Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ӘДЕБИЕТТІҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫ": ШЫҒЫС ШЫҢЫНАН ