МҰҒАЛІМ - МЕКТЕП ЖҮРЕГІ

Уақыты: 22.09.2018
Оқылды: 2007
Бөлім: РУХАНИЯТ
   Қашанда қалт айтпайтын халқымызда «Білімді жетер мұратқа, біліксіз қалар жырақта» деген қанатты сөз бар. Осынау қасиетті қағиданың өзектілігі күннен-күнге артуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың білім саласын ерекше назарда ұстап, өзінің тікелей қамқорлығына алуы, оны мемлекеттік даму саясатының өзегі деп қарауы – осының айқын айғағы.
 

   Елімізде білімді дамыту аясында атқарылған жұмыс аз емес, алайда, тындырылуы тиісті  істер одан да көп. Осы орайда Панфилов аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Қастеев оқу саласындағы жетістіктер туралы баяндап берген еді. 
Ауданда қазір 45 орта, бір негізгі, 4 бастауыш мектеп бар. Бұл білім ордаларында 24529 оқушы оқиды. Оларға 2862 мұғалім сабақ береді. Оның ішінде бірінші санатты 974, екінші санаттысы 754 ұстаз бар.
   Бәрімізге белгілі, «мектептің жүрегі – мұғалім». Сондықтан білім саласындағы ең маңызды міндеттердің бірі – олардың білім сапасын ұдайы арттырып, мәртебесін тұрақты түрде көтеру. Осы мақсат жолында аудан бойынша 430 мұғалім жаңа жүйеде үш деңгейлік біліктілік курсынан өтіп, сертификаттарын алды. 
   Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің педагог қызметкерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу туралы 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығына өзгерістер енгізілгені белгілі. Мұғалімдер енді аттестаттаудан өту үшін Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыруы тиіс. Содан өткен жағдайда және педагогикалық қызметтерінің нәтижесі бойынша біліктілік санатын көтереді.
   Биыл мамыр айында өтініш беріп, Ұлттық біліктілік тестілеуден өткен 6 мұғалім «педагог зерттеуші», 25 мұғалім «педагог сарапшы», 40 мұғалім «педагог модератор» біліктілік санатына өтіп, қыркүйек айынан бастап 30 пайыздан, 50 пайызға дейін үстемеақы алады.
  «Жаңа жүйе» бағдарламасы бойынша 38 директор мектеп басшыларының біліктілігін арттыру курсын оқыды. «Жаңартылған бағдарлама» бойынша барлығы 912 мұғалім, 25 директор, 49 директордың орынбасары, 50 үйлестіруші директордың орынбасарлары курстан өтті.
   Аудан бойынша 78 жоғары білімді педагог-психолог, 23 социолог-психолог жұмыс істейді. Облыс көлемінде математика, ағылшын тілі, дене шынықтыру пәндерінен және бастауыш сыныптағы математика пәнінен «онлайн» режимінде іс-тәжірибелерін таратқан ұстаздар бар.
   Үш тілде білім беруді дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру және ағылшын тілін игеру деңгейін анықтау мақсатында Талдықорған қаласындағы тест орталығында ағылшын тілі пәнінің 175 мұғалімі тест тапсырды.
Үш тілде оқыту бағдарламасын енгізу үшін Жетісу мемлекеттік университетінің базасында өткен 5 апталық білім жетілдіру курсынан бір химия, бір информатика пәнінің мұғалімдері курстан өтті. Олар қазір қазақша-ағылшынша терминдік сөздіктер құрап, сыныптан тыс ақысыз факультатив сабақтарын өткізуде. Ал, он айлық курсқа физика, химия, биология пәнінің 6 мұғалімі, бес айлық курста 10 ағылшын тілінің, төрт айлық курста 7 ағылшын тілінің, үш айлық курста 2 ағылшын тілінің, 8 химия пәнінің, 16 биология пәнінің, 26 информатика пәнінің, 10 физика пәнінің мұғалімдері тілдік курстардан өтті.
2018 жылдың 19 ақпанынан бастап Алматы қаласында төрт айлық курс бойынша информатика, физика, биология, химия пәндерінен 32 мұғалім өтті.
   Қазір – жаһандану заманы. Сол талап үдесінен шығуды да ұмытпауымыз керек. Осы орайда Елбасының тапсырмасына сай «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасын іске асыру мақсатында мектептерде үштілділікті енгізу пилоттық жобасына биылғы жаңа оқу жылына химия, биология, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін 5 мектеп еніп отыр. Олар – Ш. Уәлиханов атындағы, Е. Сыпатаев атындағы, Төменгі Пенжім және Жамбыл атындағы (Ақжазық), Пенжім орта мектептері. Сонымен қатар, биылғы 29 маусымнан тамыздың аяғына дейін Алматы қаласында курста оқыған ағылшын тілі пәнінің 68 мұғалімі де аудандағы білім беруді жетілдіре түседі деген үміт бар.
Биылғы оқу жылында Луначарский, Уәлиханов, Абай атындағы және Жаркент, Пенжім орта мектептерінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді үш тілде оқытуды енгізудің кестесі жасақталды. Аталған мектептерде қыркүйек айынан бастап 8 сыныптарда физика, химия пәнін ағылшын тілінде жүргізу басталады.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша биыл да ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері мен  волонтерлер жазғы тілдік лагерьлерді жоспарлы түрде ұйымдастырып өткізді.
   Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамыту –мемлекет саясатының басым бағыты болып табылады. Осы орайда бүлдіршіндерді толықтай балбақшамен қамтып, уақыт талабына сай дамыту – басты міндет.
   Аудан бойынша 3-6 жас аралығындағы балалар саны 6602-ні құрайды. Мектепке дейінгі мекемелермен қамтылған балалар саны – 3925. Оларға 478 тәрбиеші тәлім беруде. Олардың арасында жоғары білімдісі – 145, арнаулы орта білімдісі – 333.
Аудан бойынша 41 балабақша жұмыс істейді. Оның 12-сі мемлекеттік, 29-ы жекеменшік. Сондай-ақ, 18 шағын орталық және 15 қысқа мерзімді топ бар. Мұнда тәрбиеленуші барлық бала саны – 4675. 
Биыл жыл басынан бері Жаркент қаласында 3 жекеменшік балабақша ашылды. Олар 50 орынды «Аманат», 100 орынды «Киндер Ланд», 100 орынды «Гауһартасым» балабақшалары.
Жыл соңына дейін бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейін 98 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.  

Борамбай Ерқалымұлы, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі