АСЫЛБЕК СЕЙІТОВКЕ 50 МЕТРЛІК КӨШЕ БЕРІЛГЕН

Уақыты: 13.11.2018
Оқылды: 1476
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бұл туралы Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архив мекемесінде өткен «Асылбек Сейітов – тарихта қалған із» атты монографияның тұсаукесер рәсімінде айтылды. Ғылыми еңбектің авторы - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Оразгүл Мұхатова.

Елеулі шара турасында айтпас бұрын Алаш арыстарының қатарында халқының болашағы үшін күресіп, кеңестік солақай саясаттың салдарынан жазықсыз жапа шеккен Асылбек  Сейітовтің өмірі мен қызметін жұрт жадында бір жаңғыртып өткен жөн. Асылбек Жұманұлы 1894 жылы Омбы генерал-губернаторы жанындағы кеңсе тілмашының отбасында дүниеге келген. Сол кездегі қазақ зиялы қауымында қалыптасқан  дәстүр бойынша алдымен орыс мектебінде, содан кейін Омбы классикалық ерлер гимназиясында білім алған. Гимназияны бітіргені туралы куәлікте оның орыс тілі, заңтану, латын тілі, математика, география, физика, тарих пәндерін жақсы деген бағаға бітіріп, неміс және француз тілдерін өте жақсы оқығаны анық көрсетілген. 1911 жылы Томскідегі мемлекеттік университеттің медицина факультетіне оқуға түсіп, 1913 жылы үздік бағамен бітіріп шығыпты. Соның нәтижесінде университеттің дәрігерлік факультетіне қабылданып, онда  тағы төрт жыл білім алады. Соңғы оқуына Ақмола губерниясы земствосының жәрдем-қаржысы беріліп тұрғандықтан, дәрігерлік қызметін де осы өңірден бастайды.

1916 жылы Омбыға қайта оралғаннан кейін Баянауылдағы казак станицасында дәрігер болып  орналасып, сол жылы бүкілресейлік санақтың далалық өлкесінде жүргізілген науқанға қатысады.  Аталмыш науқанда ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллимен бірге Ақмола уезінде жұмыс істеп, оның оңтүстік бөлігі комисиясын басқарады.  Осы сапарында халық арасында жиі кездесетін сүзек, безгек, тырысқақ ауруларына қарсы медициналық көмек  ісін ұйымдастырған болатын. Халқының мүшкіл хәлін көрген Асылбек Жұманұлы осы кезден қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, алдыңғы қатарлы зиялы қауымның қатарынан көрінеді.

1917 жылы Орынбор қаласында өткізілген бірінші жалпықазақ құрылтайына делегат болып сайланғаны осыған дәлел. Онда да қатардағы қатысушы болып қалмай, құрылтай президиумының төрағасы Халел Досмағанбетұлы, қосалқы төрағалар – Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлмұхаммед Көтібарұлының қатарында Міржақып Дулатұлымен бірге хатшылық қызметіне сайланады. Құрылтай соңында төрағаның орынбасары болған Асылбек жайлы «Қазақ» газеті сол кезде: "Асылбек Сейітов – жас доктор, қыз мінезді, ақ қағаздан ақ, ұлтшыл жас. Областной қазақ комитетінде председатель орынбасары",  – деп жазған еді.

Баянауылда біраз жыл бас дәрігер қызметін атқарған Асылбек Жұманұлы 1922 жылдан бастап 15 жыл бойы Семей қаласындағы губерниялық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып еңбек етеді. Осы өлкеде өкпе ауруын емдейтін «Ауыл» және «Березовка» санаторийлерін ашуға мұрындық болған. 1937 жылдың маусымы мен желтоқсан аралығы Асылбектің өмірі мен қызметіндегі ең қысқа кезең болды.  Ол осы жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының жоспарлау-қаржылау бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырылған. Ал қараша айының соңында Алматы қаласындағы темекі фабрикасының жанындағы амбулатория негізінде емхана ұйымдастыру жұмысы тапсырылады. Өзіне жүктелген міндетті мерзімінен бұрын орындаған ол көпшіліктің қолдауымен осы № 5 емханасының  бас дәрігері қызметіне тағайындалады. Алайда өз қолымен құрған емхананы бар-жоғы бес-ақ күн басқарған Асылбек Сейітов 1937 жылдың 3 желтоқсанында қамауға алынады.  Ал,  8 желтоқсанда «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген. Асылбек атылған жылы оның аяулы жары Нәфия Шорманова он төрт жасар қызы Роза мен әлі дүниеге келмеген нәрестесін қамауға алынудан сақтау үшін Омбыға қоныс аударады. Асылбектің туған бауырлары Мұсылманбек пен Мұратбек те «Алаш» партиясының мүшелері ретінде репрессияға ұшырайды.

«Халық жауы» деген айып тағылып, ұзақ жылдар бойы атын атауға тыйым салынған Асылбек Сейітов тек 1957 жылы ғана толықтай ақталған еді. Алайда  тұтқындау кезінде тәркілеген құжаттар мен фотосуреттер МҚК архивінен жоғалып кетуіне байланысты ол туралы деректер аз сақталған. Тек қыздары Роза мен ол атылғаннан кейін дүниеге келген Клара Асылбекқызы сақтап, жинақтаған дүниелердің негізінде Алматы қалалық архивінде арнайы қор құрылып, кітаптың шығуына түрткі болған көрінеді.

Тұсаукесер салтанатын Орталық мемлекеттік архив директоры Абзал Ботанов құттықтау сөзбен ашса, алғашқы баяндама жасаған монография авторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Мұхатова Алаш арысының өмірі мен қызметіне тоқталып өтті. Ол ұлтының болашағы үшін жанын құрбан еткен күрескердің есімін ұлықтау мәселесі кенжелеп жатқанын қынжыла айтты. Атап айтқанда, Семей мен Алматы қалаларында Асылбек Сейітовтің атында көше бар. Алайда Алматыдағы көшенің ұзындығы 50-ақ метр көрінеді. Алдағы уақытта осы жайт ескерілсе деген ұсыныс тасталды.

Жиын барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенттері Балғабек Дінмұхамед, Азиза Сулайманова мен Сырым Сабин, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Әйгерім Бисен, Археология мұражайының кіші ғылыми қызметкері Мархабат Жансейітова,  Алматы қаласы орталық мемлекеттік архивінің бас қор сақтаушысы Гүлбақыт Құрманжановалар Асылбек Жұманұлының еңбектері, репрессия кезіндегі архив құжаттары, дәрігерлік жұмысы, тергеу материалдары, Алаш қозғалысындағы Асылбектің алар орны туралы баяндамалар жасады.

Оразгүл Мұхатованың «Асылбек Сейітов – тарихта қалған із» атты монографиялық еңбегінің тұсауын  Алаш арысының  тұяғы  Клара Асылбекқызы кесіп, әкесі атылғаннан кейінгі «халық жауының» отбасы ретінде көрген қорлықтары мен тартқан азабы, өмір үшін күресі жайында қызғылықты әңгіме айтып берді. Соңынан шараға қатысушыларға жаңа кітап сыйлыққа ұсынылды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,

"Жетісу"

Алматы