ӘКЕМТЕАТРҒА МҰРАТ САПАРОВТЫҢ КӨРМЕСІ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 1110
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында танымал сценограф, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Мұрат Сапаровтың «Уақыт және кеңістік философиясы» атты шығармашылық есеп беру көрмесі өтті. Саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің өркендеуіне арнаған М. Сапаровтың шығармашылық көрмесі өзінің ердің жасы 50-ге толуымен байланысты ұйымдастырылғандығын атап өту орынды. Театрдың фойесінен орын алған төл туындылары көрермен назарын айрықша аударды.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген дарын иесі Мұрат Исмайылұлы 1990-1995 жылдары республикалық Орал Таңсықбаев атындағы көркемсурет училищесінің сценография бөлімінде, одан кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сценография, театр-кино және телевидениенің қоюшы-суретшісі бөлімінде оқып, білім-білігін толықтырады. Алғашқы еңбек жолын Алматыдағы неміс театрында балалар ертегісін бейнелеуден бастаған қылқалам шебері 2002 жылдан бастап М.Әуезов атындағы әкемтеатрда сценограф, суретші ретінде қызмет етіп келеді. Театр сахнасында Мұрат Сапаровтың «Апат», «Ақын. Періште. Махаббат», «Сыған серенадасы», «Қара кемпір», «Қожанасыр тірі  екен», «Қыз мұңы», «Шырақ жанған түн», «Актриса» қойылымдарын, Ә.Рахимов, Е.Обаев, Н.Жақыпбай, А.Кәкішева сынды режиссерлер мен драматургтердің, Ә.Тарази, И.Сапарбай, Д.Исабеков, Н.Оразалин сынды қаламгерлердің туындыларын бейнелеуде суретшінің шеберлігі мен философиялық тереңдігі ұштасып, көрермендер тарапынан жоғары бағасын алып келеді.

Көрменің салтанатты ашылуында КСРО Халық артисі, М.Әуезов атындағы драма театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов:

- Мұрат - шығармашылық жолдағы үлкен ізденіс иесі. Түрлі спектакльдердің көркемдік дәрежесін көтеруде белсенділік танытып отырады. Мұрат өзіне тапсырылған жұмыстардың бәрін адал атқарады. Нағыз таза суретші. Сол тазалықтың арқасында суреттері де жарқырап, жүректен орын алып келеді. Шын таланттар көп емес, жүздің ішінде біреу болса, Мұрат сол біреудің нақ өзі, – деген Асанәлі Әшімов шығармашылық табыс биігінен көріне беруіне тілектестігін білдірді.

Салтанатты шарада театр қайраткері Сәбит Оразбаев, ұстазы Есенкелді Тұяқов, режиссер Әубәкір Рахимовтар сөз алып, таланатты суретші Мұрат Сапаровтың ізденісі мен еңбегіне ерекше тоқталып, театр қойылымдарындағы көркемдік-эстетикалық ізденісін жоғары бағалап, еңбегінің жарқырай беруіне тілектестіктерін білдірді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы қаласы