СЫРЫ ЖҰМБАҚ ПАРАСАТТЫҢ ҰЛЫМЫН

Уақыты: 29.07.2018
Оқылды: 1782
Бөлім: РУХАНИЯТ
     Біздің дәуірімізге дейінгі таланттардың жиынтығының жемісі шығар дейсің ұзақ іркіліп. Аздан соң қазақтың дара бейнесі келеді көз алдыңа. Әлде бөгде ғаламшарлық...  Көзге онша іліне бермейтін нәзік бейнелер... Сағым сәулелері... Тосырқайсың... Жатырқай қарайсың... Бірақ алыстап кетуге тағы батпайсың. Оның нендей құпиясы бар. Ол да белгісіз. Әйтеуір әсерлі. Сүйсінесің. Сенесің. Кімге? Әрине, замандасыңа. Оқырманның бірден оған ынтығы ауа қоймайды. Бәлкім, ол сонысымен де асқақ шығар. Шындығында ол өмірді өз қиял кеңістігінен не әлдебір магиялық күштің ықпалынан, тіпті біздің эрамыздан кейінгі болатын құбылыстар-дан іздейді. Біз де соған қарай дәметеміз.
 

    Ақынның «Алқоңыр дүние» атты жыр жинағы есті адамның жүрегіне майдай жағуы ықтимал. Айталық, өзіңе ғана тән, көптің көзіне түсе бермейтін буындардың архитектоникасы әсте бөлек. Сонысымен өлеңдерінің асқақ көрінуі ғажап. Мұндағы терең мағыналар мен мазмұндар маздағы ежелден келе жатқан таптаурындардан, жаттанды қалыптан ада.

   Күдерден жым тартып, қиядан қиыстырып, өзіңше сүрлеу салған, географиялық шеңбері өте кең ой жүйесінің иесі Тыныштықбек Әбдікәкімов. Ол кейде оқшау бөлініп шықса, кейде көптің бірі болып, көзге түспей қалтарыста қалыңқырап жүрген тұлға. Алдияр оқырман, сізге жақсы өлең керек пе? Онда Тыныштықбекке үңіліңіз. Ал, өте жақсы өлең керек болса? Тағы да Тыныштықбекті ақтарыңыз. Не іздесеңіз де осы Әбдікәкімұлынан табылады. Бірақ біреуге көзі, біреуге сөзі ұқсап тұрған жылмағай жыр Тыныштықбек творчествосына жат. Тіпті, ақын туындыларымен түбегейлі танысып, егжей-тегжейіне жете ежіктеп оқығанның өзінде, айтылмыш авторды ешбір замандасымен төркіндестіре алмай қажисыз. Мүлдем бөлек, мүлдем оқшау. Ешбір мықтының салқынына ұрынбаған. Жақсысы да, жаманы да өзінікі. Тек өзіне ған тән дүниелер: ірі, кесек, бұдырлы, бүрлі, салмақты, салауатты, құнарлы.
   Тыныштықбек табиғаты – алғыр, алымды, уытты, беймарал. Оның олжалы қаламы іліп алар сурет жоқ-ау деген жердің өзінен сүбелі жыр сүйреп шығады. Мың жылқы жүріп өткен жотадан мың құшақ гүл теріп, өрт шыққан өрістен бір мая шөп шабу Тыныштықбек шабыты үшін түк қиындығы жоқ. Қара дәудің қуатындай бір күш қыранның жанарындай үлкен қырағылық бар онда. Кейде ондаған, тіпті, жүздеген жіті көздер сүзіп өткен ашық алаңның өзінде бірен-саран асыл дүниенің байқаусыз қалып қоятынына қайранбыз. Сірә, нағыз ақындардың тек өздері ғана көретін, өзгелер өліп бара жатса аңғармайтын сиқырлы сәттер кездесетін болуы керек.
    Жиі-жиі өз ісіңнің қате екенін түсіну – бұл тірлікті жиі-жиі тәубесіне түсіру.
   Рас-ау! Бір ғана жол өлең. Бірақ ол – тұтас шығарманың идеясын қуаттап тұр. Әдемі! Тіпті талдап түсіндіріп жатудың керегі жоқ. 
О, баста оны қазақтың мүйізі қарағайдай жазушылары Т. Әбдік, М. Мағауин, Ф. Оңғарсынова, Т. Медетбек, Н. Оразалин «Қазақ әдебиетіне өзгеше мәнермен ерекше сипат ала келген тағдырлы құбылыс» ретінде бағаласа, сөзді сұлудың бұрымындай етіп өрген өрелі қаламгер Әбіш Кекілбаев арыдан тартады. «Алайда, бұл әлгілердің ешқайсысын сол қалпында қайталамайтын, қазақ өлеңінде ара-тұра ұшырасып қалып жүрген талай-талай соны соқпақтарды соңына дейін жеткізіп, айдын жолға айналдыра алған аршынды, сонысымен де көзіңе сойқан елестейтін айбынды ақын. Бұрын-соңды болмаған ақын... Қазақша айтқанда, біртүрлі ақын. Қазақтың “біртүрлі” дегені мақтағандықты да, масаттанғандықты да білдірмейді. Бірақ, тосырқағаны мен таңырқағанын жасыра алмай, амалсыз мойындағанын аңғарта алады. Түптей біліп, түбегейлі түсіне алмай жатқандығын да сездіртеді. Тынышбек Әбдікәкімовті де біреу ұғар, біреуі ұқпас, біреу құптар, біреу құптамас, бірақ ол ешкім елемей кете алмас, ескермей қала алмас, айрықша нысаналы ақын», – дейді ұзақ тебіреніп.
Біз бүгін сол «Біртүрлі ақының» «Алқоңыр дүние» атты айшықты кітабымен қуана-қуана қауыштық. Жинақ шартты түрде алты бөлімнен тұрады. Қосымша авторлық түсініктемесі бар. Шартты деуіміз тегін емес. Әр бөлім жеке-жеке жіктеліп, дара-дара тармақталғанымен, Отан, қазақ, махаббат, достық, ауыл сияқты негізгі тақырыптар белгілі бір бөлімге ғана бұйдаланып, сол бөлімдермен ғана шектеліп қалмаған. Өзара араласып, бір-бірімен біте қайнасып, іштей жымдасып жатыр.  Сондай-ақ, бұл жыр жинағының тағы бір ерекшелігі – бағзы бабаларымыз дүниетанымындағы Сөзтаным мен Күнтану ілімдері даналық ғибраттарынның поэзия тілімен өнеге боларлықтай үлгіде өрнектелуінде. Өлеңді басынан аяғына дейін сүзіп шыққан сәтте еңбектің құндылығынан да тыс мазмұнының өте  қуатты сомдалғанын сезінуге болады. Автор аса шабытпен, еркін ойлау екпінімен қалам тербегенге ұқсайды.
Тосынсый, тапқырлық, ерекше пішіліп, кесілген қисындар тағы да сондай өрімдер мен қиыннан қиыстырылған суреттер көз алдыңда мен мұндалайды. Өлең иесінің көп жылғы тәжірибесі – сөзді сомдауға үлкен тағантас болса қажет.
   Шындығында қазақ поэзиясы о, бастан дәстүршіл поэзия ғой. Ол жаңалықты мысқалдап болмаса, батпандап қабылдағанды әуел бастан жек көреді. Ақ өлең бізде бұрыннан бар. Бірақ ойға, образға, екпін-ырғаққа ғана арқа сүйеген ұйқассыз өлең күні бүгінге шейін сіңбей-ақ келеді. Оны айтасыз, қазақ поэзиясы он бір буын шалыс ұйқастың өзін баурына баспай-ақ қойды. Содан да болса керек, Абай орыстың он, он бір буынды шалыс ұйқастарын өзіміздің көне қара өлең формасымен аударған. Иә, қазақ поэзиясы түшіркенгіш поэзия. Ұйқассыз өлең жаза бастасақ сәби жырымыздың үстін қызыл бөрткен басып кете жаздайды. Мәселенки мына шумақтар:
Раһаты-ай!
Жанған отқа итініп,
Жаратқанды еске алсаң ед бұл түні. 
Кімсің өзің? 
ЛӘЙЛІ – ЖҮРЕК? 
МӘЖНҮН – МЫЙ?
 Аянышты? Күлкілі?
   Оқып отырып ақын поэзиясының күнделікті лабораториялық тәжірбиесіне қаншалық мән берсе, оның ғылыми-творчестволық теориясына да соншалық мән бергенін байқайсыз. Ақынның «Тыныштың өлмеске арнап айтқан алғашқы сөзін» оқып отырып, оның ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруді суқаны сүймейтін асқан  еңбекқор жан екеніне көзің әбден жете түседі. Қазір оны қатардағы көп ақынның бірі десек, қатты қателесер едік. Жоқ. Ол – қазір маэстро, көркемсөздің үлкен ұстазы. 
Мен де сендей – сыры жұмбақ
ПАРАСАТТЫҢ ҰЛЫМЫН.
Үйренсем деп, игерсем деп
   АРМАНДАУДЫҢ ҒЫЛЫМЫН,
өз Ойымнан өзім озып, азап шегем, құлыным!
Елемес пе ек зарығудың, торығудың бірін де,
ЕШТЕҢЕНІ АЙТПАДЫ ҒОЙ
ҚИЛЫ-ҚИЛЫ ІЛІМДЕР...
«Эврика! Эврика! Эврика!» – деп, кәдімгі
Адамдардың тілінде
АЙҒАЙ САЛАР ҚҰМЫРСҚАЛАР,
КҮНДЕРДІҢ БІР
КҮНІНДЕ!!!...
Өлеңнің ішкі бояуы, жалпы әрі, үні, мазмұны өте кіді. Кейде ойдың портретін анық әрі сенімді сызады. Шеберлікте шек бар ма?! Нені жазам десе де, қалай жазам десе де, оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Менің байқауымша, өзі өмір сүрген ортаны, Менделеев ашқан ғылымның құдіретін қазақ топырағында қаламдас қатар-құрбылары ішінде Тыныштықбектен көп, Тыныштықбектен артық жырлаған дарын жоқ сияқты.
Жалпы алып, жалқы қарағанда Тыныштықбекті өз қатарынан оқшау көрсетіп тұрған екі нәрсе бар. Әрине біздің пайымымызда. Оның бірі – тақырып. Бұл тұрғыдан келгенде, ақын жан-жақты. Өрісі өте кең. Ол қашанда дәстүрлі тақырыптарды емес, мүлдем жаңа жайттарды жазғанды жақсы көреді. Содан да болса керек, фамилиясын көрсетпесең де, тақырыбының ерекшелігіне қарап-ақ, айтылмыш ақынның жинақтары мен жырларын бірден тани аласың.
Екінші  қасиеті – суреткерлік. Иә, иә, тура мағынасындағы суреткерлік. Тыныштықбек егер ақындық жолға түспесе, суретші болар ма еді, қайтер еді?! Оның жанары нұрлы, көзі сәулелі. Сол нұр мен сол сәуле байқамайтынды байқап, көрмейтінді көреді. Күңгірт дүниені нұрландырып, сиықсыз нәрсені сәулелендіріп жібереді. Кейде боранда қалған адамдай адасасың.
Қап-қараңғы. 
Үрейдің арқасындай мына
Түннен азырақ қорқасың да. 
Сыртта боран булығып,.. 
Жын күледі моп-момақан пешіңнің қолқасында.
немесе  
«Сезімнің сынықтарын құрсар күйді 
Сен маған осы қазір қисаң қидың!»
 – деп түнгі құрбым отыр... 
Омырауынан бүр жарған жұлдыздардың
   иісі аңқиды...
Осы үзінділердің қай-қайсысы да автордың мақтануына, сыншының мақтауына, оқырманның тамсануына әбден татитын-ақ жолдар. Басқаларды білмеймін, өз басым, әйтеуір, мұндай жыр жолдарының соңынан қуана-қуана қол қояр едім. Дәл десеңіз – дәл. Әдемі десеңіз – әдемі. Ұтымды десеңіз – ұтымды. Ұғымды десеңіз – ұғымды. Өзге ақын емес, өзің жазғандай мәз боласың. Ырзасың...  Тәнтісің... Әрі қызғанышың ойнайды.
Ақынның «Алқоңыр дүние» атты жыр жинағы есті адамның жүрегіне майдай жағуы ықтимал. Айталық, өзіңе ғана тән көптің көзіне түсе бермейтін буындардың архитектоникасы мығым. Сонысымен өлеңдерінің асқақ көрінуі ғажап. Мұндағы терең мағыналар мен мазмұндар маздағы ежелден келе жатқан таптаурындардан, жаттанды қалыптан ада. Өлеңдегі қайшылықтар оқырманды өзіне қарай сіңіре береді. Тіпті жүйкесін жұлқылап оятады.
Алдын ала айтып қоятын бір жайт – Тыныштықбек өзінің бұл кітабында ақындық мәнерімен ғана емес, жоғарыда айтқанымыздай, тақырыбымен де тосын. ««ГАЛЛЮЦИНАЦИЯ», «ПАРОКСИЗМ», «ГЕГЕМОНИЯ», «ЫНДЫН», «МАТЕРИЯ», «ТРАНС». Байқап отырған  шығарсыздар, мұның ішінен екінің бірі жазып жүрген үйреншікті  көне тақырыптарды табу қиын. Кейбір «білгіштердің» көзімен қарар болсақ, бұлардың көбі поэзиямен мүлдем байланысы жоқ қатқыл нәрсе, қарабайыр дүние. 
Әрине, тақырып деген келелі ұғым. Тақырыбына қарап, ақынның табиғаты мен талантын анықтауға да болады. Бірақ көркем әдебиетті көркем әдебиет қылып тұрған тақырып қана ма?! Жоқ. Мәселе онда емес. Мәселе сол тақырыпты әдемі игеруде жатыр ғой. Бір ақынды бір ақыннан ажыратып тұрған көзі ғана емес, сөзі, көре білуі ғана емес, бере білуі де. Бұл тұрғыдан келгенде қалың көптің ішінде қалай-солай жоғалып кетпейді.
Жетістігімен оқшау тұрады.
        Тәнді қайтем?
      Ертең шіріп қалар тән.
 Жанды қайтем? 
Жанымды ұғар жоқ ортам.
Мына қала өгейлігін танытты-ау, 
өлмей тұрып, көзімді енді жоғалтам.
      Сөзді қайтем? 
      Буып тілді тұр мүлдем.
      Сөнген қылын суырарсың бір-бірден.
      Үйім жоғы үрей болды-ау басыма.
        Дүмбілездер дүлей болды-ау,
кім білген! 
          Сұр кісілер, Сұр көшелер... 
           Сұр – бәрі. Сұрғылт қала –
        сұрғылт Ойлар құрбаны. 
           Бұл Жалғанның ауыр екен басыңнан 
                  баспананың елесімен ұрғаны!
Оқыс сурет. Ешкім әлі байқай қоймаған, байқауы да мүмкін, демек, өлең-жырда дәл осы күйінде бейнелене қоймаған бейтаныс құбылыс. 
Алақанда қатпай тұрып дән аштан,
баяғыдай жыласа еді кәрі Аспан!..
Емшек еміп көрмей өскен «балашкаң» 
химиялық булы сүтке таласқан. 
Көрде ғана қалған шығар таза мұң?
Менде ғана – бұл әлемнің азабы?... 
Тоя жұтып һауияның тозаңын,
 құлпытасқа азанама жазамын?...
 Бұл өмір не? «Маутхаузен»? «Гулаг»? Тозақ?..
 – дейді енді бір өлеңінде ақын. Осы тоғыз жолдың ішінде бізге белгісіз жалғыз сөз түгіл, жарты сөз жоқ. Бәрі таныс. Бәрі ескі. Бірақ сурет жаңа. Таныс сөздердің туыстығы арқылы бейтаныс образ жасалған. Байыппен саралап кейбір ала кіді жайларды шегіністер арқылы егжей-тегжейлі әрі қырынан көрсету – батыстық үлгі бойынша кербездік ағымына жақын.
Мұңның мені мүмкін бе иектері?
Мұндай бола қоймайды күй өтпелі: 
құшағына қыз – самал енген сайын, 
балқи түсер таулардың сүйектері.
Айналаны алғанша ымырт қамап, 
гүлдеп жатқан кең Дала – түлікке бап.
Қалпағыңа, шешсең-ақ, бұл маусымның
үлгереді торғайы жұмыртқалап...
Бұл екі шумақ өлең көктемге байланысты болуы керек. Бұдан біз басқаны көрмей, Тыныштықбекті көреміз. Құшағына майыса құлаған қыз самалдың әтірінен өне бойың балқып, таулардың сүйектері сықырлайтындай. Тіпті, ақынның айтуынша, қалпағыңды шешкенше қараторғай жұмыртқалап үлгерді. Бұл – шайырдың көктемге берген бағасы.
Өлең деген – балаң сияқты көңілшек. Сүйіп қосылған жарың сияқты ақжарқын. Әйтсе де, көзіне шөп салғанды ол да ұнатпайды. Өмірлік ғашығың сияқты, тіршіліктің ащысы мен тәттісін бірге татқаныңды қалайды. Жанына батқан күні жалт беретін баянсыз жандарды суқаны сүймейді. Өзгені алдағаныңды былай қойғанда, өзіңді өзің алдағаныңды кешірмейді. Шыдамның да шегі бар. Өнер табиғатын терең танымайтыныңа, үлкен мақсат, үлкен мұрат ұстанбайтыныңа көзі жеткен күні оңай жеткен абыройыңды оп-оңай-ақ тартып алады. Не істейсің оған?! Түк те істей алмайсың? Күйретіп тынады. Күйреп тынасың. Содан да болар ақынның былайша толғануы:
Уай, Әділет, саған айтам,
Саған айтам, Қара Өлөң!
Сенің үшін от біткенге күйген ем;
Махамбеттей мәрттілікке иланам,
Абай сынды әулиеден именем...
Сайқал сөздер төсектеріне сүйрелеп,
алып шықты қашан сені күймеден?
Іштей ғана жылайсың?
Жылама,
көз жасыңның тамшыларымен түймелен...
Неге «Қара өлең» емес «Қара өлөң». «Өлөң» термині жинақ соңындағы авторлық анықтамада: [аңқып өсуші жаратылыс, жұпар шөп; Өсімдік дүниесі; Қош я аңқыр  яки жұпар тұлғаларға тән сөздердің я ойлардың жұпар үйлесімі.] Мұнда ақынның сөз құбылтуға келгенде біраз батылдық көрсеткені байқалады. Бұл Тыныштықбекке тән қалып. Ақын жырларында кездесетін «айырплан», «сілекейге асылып өлу», «көтенімен ұлу», «рәзеңке емшек», «ақ қан» сияқты сөз тіркестері біреуге түсінікті болғанымен, біреуге түсініксіз. Біреуге белгілі болғанымен, біреуге белгісіз. Логикалық не логиканы қажет етпейтін қым-қуыт ізденістер мен шым-шытырық оқиғалар желісінде ішкі иірімдері мен ілкі түйіндер тұтасып жалғасын тауып жатады. Шарлай бересің, шарлай бересің. Осының бәрі Тыныштықбектің пайдасына шешіліп жатқан шаруалар. Ақынның ешкім тартып ала алмайтын табыстары. 
Құлыным-ау,
Көз бен Көмей һәм Көкірек – тамыры бір,         бұлардың,
әлемдегі үш тажалы – Қорқыныш пен       Құмардың!
Сен байқашы,
армандасаң, АДАМ болып арманда,
АРАН барда, армандау да тым қауіпті!
Жалғанда
ештеңені өзгерте алмас данышпандар, бөскенмен. 
Біздің ұғым – Өмір, Өлім.
 Өмір, Өлім – қос бөлме.
 Өмір, Өлім – екі бөлме: бірі – қара,
бірі – аппақ. 
Екеуін де мекен еттім, Ес-Ақылым тұрақтап. 
Жүр, екеуміз сайрандайық екеуінің арасын!.. 
Сен ештеңе ұқпай жатып,
мақұлдаған боласың. 
Сірә, өзіңді өмір сүріп жүрмін дейсің,       бейбағым.
Біреу сені мадақтай ма? 
Әңгүдік ол қайдағы?
Арманда сен!..
Керек емес көрінгеннен имену. 
Біздің ҒҰМЫР, бар болғаны –
АРМАНДАУДЫ ҮЙРЕНУ.
Мұнда Өмір мен Өлім сөзбен ғана кестеленеді. Ес, ақыл, ғұмыр, шырмауықтың желісі. Беу, мұның қажеті қанша еді, деп сұрап қала жаздайсың? Туындының өн бойындағы түрлі ишараттар, ізденістер, ілкі іркілістер. Бірінен соң бірі шұбап өтіп жататын оқиғалардың арасынан өзіңді іздейсің. Қым-қуыт тағдырлар түрені аяныш боп кеудеңе енеді. Сосын ақынның творчестволық концепциясы да, қаламгерлік кредосы да осынау программалық парасаты өлеңде барынша мол қамтылған. Арманның да арманы бар. Соның ішінде күндіз ойынан, түнде түсінен шықпай, үнемі өзегін өртеген көкейкестісі – «Өмір мен Өлім» атты қос бөлмені мекендеген, біздің ғұмыр, бар болғаны  армандауды үйрену екен ғой! Ақын да әнші аталарымызша айтсақ, келте пішкен шапанның етегіндей дөңгеленген, шіркін, шолақ дүние-ай! Не істеу қажет ол үшін?! Аһа! Ол үшін ең дұрысы әңгүдік пікірлерден бойыңды аулақ ұстап, көрінгеннен именбей арман жолындағы айқаста жеңіп шыққан жөн! 
Өлеңдегі қилы тылсымды игеру үшін оқырманның қырағы болуы аздық етеді. Оған қоса шартты түрде зейін, түйсік азаматтық ірі ұғым мен білім қажет. Мәселен «Қайран» өлеңін алып қараңыз. Ата-бабаларымыздың сүйініш-күйініштерін, ойланыс-толғаныстарын сол күйінде сезініп, сол заман өкілдерінше, сол мінез-құлық тұрғысынан сөйлейді.
Мен Қазақпын:
адасқандарды аң тілімен,
құсаланғандарды құс тілімен жебеп ем... 
Түңлігімді ту етіп, 
Намысымды найза етіп,
дұшпандарымды бөгеп ем!.. 
Арыма атан шөккендей,
көрімді көнім өпкендей:
Тілім төресініп, Көзім көсемсініп, 
Құлағым құдайсынып; дулығалы
Басым үшке бөлініп!.. дуалы
Аузым отыз рулы тіске бөлініп!..
Халықтың ішкі тынысы көркем шығарманың көкірегінде маздап тұр. Кенесарының ғазиз басы мен баба зиратының қаңқасы қалған қайран дала көз алдыңа елестейді. Аң сөйлейді, құс жылайды. Ұлт бейнесі мен бедерлі іздері нақты әрі салмақты, сом. Тарих тамырына тартқан тағылымы, күресі, көркем бейнеленеді. Сөз саптауы мен таңдауы, тілдік қолданыс, дидактикалық тұжырымды талғамдар өз алдына бір төбе. Кеңестік тәртіптегі керітартпа қылықтар. Мемлекетсіздік, мәңгүрттік, құлдық психология, төремінезділік, азғындық тақсыреттері өлеңнің өн бойынан көрінеді. Оқып отырып, тіксінесің, өткен өміріңе, қоғамға өшпенділікпен қарайсың. 
Мен – Қазақпын,
Зарығымда қан жылап, 
Суқанымда сүт күлген!.. 
Мен – Қазақпын, 
Делебемнен – селебем, Кенеземнен –
кебенегім бар!.. 
Мен – Қазақпын,
Дәтім – кәлимадан да ауыр!
Зәрем – жәһәннамнан да терең! 
Ей, тәубәсіз Тәуекел, білмесіңді білші менен; 
кердеңдегендер құдайын ұмытпасын,
Кеудемдегі тылсым – ерен: 
Кегіме суғарылған азуым жұлынса да, 
кезерген ерніммен-ақ кеңірдегін
Қиянаттың қыршып өлем!..
Автордың абыройы мен әбүйірі осы арада келісім тапқан. Мұндағы жарық пен сәуленің астасуы, шешімді қолданылған бояулар контрасы, ілкі нюанстар, ұлттық талғамның туындыдан басты орын алуы суретті жандандыра түскен. Әр теңеу, әр салыстырудың өзі – көкірегіңнен күмбірі, құлағыңнан сыбыры кетпей қоятын  сақи сөзге бай. Бір қайыра оқып шығу мүмкін емес. Қайта-қайта көз тоқтатып, көкірекке түймесең – түбін таппауыңыз анық.. Тиесілісі – жастанып оқу, жүрекпен ұғу.
Иә, әр өлең әркімге әртүрлі әсер қалдырады. Бір өлеңдер күннің күркірі, найзағайдың жарқылы сияқты оқыстан селк еткізсе, екінші бір өлеңдер жапырақтың сыбдыры, бал бұлақтың сылдырындай әлдилейді. Бір өлеңдер іргетасы тау өзеніндей дүркіреп, құлағыңнан кетпей қойса, енді бір өлеңдер алыс ауылдан үздігіп жеткен әдемі әуендей емірендіріп қояды. Осының қай-қайсысы болсын ақынға жат қасиет емес. 
Иә, Тыныштықбек Әбдікәкімов өзіндік қолтаңбасы, өзіндік беті бар өте күрделі ақын. Демек, оны өзге тілге аудару да аса үлкен жауапкершілікті керек етеді. Әрі түпнұсқасының бүкіл қадір-қасиетін сақтау, әрі оны қазақ тілінде тігісін білдірмей жатық сөйлеу – барынша қиын шаруа. 
Мақаланың басында айтқанбыз, кейбір стильдік селкеулер таза өлеңдік техникалық кедір-бұдырлық Тыныштықбек Әбдікәкімов творчествосының өзіндік ерекшелігінен өрбіп жатыр. Ал, «Алқоңыр дүниенің» авторы қазақ поэзиясына бұрын-сонды өткен алуан ақындардың қай-қайсысына да ұқсамайды. Жолы да, жөні де бөлек. Егер ұқсамаудың өзін кемістікке баласақ, онда көркем өнердің бүкіл бітім-болмысына, оның табиғат-тамырына балта шапқандық болар едік. Бұл әділ әдебиетшіге тән қылық емес.
«Алқоңыр дүниеден» бұрын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы он шақты өлең кітабын жазып, өзіне лайық талай шыңдарды артқа тастаған болатын. Араға біраз жыл салып, тағы бір шыңның басына шықты. Ол қазір не көріп тұр? Нені аңсайды? Белгісіз.
 
Мұхтар КҮМІСБЕК.