Ардың жүгін арқалаған ақтаңгер

Уақыты: 11.08.2018
Оқылды: 1779
Бөлім: РУХАНИЯТ
Уақыт шіркін уысыңда тұрмайды. Алайда артта қалған аяулы жылдардың жалқын сәулесі жаныңда жаңғырып жатады екен. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында республикалық «Жалын» жастар-әдеби альманағы журналының жаңадан шығып жатқан кезі. Ел-жұрттың осы басылымға деген ықыласы соншалық, журналдың әр санын тағат таппай асыға күтетін. Сол басылымның бір санынан Сәкен Иманасовтың қызылша өсіруші замандасы жайлы жазған әңгімеге бергісіз көркем очеркін бас алмай оқып шыққаным бар. Ол кезде мектеп оқушысы емеспіз бе, Сәкен ағаны журналист деп қабылдағанымды жасыра алмаймын. Сөйтсем, оным бекершілік екен. Басқа басылымдардан ол кісінің өлеңдерін, қаламгер әріптестері туралы шешіле әңгімелеген ой-толғамдарын, аудармаларын, көсемсөздерін қалт жібермей қадағалап оқып жүрдім. Кейін өлең жинақтары да қолыма түсе бастады. Сан қырлы талант иесі сөйтіп қуаттылығымен жан дүниемді баурап алды. Іздеп оқитын сүйікті қаламгеріме айналды.
Кейіннен ойлап қарасам, талант тамыры тереңге жайылған Сәкен ағамызға Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің аты бекер қойылмапты. Осы атты пір тұтқан ол дарынына сай арынын байқатып, қалың оқырман қауымды мойындатты. Жан сырын жасырмай жайып салатын жайма-шуақ қолтаңбалары оның 5 томдық шығармалар жинағынан менмұндалап тұр. Оның қаламынан туындаған журналистік, прозалық, поэзиялық, көсемсөздік дүниелері оқырман санасын дүр сілкіндірді. Иманасовтың қарымы сыншылардың, әдебиетшілердің, қаламдастары мен замандастарының, қалың оқырманының да назарынан тыс қалған жоқ. Мерзімдік басылымдар ыстық ықылас пен жылы лебізге толы пікірлер білдіріп жатты.
Ондай қошеметті қолдауға бәзбіреулердей кеудесін керіп, паңдыққа салынып кететін Сәкең емес қой. Тоқмейілсудің тоқырауға соқтыратынын жақсы сезінгендей, ақырын жүріп, анық басып, құлашын алысқа сермей берді. Ең бастысы, өзі айтып кеткен ақиқат пен арды бәрінен де жоғары қойып, ар алдында дар алдында тұрғандай сезініп өтті. Туғанына жақпаса да турашылдығынан қайтпады. Осындай тұтас тұлғасы шығармаларының шырайын кіргізіп, тұла бойындағы бітім-болмысы мен парасатты пайымы, айызыңды қандырар айшықты ойы айқындығымен тәнті етті. Жырсүйер қауым оған «ақтаңгер ақын» деген қоспасы жоқ қонымды бағасын берді. Табиғат сыйлаған таланты жанды жадыратып жіберетін ашық-жарқын мінезімен үйлесім тауып, үндесіп тұруының өзі қандай жарасымды?! Сондықтан болар, боямасыз өмірдің болмысын қаз-қалпында қағазға түсіруі арқылы ақын қашанда шабытты шағында болатын. 
Осындайда ол кісімен болған алғашқы кездесу мен жүздесулер ойға орала береді. Онда мен Қазақ радиосында қызметте жүргенмін. 30 минуттан тұратын «Қаламгер» әдеби-музыкалық хабары арқылы ақын-жазушылармен, әдебиетке қатысты барлық сала өкілдерімен тығыз байланыста едім. Жасыратын несі бар, кейбір аузы дуалы деген қаламгерлердің өзі қатарлас жүрген әріптестерінің шығармашылығы жайлы мандытып ештеңе айтпайтын. Өз шығармашылығы жайлы ғана айтқысы келеді. Онысын хабар талабы көтермейді. Сол уақытта Тұманбай Молдағалиев, Қастек Баянбаев, Нұрлан Оразалин, Жәркен Бөдешев, Оразақын Асқар, Сайлаубек Жұмабеков, Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков, Дәуітәлі Стамбеков, Дүйсенбек Қанатбаев, Есенғали Раушанов, Есенбай Дүйсенбаев, Дидахмет Әшімханов, Жарас Сәрсек сынды бірқатар қаламгерлер: «Замандастары мен қатарластарының шығармаларын Сәкен Иманасовтан артық білер адам жоқ. Сол кісімен сөйлескенің дұрыс болар. Меселіңді қайтара қоймайды», – деп маған жөндерін айтып, жол сілтеп еді.
«Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген емес пе?! Осыған бекем бел будым. Ол уақытта Сәкең Алматы қалалық әкімшілігінде жауапты қызметте болатын. Әкімшілік жұмысы қашан болсын абыр-сабыры басылмай, қазандай қайнап жатады ғой. Соған қарамастан Сәкеңнің алдына бардым. Келген жағдайымның мән-жайын баяндап бердім. Сонда ол кісі алдында қобырап жатқан қалың қағаздарына бір қарап алды да жайдары қалыппен: 
– Айналайын, сені қапаландырмаймын. Түс әлеті де болып қалды. Бір күн аш қалсам арымаспын. Сен осында күте тұр. Түс мезгілінде сұрағыңа қарай жауабымды берейін, – деп басшыларының біріне асығыс шығып кетті. Не деген ұқыптылық пен құнттылық?! 
Сәкен аға уәдесінен тайқымады. Екі сағатқа жуық уақыттың ішінде бір хабар ғана емес, төрт хабарға жететіндей емін-еркін көсіліп сөйлеп бергені. Адам таңқаларлықтай. Ол кісінің айтылған тақырыптарды терең білетіндігі, қазақи қалыппен аспай-саспай сөйлегені, дауыс мәнері, «ылдидан салса төске озған» шешендігі бірден-ақ баурап алды. Бұдан кейін де ол кісі жарты сағаттан тұратын жиырма хабарды жасауға азаматтық жауапкершілігімен атсалысты. 
Жаратылысы нағыз ақындық қасиеттен тұратын ол кісі өзінен кейінгі өкшебасар іні-қарындастарының да дарыны мен қарымын дер шағында тани білді. «Түбі ақын шығады-ау» деген жас талаптардың талайына ақ ниетімен сәт сапар тілегенін мерзімдік басылымдардан оқыдық. Солардың көпшілігі бүгінгі күні танымал ақындардың қатарында жүр. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген тұжырымның ақиқаттығын осыдан-ақ анық байқауға болады. 
Көзі тірі кезінде Сәкен Иманасовтың ақындық шығармашылығы жайлы сыншылар мен әдебиетшілер, ақын-жазушы әріптестері жазудай-ақ жазды. Алайда, Сәкеңнің алдыңғы толқын ағалары, өнер адамдары және қаламдастары мен замандастары жайындағы эсселері, арнау өлеңдері туралы ешкім де жеріне жеткізе әңгіме қозғамады. Осы жағы ғана олқы соғып тұрды. Кейін Сәкеңнің «Қаламдастарым мен замандастарым» және «Қалам және заман» атты қос кітабы бірдей жарыққа шықты. Бұлар жайында да көңіл көншітерліктей сөз болмады. 
Сәкеңнің «Замандастарым мен қаламдастарым» кітабынан алар тағылым көп. Кітап беташарында баспа тарапынан: «Көрнекті ақын Сәкен Иманасов оқырман қауымға қаламгерлік жаңа бір қырын танытып отыр. Қара сөзбен жазылған бұл кітабында ол өзі аралас-құралас жүрген талай аға-іні замандастарының талант табиғатын, кісілік қадір-қасиет келбетін, ұнатпағаны мен сүйгенін, көргені мен түйгенін ешбір көлгірсусіз, көп-көп қызықты әлеуметтік-адами деталь-деректер арқылы әдемі әңгімелейді. Бәрі-бәрі бір жинақ ішіне тоғыса, толыға келіп, кешегі заманы мен ертеңгі елдік амалы жолындағы шыншыл да шынайы толғану болып шыққан» деп тұжырымды түрде түсініктеме берілген. Баспа тарапынан дұрыс та әділ берілген бұл бағаға біздің алып-қосарымыз жоқ.
Ал Сәкеңнің өзі болса алғысөзінде: «Өз басым жаратылғалы бері ақты – ақ, қараны – қара, жақсыны – жақсы, жаманды – жаман деп қағида тұтып келген адаммын. Бетке былай деп, сыртқа шыға басқаша айтып көлгірсіп көрмеген едім. Ол мінезім біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Сондықтан да біреуге жақтық, біреулерге мүлдем жақпадық», – деп жан сырын жасырмайды. Ол өмірде солай болды.
«Кітап ауқымында әңгіме болғандардың бәрі де шын. Аруаққа шек келтіріп, алып-қоспадым. Тірілердің біріне өтірік жала жаппадым. Куәларым қасымда жүр, өтірік десе – солар айтсын. Бірақ біреудің шамына тиіп алам ба деп те жауырды жаба тоқып жатпадым. Өйткені жақсысын асырмай, жаманын жасырмай жазуды ғана мақсұт тұттым. Мен ғана білетін, мен ғана айтып беруге тиісті болатын жағдаяттар бар. «Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң – мәкүрік» деген, ойға алған екенмін, ақырына дейін ақ сөйлеп, адал айтуға тырыстым. Өз жанымнан ештеңе қосқан емеспін», – деп ағынан ақтарылады.
Сәкең кәдімгі ұлы Мұхтар жөніндегі «Әуезов әсері» деген жазбасында елуінші жылдардың соңында «Айман-Шолпан» драмасын тамашалауға барғанын әңгімелейді. Спектакль тамаша өтеді. Аяқталған сәтте дүркірете қол соғып тұрған жұртшылық бір ауыздан «автора, автора» деп айқайлап тұрып алады. Осы сәтте Мұқаңның сахнаға шыққандағы шадыман шаттығына бөленген әсерден Сәкең: «Шіркін-ай, осындай бір ғана ұлы шығарма жазып, содан кейін өліп кетсең де армансыз болар едің-ау!», – деп емірене ой құшағына беріліп, осындай түйін жасайды. 
Сәкеңнің Мұқаңды екінші мәрте көргені «Лениншіл жас» газетінде жүргенінде. Сейдахмет Бердіқұлов: «Бүгін Қазақ университетінде Мұхтар Әуезов сөз сөйлейді. Соған барайық», – деп ертіп барады. Сол бір кездесудегі жайды Сәкең: «Ұлы ғұлама «Толыспаған Толстойлар мен шала Шекспирлер» жайлы айта келіп: «Танылмай қаламын-ау деп қам жемеңдер», – деп еді жастарға, – Екі ауыз жақсы өлең жазған ақын, екі жақсы ән шығарған композитор есімі ел аузында жүреді. Бұл жағынан творчество адамынан бақытты жан жоқ. Америкада Бруклин көпірі бар, әлемнің жеті кереметінің бірі іспеттес құрылыс, бірақ соны кім жобалап, кім салдырғанын сол елдегі екінің бірі біле бермейді, – деп атын шығарам деп әлекедей жаланудан сақтандыра сөйлеп еді. Есімде сол қалыпты», – деп еске алып, екінің бірі елеп, мән бере бермейтін маңызы терең көріністі көз алдыңызға көлденең тартады.
Асқақ ойдың ақиығын үшінші рет Сәкең Қазақстан Жазушылар одағында көреді. Онда әдеби тілдің проблемасы жайлы қызу айтыс-тартыс жүріп жатқан кез екен. Осы жайында болған көріністен Сәкең былайша ой толғайды: «Мінбеге Мәулен Балақаев (тіл маманы еді) шығып, көр-жерді сөз етіп, біраз тұрып алды. 
 – Мәулен, негізгі мәселеңе қарай ойыссаңшы! – деп емеурін танытты Мұқаң. 
– Өзім де солай ойысайын деп тұрмын, Мұқа, – деген профессор тағы айналсоқтап, әңгіме желісін тап баса алмай, орағыта берген. 
 – Оу, Мәулен, тақырыбыңа қарай көш деймін, – деп кейіді Мұқаң.
Біз жас едік. Көп сөздің парқына бара бермейтінбіз. Бірақ нақты дәлел айтар ойдан ауытқып, әлдеқайда лағып кете беретін шешендерге Мұқаңмен жарыса іштей біз де риза болмай отырдық. Әжептәуір түсін бұза кейіп білдірген Мұқаңды аядық бір жағы».
Үш сәттік осынау көріністерде қаншама мәдениеттіліктің, көргенділіктің үлгісі жатыр. Мұндай өмір өрнектерін қайсы қаламгер көріп, білмей жүр дейсіз. Ондайды Сәкеңнің қалт жібермей санасына қаттап жүретіні, жазған кезде жаныңызды жай таптыратындай тапқырлықпен тастүйін жасайтыны таңдандырмай қоймайды. 
