ЗАМАНАУИ МҰҒАЛІМДЕР БӨЛМЕСІ

Уақыты: 10.09.2018
Оқылды: 3293
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Елбасы Н. Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауындағы “Цифрлы Қазақстан” кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылының Абыхан Жексембеков атындағы қазақ орта мектебінде “Заманауи мұғалімдер бөлмесі” ашылды.

 

   Бөлменің ашылу салтанатына «COMPUTER SERVICES» компаниясының президенті А. Серазидинов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж. Сүлейменова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының қызметкері, саяси ғылымдар докторы, профессор В. Жексембекова, «Түрген» агрофирмасының президенті М.  Жексембекова, Республикалық «Барбанг» курдтар ассоциациясының Талдықорған қалалық филиалының төрағасы  С. Чатуев, «Нұр Отан» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық  филиалы төрағасының бірінші орынбасары   Қ.Байғоджаев, «ТрансАвиа» компаниясының мүшесі К. Шиллер, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Г. Отынбекова, Түрген ауылдық округінің әкімі Б. Елеусізова қатысып, ізгі тілектерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыстады.
   Мұғалімдер бөлмесі қазіргі заман талабына сай компьютер, телевизор, интерактивті тақта, «дөңгелек үстел», орындық, шкафтармен жабдықталған және оқу-әдістемелік материалдар, стендтер, көрнекі құралдармен толықтырылған. Мұнда конференция, пікірталас, брифинг, семинар, зерттеу, авторлық  сабақтар өткізілетін болады.
   «Ұйымдастыра білген ұтады» демекші, мектеп директоры Г. Қасымжанова демеушілерді тартып, оқушылардың алаңсыз білім алып, мұғалімдердің еш кедергісіз жұмыс істеуіне бар мүмкіндік жасауда. Бұл орайда мектебіміздің тұрақты демеушісі Мәншүк Абыханқызының қосып жатқан үлесі зор. Биылғы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында да мектептің тұрақты демеушілері «Трансавиа» компаниясының өкілдері отбасы жағдайы төмен 20 оқушыға мектепке қажетті құралдар мен сөмке сыйға тартты. 
   “Ұстазсыз шәкірт тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл” демекші, мектепте барлық жағдай жасалғанымен оқушының тұлға ретінде қалыптасуы ұстаздың берген тәліміне байланысты. Баланы білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, талмас еңбекқорлық, таза ниет керек. Мектебімізде дәл осындай қасиеттерді бойына сіңірген ұстаздар баршылық. Заман талабына сай мұғалімдер бөлмесін ашып берген демеушілерге мектеп ұжымының айтар алғысы шексіз.


Ғазиза Искакова,
А. Жексембеков атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі 
Түрген ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы