"ЛАБАСЫ" АТАУЫ ДҰРЫС ПА?

Уақыты: 24.11.2018
Оқылды: 3704
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өз өлкеміздегі жер, су, тау атаулары жөнінде сөз қозғасам деймін. Ол Лабасы тауы туралы болмақ. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары қалалар мен елді мекендерге, ауылдар мен көшелерге тарихи атаулар беру мәселесі еліміздің көлемінде біртіндеп шешілуде.

 

Осы тақырыпқа байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 22 тамызда «Хабар» телеарнасының «Туған жер» бағдарламасына берген сұхбатында: «Қазақстанның әрбір аймағының атауы қайдан шыққанын зерттеу керек. Егер де біз Қазақстанның әрбір сай-саласының, тауының, жолының, өзендері мен көлдерінің атаулары қайдан шыққанын зерттеп жазатын болсақ, онда қазақтың тарихы ешқашан өшпейді. Отанын сүю деген кезде ең алдымен адамның ойына ата-анасы, туған жері келеді. Біз қанша жасқа келсек те балалық шақтағы кездер, сол уақытта жүрген жерлер көз алдыңнан кетпейді және көңілге жылылық ұялатады. Сондықтан «Туған жер» сияқты жобаларға немқұрайды қарамау керек. Туған жердің топырағы, әрбір өсімдігі, жан-жануар дүниесі біз үшін өте қымбат. Отанды, елді сүю осыдан басталады. Сондықтан жас ұрпақты осындай жағдайда тәрбиелесек деп ойлаймын. Қазіргі кезде бұл жұмыстар барлық жерде жүргізіліп жатыр», –  деп атап өтті.

Ата-бабамыз ат қоюға өте шебер болған ғой. Атауларды кездейсоқ қоя салмаған. Оларды орналасқан аймағымен, мәнімен, көркімен, ерекшелігімен байланыстырғандығы бәрімізге белгілі. Алысқа бармай-ақ қояйын, осы өңірдегі атаулардың барлығының мағынасы да, айтылуы да өзіне өте жарасып тұр. Мысалы, Ешкіөлмес, Текелі, Жалғызағаш, Ақсу, Көксу, Қаратал, айта берсе тағысы тағы бар. Бірақ, кейбір атаулар бұрмаланып түбегейлі өзгеріске ұшырған. Олар Лабасы, Биғаш сияқты атаулар. Биғаш қысқартылып, өзгертілген түрі. Ал негізгі аталуы «Би ағаш». Мен бұл атау жайлы естігенім бар. Ертеректе Қытай жеріне көшіп кеткен қарт адамдар өзінің туған жерін еске алып, осы жақтан барған адамдардан «Сол жерде үлкен көне ағаш – Би ағаш бар еді, сол бар ма?» – деп сұрастырады екен. Яғни, ол жүздеген жылдар бойы өскен ерекше үлкен ағаш, сол себепті оны жергілікті тұрғындар «Би ағаш» деп атап кеткен.  

Сол сияқты Лабасы да өзгеріске ұшырағаннан кейінгі аталуы. Елестетіп көріңіздер. Талдықорғаннан Алматыға қарай бет алған кезіңізде алдыңыздан көлбей жатқан әдемі үлкен тау көріне бастайды. Тасжол жақындай келе сол таудың батыс жақ етегін басып өтіп, арғы бетіндегі жазыққа шығарып салады. Талдықорғаннан 27 шақырымдай қашықтықта орналасқан осы таудың бөктерінде менің де балалық, жастық  шағым өткен еді. Сай-саласын әлі күнге шейін жатқа білемін. Таудың ортасындағы саймен төбесіне талай рет шығып, арғы бетін көруге ұмтылатынбыз. Сол тау Лабасы деп аталады. Осы атау мені бала кезімнен бастап қазіргі күнге дейін көп толғандырады.  Неге Лабасы деп аталды, қандай мағынасы бар?     

Әлі есімде. Мектепте оқып жүргенімде орыс тілі пәнінің мұғалімі Бақыт Смағұлқызы, тарих пәнінің мұғалімі Хадиша Байгереқызы апайларымыз, тағы басқа мұғалімдер бөлмеге шақырып алып, біраз әңгімелерін айтып, мектептің алғашқы түлектерінің ескерткішке қалдырған қолтаңбаларын, өздері шығарған альбомдарын көрсетті. Альбом өздерінің фотоларымен, салған суреттерімен безендірілген. Әрқайсы жинаған өңір туралы, ауыл туралы аңыз әңгімелерімен толтырылған. Олар – Жолдасбек Алтынбеков, Аман Далбаев ағаларымыз және тағы басқалар болатын. Маған да қатты ұнап, есімде жақсы сақталып қалыпты. Бақыт Смағұлқызы маған осындай альбом жасасақ, сен маған көмектессең деген ойын білдірді.

Альбомда Лабасы тауы туралы да аңыз-әңгімелер жазылғаны есімде жақсы қалып қойыпты. Әңгімелердің бірінде ол тауда «Ла» деген жоңғар батырының басы алынған деп айтылады. Бұл атау аңыз-әңгімелер бойынша келтірілген. Әрине, ағаларымның сол кездегі деректерге сүйеніп, өз ойларын ортаға салғанына алғысымды білдіріп, рахметімді айтқым келеді. Бірақ, ол таудың аты сол кезден әлі күнге дейін мені мазалайды. Көп іздендім, интернет желілерін де араладым. Өйткені ол тек аңыз бойынша ғана айтылған болатын. Біз, қазақ халқы, ерекше ақкөңіл, көңілшек әрі еліктегішпіз. Осы себептермен де  сол өзгертулерге жол беріп қойдық.

Енді аңыздан тарихтың ақиқатына көшсек. Неге «Лабасы» тауы деп аталады? «Лабасы» тауы деп аталауына қандай негіз бар және жаңағы аңыздағы тұжырым дұрыс па? Осы төңіректе біраз ой бөлісуге шақырамын. Негізінде осы атауға өз басым келіспеймін. Және осы таудың атауы түрлі топографиялық карталарда және басқа да тақырыптарда бұрмаланып жеті түрлі болып айтылады екен. Байқап қарасақ, бұл атауға әлі күнге дейін нүкте қойылмағандығы көрініп тұр. Ал енді осыдан кейін ойланып көріңіздер. Оның түбірі мүлдем басқаша болуы керек... 

Біріншіден, шығыстан батысқа қарай ұзынынан созылып жатқан тау  (жалпы ұзындығы 17 километр) екі үлкен жазықтықты ортасынан бөліп жатыр. Оңтүстігінде Сарыөзектен Қоғалы, Алтынемел тауына дейінгі үлкен жазық. Солтүстігінде осы таудың етегінде орналасқан Мұқыры, Жамбыл және Шаңырақ (бұрынғы Ленин) ауылдарынан бастап солтүстікке қарай кеңінен жайылып жатқан үлкен жазық алқап. Ерте заманнан бастап екі жақтың адамдары төте жолмен тауды асып өтіп, қатынасып тұрған. Ол өткел таудың ортасындағы сай арқылы жүрген. Таудың тура ортаңғы бөлігінен өтетін үлкен сай қазіргі кезге дейін «Асусай» деп аталып келеді. 

Екіншіден, қазақтың жер, тау, су аттарын орналасқан жеріне, мәніне, көркіне сай байланыстырып атап отырғанын тарихтан білеміз. Мысалы, Көксу, Тентек, Ешкіөлмес, Текелі, Асусай, Сүтбұлақ, Сарыбастау және тағы басқалар. Ал Лабасы деген атауға келсек, «Ла» деген, біріншіден, ол қазақтың сөзі емес, екіншіден, «Ла» деген жоңғар батыры туралы ешқандай дерек жоқ. Жоңғар халқы да жоқ. Таудың қақ ортасынан «Асусай» өтіп жатса, «асу» деген ұғым оған негіз болуы тиіс. Айналасындағы жазықтықтан қарағанда бұл алып тау жотасы боп көрінеді емес пе? Ендеше, өзі көрікті, өзі үлкен тауымыз алып болып көрінсе, айтпаса да түсінікті шығар. «Алып» деген сөздің кездейсоқ емес екендігін осыдан білеміз. Осыдан қорыта келе «асу» және «алып» деген сөздердің құрамасынан  Алып асу деген Қазақтың нағыз атауы шығып тұрғанын көреміз.

Үшіншіден, географиялық картаға қараңыз. Кейбір карталарда осы  тау жотасы «Албасу» деп көрсетілген. Сонау Совет өкіметі тұсында, алғашқы 1920-1930 жылдары карта жасалынған кезде тау жотасының атауы осылай жазылып қалған. Сол «Албасу» атауының кішкене бұрмаланып жазылғаны бекер болмаса керек. Кейінірек ол тау орыс транскрипциясында тағы да Лабасы боп өзгеріске ұшырады. Лабасы орысша айтылғанда ыңғайлы сөз сияқты. Оған себеп, орыстарда Лабас деген жер, су, қала аттары, тіпті, фамилия да бар. Ал литвалықтарда «labas» – аударылымында сәлем (привет) деген ұғымды білдіреді екен. Қазақ халқы көңілшек, кеңдігіне тартып, көп сөздердің өзгеріп кетуіне мән бермей, қайта соларға қосыла атап кетті.

Төртіншіден, картада көрсетілген «Алабасы» атауын алатын болсақ, біздің тау Алатау сияқты биік болмағандықтан ешқашан төбесін қар басып, ала болып жатпайды. Демек, бұл сөзге ешқандай негіз жоқ. Бесіншіден, карталарда әр кезде жеті түрлі аталады.
1. Алабасы 
2. Албасу   
3. GORY  ALA-BASY (Америка армиясының картасында)
4. Алибасы
5. Лабасы
6. Лабас
7. Алабас. Түбірі  «Алып асу»  болуы керек! Дәлелдеп көрейік. Сөздің бұрмаланып орыс транскрипциясында өзгеруі:
Алып Асу (өз  аты)  – Алыбасу – Албасу (бұрынғы картада) – Лабасу   – Лабасы (қазіргі  аталуы).

Мені көптен бері мазалап жүрген ой осы еді. Сол себепті Лабасы тауы өңіріндегі аудандардың халқынан осы жоғарыда айтылған тұжырымға келісіп қолдау көрсетулерін және Лабасы тауы мен ауылдың атын «Алып асу» деп өзгертуді қолдауларын сұраймын.
Өзгеше пікірлеріңіз болса оны да ортаға салыңыздар! Зейін салыңыздар, қазақшасы да, орысшасы да өзінің табиғи келбетіне сай ерекше жаңғырып тұр!

Қаби БАУЛЫҚОВ,
Мәскеу Халықаралық сәулетшілер академиясының академигі, профессор, ҚР Құрметті сәулетшісі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Сәулетшілер одағының Алматы облысындағы төрағасы