МҰҚАЛИ ЖОЛЫ

Уақыты: 31.07.2018
Оқылды: 1802
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Құмай күреңнің шылбырын кермеден босатып, күмістен өрнектеген үзеңгіге аяқ қондырып аршындап шапқан бабаларымыздың ерлігі тарих қойнауында жатыр. Үргедек бұлттай үдере көшіп, алмас қылышын асынып, айқаста ақ найзасын сақпан тасындай көкте зымыратқан батырлардың бейнесі де сонда. Оны түгендеп, түгін жылтыратып, түп-тұқиянына дейін зерттеу мына сіз бен бізге серт. Серт бүгінде қаламның жүзінде, ұлт рухында һәм жүрек түкпірінде болса керек. Міне, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға да жеттік. Бұл сол күннің керімі келгенін айшықтап тұрғандай.

 

    Дәуірдің тегершігін бөгегенге алдаспанын ала жүгіретін апайтөс бабаларымыздың даңқы ел жадында. Сондай баһадүрлеріміздің бірі де бірегейі жарты әлемді уысында ұстаған Шыңғысханның сенімді серігіне айналған Мұқали батыр. Ол күллі түркі еліне ортақ тұлға. Осыдан бір апта бұрын ерлігі елдікке, отансүйгіштікке баулитын баһадүр бабамыздың батырлығын дәріптеу, есімін қайта жаңғырту мақсатында бірқатар зиялы қауым Қытай еліне жол тартқанын айтқанбыз. Енді сол бабамыздың жерленген жерін көзбен көріп келген зерттеушілер тобы көрген-білгенін көпшілікпен бөліспек ниетте «Мұқали халықаралық экспедициясының қорытындысы» тақырыбында өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында бас қосты.
   Аталмыш жиында қазақтың көрнекті жазушысы, «Жалын» баспасының директоры Бексұлтан Нұржекеұлы сөз алды. Ол Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асқан бұл жобаның маңыздылығын тілге тиек етіп, батырдың тарихына тоқталды.
– Біздің бұл сапар үлкен тарихи оқиғаға толы болды. Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туып, соны жүзеге асыру бағытындағы үлкен бір шара деп ұғынуымыз қажет. Бабаларымыздың даңқты, кезінде әлемге әйгілі болғанында дау жоқ. Бірақ соны біз әртүрлі жағдайлармен білмей келгеніміз ақиқат. Күлтегін, Тоныкөк сияқты атақты батырлардың бірі осы Мұқалы. «Мұқалы» деп отырғаным, мына Шыңғысханға байланысты әңгіменің бәрінен төңкеріс жасап, қайта қарауға мәжбүр еткен Тілеуберді Әбенайұлы деген көне қытай жазуын білетін бауырымыз бар. Сол оны «Мұқалы» деп атаған. Ал бірақ қытайлықтар «Мұқали» дейді екен. Негізінде «Мұқалы» деген сөз түріктің  сөзіне келеді. Мысалы, «оқалы киім» дейміз, «тақиялы періште» дейсің бе, тағысын тағы. Бұл кәдімгі ежелгі түріктің сөзіне кеп тұр. Сондықтан мұның дұрысы «Мұқалы» болуы ықтимал. Оны алдағы өмір барысында анықтай жатармыз. Мұқалының ескерткіші Үйдін деген қаладан қырық шақырым жерде орналасқан. Мұны бізге дейін де қытай халқы  жақсы білген көрінеді. Бейіті үлкен дәрежеде қойылған, жан-жағында өздерінің табынатын үйлерін тұрғызған. Оны қытайлықтар «қасиетті адам» санайды. Онда тіпті батырлар кешені де бар. Біз жалпы екі мәселені басты назарда ұстадық. Бірінші, «Мұқалы» атының сол бейітте сақталғаны. Екіншіден, ғимараттың кіреберісінде үш тарақ таңба тұр. Қазақтың тарихында білесіздер, Жалайырды «тарақ таңбалы Жалайыр» дейді. Міне, біздің бабамыз Жалайыр, оның ішінде Ақбұйым екендігін аңғартады. Біз оны қытайлықтарға емеуріндедік. Таңғаларлығы, 800 жыл бойы тарақ таңба өзгермей келген. Мұны сондықтан Мұқалының бейіті екенін бірден тануға болады.
   Сол жердегі шырақшының кітапшасынан оқыдық. Батыр бабамыз балаларына өсиет қалдырған екен. Қайтыс болғаннан кейін 10 жерге бейіт жасаңдар. Құпия түрде. Соның ішінде біреуіне ғана мені жерлеңдер деген көрінеді, – дей келе Мұқалидың ғұмырынан сыр шертті.
   Одан кейін сөз алған Д. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері Өмірәлі Жалайыри:
– Шын мәнінде біз өзіміздің алға қойған жоспарымызды түгелдей орындадық. Сол жерде бауырымыз тарихшы Ақбар Мәжитұлы қарсы алып, сапарымыздың оңды болуына күш салды. Ол қытай парламентінде депутат болған, өте сыйлы адам. Сол кісінің арқасында Мұқалиды одан да терең тани түстік. Сол аймақтың азаматтары Мұқалиды өте қатты сыйлайды екен. Өйткені оны елді біріктіріп, үлкен мемлекет құруға күш салған адам ретінде жоғары бағалайды. Кезінде Бейбарыс батырымызға сонау Египетке барып зиярат жасағанбыз. Осының бәрі Мемлекет басшысының сындарлы саясатының жемісі. Екі ел достық қарым-қатынаста болса, сонда жатқан бабаларымызға болашақ ұрпақ тағзым жасап, Құран бағыштап тұрар еді», – деді.
   Жалпы экспедицияға 19 адам қатысқан. Олар Ұлы Қытай қорғаны, «Сиянь» үлкен мешіті, Шэньси провинциясының тарихи мұражайы, Қытай Ұлттық мұражайы, «Нюце» мешіті секілді тарихи орындарды аралап қайтты. Сонымен қатар ұлттық рухымызға негіз болар қазыналы дүниелермен жіті танысты.
   Өз кезегінде сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев экспедиция мақсатының толықтай орындалғанын қуанышпен жеткізді. Әрі алдағы уақытта қалалар арасында достық қарым-қатынас орнайтынын мәлімдеді. Айтуынша, енді экспедиция аясында елімізде Мұқали ноянның тас тұғыры орнатылып, арнайы деректі фильм түсіріледі.

Мұхтар КҮМІСБЕК.