МЕШІТ САЛЫП БЕРДІ

Уақыты: 20.09.2018
Оқылды: 2642
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Өз қаржысына мешіт, балабақша, жол салып, ауылдастарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдан келген көмегін жасап жүргендердің қатарында Жаркент өңіріндегі бірнеше мешіттің ашылуына атсалысқан, еңбеккерлеріне тұрғын үй салуды қолға алған, тағы басқа да елдік мәселеде жерлестерінің алғысын арқалап жүрген «Ернар» ЖШҚ жетекшісі Тасқын Жапарқұл бар. Арлы азамат биыл арнаулы мешіт үйі болмағандықтан ұзақ жылдан бері ауылдық Мәдениет үйінің бір бұрышын құтханаға айналдырып, қысылып-қымтырылып жүрген Головацкий кентінің тұрғындарына мешіт салдырып берді.

 

   Өткен жұмада Жаскент ауылдық округінің орталығы Головацкий ауылында ерекше сәулеттік үлгіде айшықталып, айналасы абаттандырылған жаңа мешіт ғимараты пайдалануға берілді. Мешіттің ашылу рәсіміне Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ Оразбаев, Қазақстанның бас муфтиі болып 13 жыл қызмет еткен тұста мешіт санын 2 мыңға жеткізіп, оларды түгел ресми тіркеп құжаттандырған белгілі ғалым Әбсаттарқажы Дербісәлі, сенатор Бақытжан Жұмағұлов, қоғам қайраткері Темірхан Досмұханбетов, Тұран университетінің директоры Рахман Алшанов сынды танымал тұлғалар қатысты.
   Ашылу салтанатының алдында аудандық мешіттің имамы Серік Шәріп Құран оқып, облыстың өкіл имамы бата берді. Жиында белгілі шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі сөз алып, көпшілікті айтулы күнмен құттықтады. «Бүгін бұл аймақта үлкен мереке, тағы бір иман ордасы халыққа есігін айқара ашты», – деп көтеріңкі дауыспен сөз бастаған ғалым бұдан әрі өзінің осы өңірде жаңадан салынып, пайдалануға берілген бірнеше мешіттің ашылу салтанатына қатысқанын айта келіп, мешіт тек діншіл қауымның бас қосып, құдайға құлшылық ететін орны ғана емес, олар ел ішіндегі татулық пен тәрбиенің, бірлік, берекенің ордасы екенін шешен тілмен жеткізді. Жаңа мешітті салғызған үлкен кәсіпкер, элиталық жүгері тұқымын және асыл тұқымды мал түрлерін өсіретін «Ернар» ЖШҚ төрағасы Тасқын Тұрғанғазыұлына жүрек түкпірінен шыққан  алғысын арнады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлы, Еңбек Ері Күләш Айтжанова, ақын Исламғали Піскенбаев, көршілес Кербұлақ аудандық еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Төленді Сарыбаев, жергілікті тарихшы, ақын Молот Солтанаев және облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Закир Кузиевтер де жүрекжарды лебіздерін білдірді.
  Жиын соңында кәсіпкер Тасқын Жапарқұл сөз алып, ауылға құтхана салуға тілегімен, ісімен қолдаушы болған жерлес азаматтарға алғысын жеткізіп, мешіт құрылысын жүргізген азаматтарға сый-сияпат тарту етті. Құтхана қуанышына шаттанған Жаскент ауылдық округінің тұрғындары Тасқынға шапан кигізіп, ат мінгізді. Жаңа мешіттің ашылу рәсіміне арналған тілектер кәсіпкер жайған мол дастарқан басында жалғасып, көпшіліктің шынайы жанашыр пейілімен айшықтала түсті.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы