Жазушымен жүздесті

Уақыты: 11.09.2018
Оқылды: 1637
Бөлім: РУХАНИЯТ

Құрама үлгідегі №1 ясли-бақшасында «Ана тілі – бала тілім» атты мерекелік сыр-сұхбат кездесуі өтті. Балаларды ана тілінің қасиетін сезініп, мәртебесін көтеруге баулу, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған кездесуге  Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі, Республика Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, балалар жазушысы Әли  Ысқабай шақырылды.

Кездесу барысында ересек топ балалары ақын атамыздың «Бесік жыры» атты жинағынан бірнеше өлең оқыды. «777 жұмбақ» атты кітабынан жұмбақтар жасырылды. «Әліппе жаңылтпаштар» кітабынан балалардың тілдерін дамытып, сөздерді жаңылмай, қателеспей, тез әрі шапшаң айтуына, тілді жаттықтырып ұштауына байланысты бірнеше жаңылтпаштар айтылды.
Ересектер тобының балалары Әли Ысқабай атамыздың өмірі мен балалық шағына байланысты арнайы дайындап  келген сұрақтарын қойды.
Мерекелік кездесу соңында балабақша бүлдіршіндері арнайы концерттік бағдарлама көрсетті. 
2017  жылдың қыркүйек айынан бастап «Бәйтерек» ересек тобының тәрбиешісі Р. Сыдықова «Талдықорған – әсем қала» атты жобасында Әли Ысқабай атамызбен кездесу жасап, сол уақыттан бері балабақша бүлдіршіндерін ақынның жұмбақтар жинағымен, бесік жырлары, әліппе-жаңылтпаштары, шағын әңгімелерімен таныстырып, күнделікті оқу іс-әрекеті барысында қолданып келеді. 
Әли атамыздың қай өлеңін оқысаңыз да баланың пәк көңілін дөп басып, шынайы болмысын нақты суреттейді. Ал, бесік жырларына туған жер табиғатын арқау ете отырып, еңбексүйгіштікке,  кішіпейілділікке үндейді. 
«Қызмет қылсаң халқыңа, игі ат қалар артыңда», – деп қазақтың көрнекті акыны Сәбит Дөнентаев атамыз айтқандай, халқымыздың талантты ақындарының әдеби мұралары бүлдіршіндеріміздің тіліне, Отанына деген жылулық сезімін оята берсін демекпіз.  

Жадыра Бакаева,
Құрама үлгідегі №1 ясли-
бақшасының қазақ тілі 
пәнінің мұғалімі 
Талдықорған қаласы