Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ТУҒАН ЕЛ, СЕНІҢ ҰЛЫҢМЫН": БҮГІН ОРАЗАЛЫ ДОСБОСЫНОВ 44 ЖАСҚА ТОЛАР ЕДІ

Уақыты: 15.11.2019
Оқылды: 1998
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақтаңгер ақын Оразалы Досбосыновты еске алғанда, зымырап заман, ұрланып уақыт өтсе де, сол бір орны бөлек, еншісі ерек оқиға ойымда орнығып, санамда сақталып қалыпты. Ол – тіршілігінде айтыстың ақтаңгері атанып, «Құлманбеттің құлынымын» деп дүйім жұртқа өзін өрнекті өнерімен таныта білген Оразалы Досбосыновтың ақындар айтысындағы  ең алғашқы тұсауы кесілген сәт еді.

Өткен ғасырдың 80-жылдары халқымыздың қастерлі өнері – ақындар айтысы қайта жанданып, жаңа белеске көтеріле бастаған шағы болатын. Ауданнан басталып, облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылған айтулы бәсекелерде Айтақын Әбдіқалов, Қасенәлі Саматыров, Даубай Әбдісаев, Биғайша Медеуова сияқты от ауыз, орақ тілді ақындар суырылып шығып, өңір намысын қорғады. Олар бұрынғы таптаурын соқпаққа түспей, айтыс өнеріне тыңға түрен салғандай жаңаша серпін әкелді. Осыған дейінгі ақындар жоғарыдағылар белгілеп берген қалыптан айнымай, айтатын дүниелерін алдын ала қағаз бетіне түсіріп, «мықтылардың» сұрыптауынан өткізіп алатын. Содан кейін ғана домбыраға қосыла бірсыдырғы әуенмен кезектесе оқып шығатын еді. Ал мыналар ұлттық өнердің бетіне шіркеу болатын жадағайлық пен жаттандылықты сілкіп тастап, табиғи деңгейінде өнер сүйер қауымға ұсынуға тырысты. Өрнекті ой, орамды тіл арқылы айтыстың шырайын кіргізді. Сөйтіп, жалпақ жұрттың ыстық ықыласына бөленді.

Сол тұстарда осы бір өрнекті өнер білім ошақтарының да есігін қаққан болатын. Игі дәстүрді жас буындар арасына орнықтыру мақсатында әр мектепте ақындар айтысына арналып үйірмелер ұйымдастырыла бастады. Үйірмеге дәстүрлі өнерге бейімі бар оқушылар тартылды. Оларды баптап-баулуға ұстаздармен қатар саңлақ айтыскерлер де білек сыбана кірісті. Күндердің күнінде мақсатты істің нәтижесін саралайтын, жемісін тататын мезгіл де келіп жетті.

1989 жылдың қаңтар айында Нарынқолдағы аудандық Мәдениет үйінде аудандық білім бөлімі мен мәдениет, аудандық газет, қолына қалам ұстаған шығармашыл топ бас біріктіре отырып, оқушылар арасында тұңғыш рет ақындар айтысын өткізді. Сол күнгі талантты оқушылар арасындағы тартысты бәсеке көптің көңілін баурап, "бәрекелді" дегізген еді. Ұлттық дәстүрге сай ою-өрнекті бешпент-шалбар, қынама бел сиса көйлек пен камзол, үкілі бөрік киген ұлы-қызы аралас жас талапкерлер шараны жүргізушілердің шақыруымен сахна төрінен орын алып, зал толы жұртшылыққа таныстырылды. Әлнұр Мейірбеков, Еркін Ібітанов, Нұрбатыр Орынбаев, Қойшыбай Тиязов сияқты дуалы ауыздар мен жоғарыда аталған айтыс ақындарынан қарақылды қақ жарады дейтін әділқазылар алқасы құрылды. Оқушылар арасында ұйымдастырылған сол күнгі айтулы бәсеке үстінде басқалардан жасы кіші, бойы да бір тұтам жұдырықтай ғана бір бала қалың қауымның назарын өзіне аударған еді. Өнер ордасының төріндегі өзін еркін ұстауы, ширақ қимылы, ұшқын атқан отты жанары, қарсы алдында қабылан тұрса да қаймықпай қарсы шабар кейіпте көкейіндегі ойын бетінен ғана қалқымай, тереңнен толғап, көркем де кестелі тілмен жыр маржанына айналдырып отырған бұл бала Тегістік ауылындағы М.Мақатаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Оразалы Досбосынов болатын.

