Өнердің өшпес қос жұлдызы

Уақыты: 16.09.2018
Оқылды: 2139
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шамалған ауылында орналасқан Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасының «Атамекен»  мұражайында ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі Бақытбек 
Қошмұханбетов пен КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты Роза 
Жаманова  жайлы жазылған «Өнердегі, өмірдегі қос жұлдыз» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға еліміздің мәдениет қайраткерлері, облыстық мемлекеттік және қалалық, аудандық архив қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір өлке халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп жазған еді. Аталған мақаладағы «Тарихи тұлға» жобасы аясында  облыстық архив ұжымы халқымыздың мақтанышы, ерекше дарын иесі, ұзақ жыл өнердегі ең күрделі жанрлардың бірінен саналатын – опера саласында табысты еңбек еткен Роза Жаманова мен Бақытбек Қошмұханбетов туралы жазылған мақалалар және отбасылық жеке тектік қор құжаттары негізінде «Өнердегі, өмірдегі қос жұлдыз» атты жинақты құрастырып шығарған екен. Бұл облыс әкімінің демеушілігімен жарық көрген алғашқы кітап емес екенін де ескерте кеткен жөн.
Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған облыстық мемлекеттік архивінің бас директоры Гүлмира Құлмұханбетова қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Роза Үмбетқызы мен Бақытбек Қошмұханбетұлының өмірі мен өнердегі қызметі жайлы жан-жақты баяндап берді.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Шын мәнінде Қазақстанның әрбір жетістігінің  артында алуан түрлі тұлғалар тұр» деп айтқанындай, халқымыздың мәдениетін әлемдік деңгейде насихаттаған, дара дарынының арқасында елдің ерекше ілтипатына бөленіп, мемлекет тарапынан жоғары марапаттарға ие болған Роза Жаманова мен Бақытбек Қошмұханбетовты білмейтін қазақ жоқ шығар, – деді Гүлмира Иванқызы сөзінің басында. – 1958 жылы желтоқсан айында Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігінде Үлкен театр сахнасында Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсында Сараның рөлін сомдап, талғампаз өнер тарландарының «Таңғажайып құбылыс» деген бағасын алған Роза Үмбетқызы онкүндік қорытындысы бойынша «КСРО-ның Халық әртісі» деген атақпен марапатталғаны белгілі. 
Қазақ опера өнерін басқа халықтарға  жоғары деңгейде таныта білген ерекше дарын иесі педагогикалық қызметте де жемісті еңбек еткенін байқаймыз. Роза Жаманова 40-тан аса ізбасар шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Одан дәріс алған әншілер бүгіндері өз елімізді былай қойғанда Ресей, Грекия, Қытай, Монғолия сияқты шет мемлекеттерде жемісті еңбек етіп, түрлі халықаралық байқауларда жүлдегер атануда. Осы орайда қос әншінің отбасылық архив қорындағы өмірбаяндық, қызметтік, қоғамдық жұмыстарын, сахна төрінде сомдаған рөлдерін бейнелейтін фотоқұжатты жинақтың болашақ ұрпаққа, соның ішінде қазақ операсының дамуына қосар үлесі қомақты болары даусыз.
Кітап кейіпкерлерінің фотосуреттері негізінде әзірленген бейнефильмді тамашалағаннан кейін қонақтар өнер жұлдыздарымен бірге еңбек еткен, қатар жүріп араласқан, алдынан дәріс алған танымал тұлғалардың лебізіне құлақ түрген. Бұл орайда Роза Үмбетқызының бауыры, Айдар Жаманов, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Базарғали Жаманбаев, профессор Ғафиз Есімов, балерина Наталья Гудечкина, опера әншісі Рузия Ғазизқызы, Роза апамыздың шәкірттері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Балапан Кеңесқызы мен Әлия Шайзатқызы, мемлекеттік опера және балет театрының концертмейстері Әсел Давлетярова, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты Амангелді Мұқан, кітапты жарыққа шығарған баспагер, жазушы Арасанбай Естенов, кітапты құрауға атсалысқан журналист, өнер зерттеушісі Айдар Жоранов қазақ өнеріндегі қайталанбас қос тұлға жайлы естеліктер айтып, олардың дарыны мен адами келбеттері жайлы жылы лебіздерін білдірді. Ал Роза Жаманованың шәкірттері Аида Валериевна мен Дина Халимжанова ұстаздары орындаған опералық әндерді әуелете шырқап, жиналған қауымның құлақ құрышын қандырды.
Дәстүр бойынша, жаңа туындының тұсауын кесу рәсімін Нұрғали Нүсіпжанов пен Ғафиз Есімов сынды танымал тұлғалар жасап, қонақтарға баспахананың иісі аңқып тұрған кітап естелікке ұсынылды. 

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы
Суретті түсірген автор