржолата көшіріп жіберулерін талап еттім. Жайлы қызмет, жаңа жеңіл машина берсе де алмадым, – деп келді.
 Екіншісінде:
– Серік Шаяхметұлының өзіне кіргізді. Бұрыннан білетін құрдасым емес пе, облыс әкімі мені түсінді, енді мазаламайтын болды, – деп келді.
Кенет қайғының қара аспаны төнді! Түрі жаман жентек қарды жұлқына атқан дауылды, түнерген дүлей таңда, иә сол атты адамды ұшырардай ұшқынған алапатта: «Жамау ақын өзіне қол салыпты», – деген денені темірдей қарыр аяздан да суық хабар дүңк етті. Аңырап ана, жасын төгіп жар, бүгіліп бала, қан ішіп дос-жаран қалды. Ақынды көрге қимаған табиғат зират қорымына барар жолды борап тастады. Ауданның бар күшті техникасы борасынды тазалауға шамасы келмеді. Мыңдап мал қырылды. Түнгі аспанды қарғыстың нышанындай шұбатылған ақ жолақ шулан екіге бөліп тұрған аязда техникалардың жанар-жағармай құйған бактары қатып, жарылды. Тек алыстағы ағайындарына хабарға кеткен УАЗ ғана дін-аман оралды. Жұмбақ өлім сырын қалың жұрт түсінбеді.
– Жыртығымызға жамау еді, жалған дүниеден отыз бірінші Ақсу арысы болып өзі өтті, – десті.
Алты Алашқа хабарланып, конференция өтеді деген күні тағдыр Жамауды жерлеуге мәжбүр етті.
Конференция қимас досымыздың қырқын бергенде жұмысын бастады.

...Политехникалық колледж залында өткен кеш барысында жас талап ақындар Жамаудың өлеңдерін жатқа айтумен бірге өздерінің жас жүректерін жарып шыққан арнауларын да оқыды. Студенттер залдан түрлі сұрақтар қойып, ақынның келесі жылы аталып өтетін 70 жылдығына туған ауылы Есеболатов та Жамау оқуларын ұйымдастыру, шығармаларын арнайы сайдтарға салу, оның құрметіне күрестен аудандық турнир өткізу сияқты ұсыныстар айтылды.
 

Мұхаметәлі ҚАЗБАНБЕТОВ
Ақсу ауданы