Осы күнгі үш кезеңге белгіленген айтыс шартының өн бойында талапкер ақындар өздеріне жүктелген тақырып аясында жарыс көрігін қыздырды. Сол тұстағы қоғамның күнгейі мен көлеңкесі, ауыл мәдениеті, шаруашылықтың өсіп-өркендеуі, білім саласындағы жетістік пен кемшілік, мектептің хал-ахуалы жас ақындардың ойларына өзек, тілдеріне тиек болған-ды. Тауып та, қауып та айтып, тыңдарманның басын шұлғытқан, езуін  жинауға мүмкіндік бермеген шеберлер де, өлеңге өрнек сала алмай, шаң қапқандар да болды. Осы үш кезеңде де Оразалы көпшілікті таңдай қақтырумен ерекшеленді. Бұған себеп, кішкентайлығына қарамастан, бүкіл айтыстың ұзын ырғасында айтар ойын «мен-мен» деген ақындардың  аузына түсе бермейтін зерделі сөздермен кестелей, шымыр ұйқастармен дестелей алуында еді.

«Туған ел, сенің ұлыңмын, ниетіңе аппақ жуындым. Азуын айға білеген, Құлманбеттен қалған құлынмын», – деп бір кетсе, «Өлеңім енді ғана әрін тапты-ай, қызарып, майға піскен бауырсақтай», – деп тағы да өршеленді. Кішкентай баладағы үлкен жүрек сол күнгі сахна төрінде көк аспанға қанатын қомдаған балапан қырандай әсерге бөледі. Көптің көзайымына айналды. Құлақтың құрышын қандырды.

Осы айтысқа өзімен бір мектепте оқитын 10-сыныптың оқушысы Кемелбай Сағымбеков дейтін талапкер де қатысқан еді. Бәсеке барысында отызға тарта ақыннан екеуіне тең келер жан табылмады. Қызыққа кенелген жұрт қолдарын шапалақтап, еденді тепкілей ысқырып, Оразалы мен Кемелбайдың айтысуын талап етіп отырып алды. Ақыры көптің тілегі қабыл болды. Бір мектеп, бір ауылдың намысына шапқан екі жүйрік енді өзара айтысқа түсіп, өнердің отын бұрынғыдан да маздатып берді.

Бұл күні айтыс десе алдындағы асын ұмытатын думаншыл қауымның көңіл көкжиегі бір кеңейсе, езудегі күлкінің де шегі жойылған еді. Қазылар алқасы айтыстың қорытындысын жариялады. Бір мектептен сайысқа түскен екі ақын да дүбірлі бәсекеде шашасына шаң жұқтырмай, жеңіс туын желбіретті. Екі ақын бір-бірімен тең түсті дегенмен, Оразалының алымы бөлек екенін көпшілік жазбай таныды. Дегенмен, жасы үлкендігін ескеріп, бас бәйгені Кемелбайдың қанжығасына байлаған қазылар алқасы Оразалының өнеріне ерекше пікір білдіре келе, бірінші орынға лайық бағасын берді. Дүйім жұрттың делебесін қоздырған сол күнгі ақындар айтысында Оразалының тұсауы осылайша кесілген еді.

Тағы бір мәселе, бүгінде қарымды қалам иелері ретінде оқырман қауымға кеңінен танылып үлгерген Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, Қазақ және Шалқар радиосы Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпаров, «Ән мен әнші» тележобасының продюсері Сержан Молдасановтар  да сол күнгі айтыстың жемістері екенін көпшілік қауымның біле жүргені абзал ғой деген ойдамын.

Зымыран уақытты ауыздықтар шара жоқ. Содан бері де құйындай құйғытып отыз жыл өте шығыпты. Сахна төрінде бала қырандай қомданып отыратын Оразалының араша бермес ажалдың құрығына іліне морт сынып, шорт үзілгеніне де 15 жыл толып қалыпты.

Осыдан төрт жыл бұрын дәл осы қараша айының ортасында Тегістік пен Текестің қарабайыр халқын дүр сілкіндіріп бір тамаша шара өткені ұмытыла қойған жоқ. Ол – тіршілігінде айтыс өнерінің абыройын аспандатып, алты алаштың мақтанына айналған Оразалы ақынның туғанына 40 толуына арналған еске алу шарасы еді. Өнер айдынында Оразалымен қатар жүзіп, тонның ішкі бауындай сыйласқан азаматтар мұрындық болып, оны ауыл жұрты қолдап, екі күнде екі ауылда дүркіреген игі шара ақтаңгер ақын рухын аспандатқаны анық.

Осы шара барысында талантына тағзым етушілер еліміздің әр түкпірінен келді десем сөзім өтірік болмайды. Сол бір өркенді өнерді мият тұтқан ақпейіл жандар Оразалы туралы жерлестері біле бермейтін беймәлім сырларды ақтарып салған еді. Өтірік айтса, күнәсін өздері көтерер. Білмейді екенбіз. Алла берген асқақ дарынды аласартпай, сахна төрінде шиыршық атып отыратын оның да жолын кескен кедергілер атан түйеге жүк болғандай екен.

Небір аламан айтыстарда ылдидан салса төске озып, алқынуды білмеген тұлпарды өнерді таразылаушылар асқақтата көтеруге онша құлықты болмаған сыңайлы. Жүлдеге қойылған бас бәйгені оған қимай, таланты одан төмен тұрғандардың қанжығасына байлап, бұны кішкене бала сияқты кәкін-шүкінмен алдағандай пиғыл танытыпты.

«Тураушы да туғаның болсын» деген тәмсіл осындайдан айтылған болар, сірә?! Әйтпесе, иісі қазаққа танымал жақсы мен жайсаңнан құралған қазылар тоқпағы мықтылар мен бұлаңдаған түлкі заманды тазы боп шалған жылпостардың ыңғайына жығылар ма? Мұндай жайт бір емес, бірнеше рет қайталанса не айтасыз?

АЙТЫСТЫҢ АҚТАҢГЕРІ

Текес пенен Тегістік - жатқан ауыл іргелес,

Таңы бірге ататын, бататұғын бірге кеш.

Бір-біріне ағайын, құда-жекжат, дос-тамыр,

Қазанатын қақпайлап, азаматын күндемес.

 

Жандар емес ел-жұрты қиындықта қысылған,

Досы түгіл жауына жан жүрегін ұсынған.

Тәңіртаудың тәлейлі тағдырымен таласып,

Ұландарын ұлықтап, қырандай ғып ұшырған.

 

Дәріптеліп дәстүрім алты қырдың астынан,

Ата салтым асқақтап, атой салған шақта ұран.

Аясынан Аспантау Алашына жар салып,

Қияға ұшқан осыннан Ораздайын жас қыран.

 

Алтай менен Атырау, Арқа, Алатау арасын,

Жалаулатып жырымен суын, нуын, даласын.

Сахарасын салмақтап, алты Алашын ардақтап,

Бауыр тұтып, дос көрген иісі қазақ баласын.

 

Арқау болған жырына өрісті жер, өр елі,

Өртеңді өрлеп өрілген өлкесінде өлеңі.

Хас талантты япыр-ай, қиналмай-ақ қылғытқан,

Қандай ғана ажалдың кеңірдегі кең еді?!

 

Ақтаңгері айтыстың Тәңіртаудың бұл ұлы,

Сүйінбайдың тайы еді, Құлманбеттің құлыны,

Тарылтса да пейілін қу жалғанның жарығы,

Көз алдымда келбеті, құлағымда тұр үні.

 

Бағалы еді бәрінен Ораз үшін ар құны,

Тиек еді тіліне тіршіліктің зар-мұңы.

Өзегіміз өртеніп, өкінгенмен не шара,

Жалғыз Ие бәрі де Жаратқанның жарлығы.

 

Текес пенен Тегістік – жатқан ауыл іргелес,

Таңы бірге ататын, бататұғын бірге кеш.

Бір-біріне ағайын, құдандалы, дос-тамыр,

Талаптыға тас атып, бақыт-бағын күндемес.

Шымкентте өткен атағы дардай айтыста да Оразалы қарсылас шақ келтірмей, ойсырата жеңген екен. Бірақ мұнда да бас бәйгеге тігілген автокөлік басқаға бұйырған. Ақиқатын айтар жан табылмай бара жатқан соң, қайын атасы, оңтүстікке танымал білікті дәрігер Түзелбек жұрт алдына шығып, шынайы талантты бағалай білмеген қазыларға орынды ренішін білдіре өзінің астындағы «Вольво» жеңіл көлігін жұрт көзінше күйеу баласына сыйлапты.

Келесі бір айтыста да тауы шағылып, күйзеліске ұшыраған оны айналасындағы жанашыр дос-жараны келеңсіз жағдайға ұшыраудан аман сақтап қалыпты. Алдын ала, айтыстың басы-қасында жүрген кеңірдегі тесік пенделердің аузын майлау арқылы бас бәйгеге ие болуына жол ашыпты. Әрине, Оразалы Жаратқан Ие сыйлаған талантты тиын-тебенге, жалған атақ пен даңғаза дақпыртқа айырбастай салатын күйсіз күлік емес. Нені болсын орақ тілімен орып айтатын, ақиқатты кесіп, жалғандықтың бүйірін тесіп айтатын ерен жүйрік. Қай заманда да шырылдаған шындықтың көмейіне құм құйылғаны, таланты асқандардың қол-аяғы матаулы болғаны жасырын емес. Ендеше, Оразалының жолына қара тастай көлденең түсіп жатып алған керағарлық та сондай оспадарлықтан туғанына ешкім күмән келтіре алмайды. Сол күнгі еске алу кешіне жиналған жамағат осыны айқын сезінген болар дейміз.

Елден айналайын! Тіршілігінде көрсете алмаған сый-құрметін осы жолы жасады. Сөйтіп, талантымен тамсантып, Алашының мақтанына айналған ақтаңгер ұлдарын ұлықтаудың тамаша үлгісін көрсетті.

Тұлпардың таққандай боп түсіне мін,

Білмейтін жөн-жосықты кісі ме едің?

Кешегі Сүйінбайдың тайындай боп,

Шұрқырап салған жерден кісінедім.

Қатағандай сұлатып құлатармын,

Өйткені, Сүйінбайдың тұқымы едім.

Иә, Оразалы сахна төрінде осылайша шабытпен шарықтап отырар еді. Амал қанша, хас таланттың алға басқан адымын аңдыған «күндестік» деген қызыл иттің қолынан келді ме?! Әйтеуір, байқатпай қауып, қапыда мерт еткен бір оқыс оқиға орын алды. Енді тек көз алдымызда ұшқын атқан отты жанары мен құлағымызда «Құлманбеттің құлынымын» деп тұрған дауылпаз дауысы ғана қалды. «Бір кем дүние» деген осы шығар, сірә?!

Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

Қазақ журналистикасының қайраткері,

Нарынқол ауылы,

Райымбек ауданы

Сурет ғаламтордан алынды