Дәурен ҚУАТ пен Әлібек ШЕГЕБАЙ "ӨЗДЕРІНШЕ ОТЫРДЫ"

Уақыты: 23.11.2018
Оқылды: 2231
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Жазушылар одағының мәжіліс  залында халықаралық М. Қашқари атындағы және Ғ. Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы  Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ» әңгімелер топтамасы мен ақын, «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы Әлібек Шегебайдың «Ақ жауын» атты өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Оған қаламгерлер мен оқырман қауым қатысты.

Шараны ұйымдастырып, жүргізген Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан әдебиет жайлы, қос қаламгердің шығармашылығы төңірегінде еркін әңгіме өрбіту мақсатымен кешті «Өзімізше отырайық» деп атауды ұсынды. Ол солай болды да. Себебі, тұсаукесер рәсімі басталмай жатып, жиынға келген жұртшылық алдында тоқсанды алқымдаған абыз ақсақал Мыңбай Рәш бастап, ақындар Бауыржан Жақып, Маралтай Райымбекұлы, Жарас Сәрсек, Бейбіт Сарыбай өз өлеңдерін оқып, тамаша көңіл-күй қалыптастырып тастаған.

Алғашқы болып сахнаға көтерілген  Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып Дәуреннің «Бөрісоқпақ» кітабының  құндылығы, қаламгердің өзіне ғана тән шығармашылығы жайында тереңнен толғап, Әлібектің өлеңдеріне де талдау жасап өтті. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің де айтары аз емес екен. Ол Дәуреннің шығармашылығын жіті бақылап келе жатқанына тоқталып, оқырманға жол тартқан кітаптағы әңгімелердің ерекшелігі, қаламгердің өзіндік қыры ұтымды тұстары мен ой салар оралымдары жайында біраз пікірін ортаға салды. Жазушы Жанат Ахмади, Тұрысбек Сәукетайлар негізінен «Бөрісоқпақтың» төңірегінде ой өрбітсе, қоғам қайраткері Әміржан Қосан шетелге сапарлағанда өзімен бірге ала кеткен Дәуреннің кітабынан алған әсерлерімен бөлісті. Кеш барысында Әлібек Шегебай өз өлеңдерін оқып, жырсүйер қауымның ықыласына бөленді.

Кешке арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман, гитараның жеті ішегінен саз төккен Ерлан Төлеутай, сырнайдың сиқырлы үнін меңгерген Ершат Қайырхандар әуелетіп ән салса, шараның басты себепшісі Дәурен Қуат пен жүргізуші Бақыт Беделханның орындауындағы әндер де тыңдаушыларын бейжай қалдырмады. Жиналған жұртшылық еркін әңгіме, әзіл-қалжың араласа өткен осындай басқосулар жиі болып тұрса деген тілекпен тарқасты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Алматы