Балалар жазушысы Сейітжан Омаровты білмейтін адам кемде-кем шығар. Сәкең ол кісінің табиғат сыйлаған тазалығын, артық қылыққа бармайтын адалдығын, мәдениеттілігін, қулық-сұмдық атаулыдан құрыалақан екендігін, аузын ашса көмекейі көрініп тұратын ақкөңіл тұлғасын «Сейітжан Омаровтың бір әңгімесі» деген жазбасында жұп-жұмыр етіп, жұрнағын қалдырмай сомдайды. Омаровты оймақтай етіп, қаз-қалпында қалай суреттеп шыққан деп риясыз күйге бөленесіз. Ақын Хамит Ерғалиев жайындағы «Қазақ поэзиясының патриархы» деген ой-толғамы да оралымдылығымен Хамаңның бет-бейнесін көз алдыңызға әкелгендей әсерде қалдырады. Ақынның шығармашылығы жайлы ләм-мим демейді. Тек сексен жастың сеңгіріне жеткен, халықтың айтуымен абыз атанып кеткен ақынның адам баласымен сыйластығындағы ақкөңілділігі мен тез сеніп қалатын аңғалдығын, пенде баласына жамандық атаулыны ойламайтын асыл қасиеттерін жіпке тізгендей мөлдіретіп суреттейді. Хамаңның адамдық жағынан да жақсылығы көп екен ғой деген түйінге тірелесің. Ақындығы мен азаматтығы қатар жүрген адам халық алдында қалай жаман болсын?! Қарапайымдылықтың қатардан қалдырмайтынына қапысыз сенесің. Хамаң сондай адам болған екен. 
Әңгімені әрі өрбіте берсек, танымал адамдардың ішкі жан дүниесі мен әркім ұғына бермейтін әлемінің сиқырлы сырларына қанық бола түсеміз. Сәкең тіліне тиек еткен «Алыптар тобының ақырғы тұяғы» пайымдамасындағы сыншы, академик Мұқаметжан Қаратаевтың мінезіндегі бірбеткейлігі, кемістік пен кемшілік атаулыны кешіре білмейтіндігі, ақиқаттан аттап кетпейтіндігі көңіліңізге бірден ұялайды. 
Сәкен аға «Қадірі бөлек жан еді» деген жазбасында ұйғырдың қарымды ақыны әрі жазушысы Хизмет Абдуллин туралы да тебірене ой толғайды. Жан сырын жасырмай ақтарады. Хизмет аканың қандай ортада болсын қағытпа қалжыңсыз, әрін кіргізер әзілсіз жүрмейтіндігі, қысылып-қымтырылғандарға қол ұшын беріп жіберетіндігі, адам баласымен үлкен-кішісіне қарамай, алаламай сыйласа беретіндігі, араздасып жүргендерге араша түсіп бітістіретіні сүйсінтеді. Аса дарын иесі Асқар Сүлейменовтың алған бетінен қайтпайтын алғыр мінезі жайлы оқыған кезде «Ойпыр-ай, Асқар сұмдық екен-ау! Қандай қайсар адам», – деп басыңызды шайқамай тұра алмайсыз. 
Біз әңгімемізге арқау етіп алып отырған қаламгерлердің бәрі де қайтыс болып кеткендер. Сәкеңнің өзі де жоқ. Тек артында көзі болып өлмейтін, өшпейтін қолтаңбалары ғана қалды. Жарық дүниеде жүргенінде жанына жақын тартқаны аруақтардың рухы болды. Олар жайлы жоғарыдағыдай қалам тартып, топырақтарынан бір аунатып түсірді. 
Осы кітабындағы қаламдастары мен замандастары жайындағы толғамдары адамды бейжай қалдырмайды. Олардың жазушылықтан тысқары жатқан тірліктерінің қандай болғанына қанығып, алар танымыңыздың көп екеніне көзіңіз жете түседі. Дүниеден қайтқанына 5 жыл толып отырған Сәкен Иманасовтың сұңғылалығы мен суреткерлігі осында болса керек
 
Қазақтың көрнекті ақыны Сәкен Иманасовтың туғанына 80 жыл толуына орай Алматы облысы әкімдігінің ықпалымен игілікті іс-шаралар жүзеге асырылғалы отыр. Алакөл ауданының Талапкер ауылындағы ақын оқыған орта мектептің алдына ескерткішін орнату мен жазба ақындар мүшәйрасын өткізуге қызу дайындық жүріп жатыр. «Алакөлім – айдыным» деп өскен жерін өміріне өзек етіп өткен арда ақынның арманы да жоқ шығар. Сәкен Иманасов өз биігінен түспес дара тұлға.
 
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
ақын, Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты