Парасат патшайымы

Уақыты: 16.09.2018
Оқылды: 1670
Бөлім: РУХАНИЯТ
Түйініне жеткенше тағаты таусылатын, қатысқанын қанағат тұтып, қайтуға асығып тұратын түсінігі таяздау топ төбе көрсеткен жоқ мұнда. Шарасымен шаршататын қазіргідей қоғамда шын ниетімен бас қосып, ақтарыла тілек айтатын, кешегілердің сәулелі істерін өнеге санап, қуаныш пен қайғыны тең бөлісе білетін жанашыр жандар аз. Бірақ Бәтима Сақауованың батырлығына бас иген, кісілігін кие тұтқан халықтың қарасы көп болып шықты. Оған әлі сиясы кеппеген, мұң ұялатқан сағыныш пен көңіл тербеткен естеліктерге толы «Бәтима ана» кітабының тұсаукесер рәсіміне жиналған жүрегі бар жұртшылық дәлел.
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың қара шаңырағына келген көпшілік ерлермен иық тірестіре еңбек еткен,  ел басқару ісінде ешкімнің ала жібін аттамаған, саналы ғұмыры ат үстінде өткен ақ жаулықты ананы еске алып, есімін ұлықтады. Жаңа кітап таныстырылған тағылымды шараның тізгінін облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Әміре Әрін ұстады. Алдымен елімізге белгілі айтыскер ақын Ханша Райысова қара домбырамен еңбек анасына жыр арнап, өнегелі өмірінен үзік сырларды өлеңмен өрді. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев, ЖМУ-дың ректоры Қуат Баймырзаев, қарымды қаламгер Күмісжан Байжан және танымал тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы естелік кітаптың тұсауын кесіп, алғашқы даналарын қолдарына алды.
– Жақсылыққа жиналған аға-апалар, іні-қарындастар! – деп бастады лебізін Ақан Жылқышыбайұлы. – Халық ішінде: «Ер-жігіт ел-жұртының панасындай, Жақсы әйел әмбе жұрттың анасындай», – деген даналық бар. Бүгін көпшілікке жол тартқан жаңа кітаптың кейіпкері – Бәтима ана ақыл-парасатымен, көрегендігімен, білгірлігімен жұрт жүрегінен орын алған адам. Ол кісі туралы естігенбіз, білгенбіз, бейнефильмдерден көргенбіз. Анамыздың көзінен елге деген ыстық пейілі, Елбасына деген жүрекжарды алғысы, жастарға деген қамқорлығы сезіліп тұратын. Бәтима Сақауова кешегі Тұмар ханым, Домалақ ана, Шоқан мен Бауыржандай батырды тәрбиелеген Айғаным, Қызтумас әжелердің қатарында есімі аталатын жарқын тұлға болып қалары хақ. Жастарға, қарындастарымызға апамыздың өмір жолы өшпес үлгі.
Өз ойын осылай өрбіткен облыс әкімінің орынбасары сөз соңында өңір басшысы Амандық Баталовтың сәлемін жеткізіп, адал еңбекпен абырой биігіне көтерілген ардақты анамыздың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Шара барысында Бәтима Сақауованың ғұмырдариясынан сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Биографиялық деректі фильмде ел анасының сұрапыл соғыс жылдарындағы және одан кейінгі уақыттағы жанкешті еңбегі, тәуелсіз Қазақстанға қосқан үлесі, жастар тәрбиесіне көңіл бөліп, салт-дәстүрді дамытудағы рөлі сипатталады. Сондай-ақ, фильмде облыс басшысы тәрбиеге көңіл бөліп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан ана болмысы жайлы мазмұнды пікір білдіреді.
Талдықорғанның даму тарихында аты аңызға айналған Бәйкен Әшімовтермен бірге Бәтима анамыздың да есімі аталады. Облыстың өркендеу жолында тер төккен нәзік жанның сан тарау тағдыры кітапта еш бүкпесіз баяндалады. Қайғы мен қуаныш, мұң мен шаттық қабысқан тоқсан екі жылдық ғұмыр иесінің фотосуреттері де арнайы бір бөлімде топтасыпты. Өз қолымен жазған ғұмырбаяндық мақаласы оқырманның көзіне жас келтіреді. Ал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ат үстінде жүрген азаматтар, замандастары мен туған-туыстары қалдырған естеліктер мен ақындардың бір топ өлеңдері де әсерлі.
Кітаптың жобалаушы авторы – мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов өз естелігінде Бәтима апайдың үнемі ел амандығын тілеп отыратын текті мінезін сөз етіпті. «Қалыңыз қалай?» – деп қара шаңырағына бас сұқпай кетпейтін Серік Әбікенұлына Бәтима ана үнемі: «Бір адамның қалы не болар дейсің? Елдің амандығын айтсаңшы», – деп отырады екен. Осы бірауыз сөздің астарында адамгершіліктің биік шыңы, тектілік, кішіпейілділік жатқаны айтпаса да түсінікті. Кітап кейіпкерінің ел үшін атқарған ерен еңбегі өз алдына бір төбе. Адал ісі мемлекет тарапынан ескерусіз қалған емес. Кәмелеттік жасқа жетер-жетпестен басшылық қызметтерге тағайындалып, өңірлерді басқаруда озық тәжірибесімен көзге түседі. Бірнеше медальдан бөлек, Алматы облысының, Талдықорған қаласының, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы секілді атақтарды алған. Әрі ЖМУ-дың қалыптасу тарихында да өз қолтаңбасын айшықтаған. Сол үшін ЖМУ-дың Құрметті профессоры атанып, аудиторияға есімі берілді.
Бұдан кейінгі кезекте мінберге көтерілген Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нұртілеу Иманғалиұлы: «Сауапты іске жауапты қарағандардың бәріне рахмет айтамын. Бәтиманың еңбегіне лайықты іс жасай алдық па деген сауалға тіке қараған жөн. Бүгінгі шараның өту реті мүлде басқа. Шын ықыласпен жиналған халыққа ризамын. Бәтимадай еңбек адамына лайықты шаруа жасай алуымыз неғайбыл шығар, бірақ бір-біріміздің аузымызға қарап, сөзімізді тыңдап, еске алып отырғанымыз – қазақ киесінің қайта орала бастағаны», – деп ақтарылды. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарына тұлғатану ғылымын енгізу туралы тың ұсынысын тастады. ЖМУ-дың ректоры Қуат Баймырзаев болса, кеңес билігінің қыспағында жүріп, ұлттық мәдениет пен дәстүрдің сақталып қалуы Бәтима апа секілді ерден асып түсетін нәзік жандардың арқасы екенін тілге тиек етті. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Жомартқали Жексембинов асыл анамыздың тектілігіне, батырлығына, алғырлығына жеке-жеке тоқталып, Желтоқсан оқиғасы кезінде мыңдаған жасты қызыл саясаттың қанды шеңгелінен арашалап, алып қалған ерлігін әңгіме өзегіне айналдырды.
Жиынды жүргізген Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін еңбектің үлкен мектебін қалыптастырған Бәтима Сақауованы ар-ұятының алдында адалдықтан айнымаған ғибратты тұлғаға теңеді. Расында да ол, Абай айтпақшы, өлмейтұғын артына сөз бен өшпес өнеге қалдырды. Тағылымға толы шарада жастар өлең оқып, аңызға айналған апаларының өмірін өнеге тұтты. Өңірге танымал өнерпаздар – Әліби Бегайдаров пен Гүлнұр Нұрасылова ән шырқап, жиналған қауымды бір серпілтті. Ұзынағаштан келген ақын Виктор Никитин Бәтима анаға арнаған көлемді өлеңін оқып, кейінгі буынға ақжарма тілегін арнады. Кітапты құрастырған ҚР Мәдениет қайраткері, қабырғалы қаламгер, жұлдызды журналист Күмісжан Байжан ыстық ықыласын білдіріп, келген қонақтарға алғысын жаудырды. Сонымен бірге, оған жеке кәсіпкер Мүсеке Кенжебайұлы сәйгүлік ат сыйға тартты. Шара соңында жаңа жарық көрген естеліктер жинағы С.Сейфуллин атындағы, Ғ.Орманов атындағы және Ақсу ауданындағы кітапханаларға үлестірілді.
 
 
Қуаныш ТҰНҒАТАР