ҚАНАТ БІТІРГЕН ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Уақыты: 12.03.2019
Оқылды: 1428
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мектеп табалдырығынан кеше ғана үлкен өмірге аяқ басқан сияқты едім. Құжат-қағаздарымды қолтықтап, жоғары білім беріп жатқан қара шаңырақтың есігіне алғаш келген сәтім әлі көз алдымда. Арада төрт жылдың төрт күндей өте шыққаны сынаптай сырғыған уақытқа еріксіз мойынсұндырады.

Бұл мекеме менің сүйікті университетіме айналды. Менің асқақ арманыма қанат бітірді. Иә, алғашқы күндері қобалжығанымыз рас. Журналистика мамандығы менің білім көкжиегімді кеңейтуге жол ашты. Талай қызықты күндерім өтті. Өмірлік достарды да осы ортадан таппым. Төрт жыл бойы мені білім нәрімен сусындатқан І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің тарихы тереңде жатыр.

Оқу ордасы 1972 жылы білім беру қызметін бастады. Университет негізгі стратегиялық-инновациялық бағдарламаларды іске асыруға бағытталған. Бүгінгі таңда университет сәулетті үш ғимаратта орналасқан. Алты факультет бар: педагогика және психология, математика және жаратылыстану, заң, қаржы-экономика, гуманитарлық, мәдениет және өнер. Онда 41 мамандық бойынша 5809 студент білім алуда. Оның 3085 күндізгі, 2724-і сырттай бөлімде оқиды. Университетте 350-ден астам оқытушы қызмет етеді, олардың 10-ы ҚР Ғылым академиясы салаларының және халықаралық академиялардың корреспондент-мүшесі, 21-і профессор-доктор, 1-уі философия ғылымдарының докторы (PhD) 120-сы ғылым кандидаты, 25-і магистр, 80-і доцент. Студенттер 40 мамандық бойынша бакалавриат, 18 мамандық бойынша магистратура және 4 мамандық бойынша  докторантурада білім алады.

Мен өз университетіммен мақтанамын. Адамзат баласының ұлы игіліктерінің бірі – білім. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша да, жазбаша да, көркем әдебиет арқылы да жеткен. Тек ақылды адам ғана терең білімдерді меңгере алады. Білімнің мәнін «Ақылдан қымбат байлық жоқ», «Ақылды сатып ала алмайсың», «Ақыл — тозбас киім, білім — сарқылмас бұлақ» деген халықтың даналық сөздерінен-ақ байқауға болады. Білімгерлерді шыңға ұстаз ғана шығарады. Білгір ұстаздарымның дәрісін тыңдап, талай жарыстарда бәйгеге түстік. Менің университетім армандардың орындалуына үлкен мүмкіндік жасайды.

Айым АСХАТҚЫЗЫ,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың студенті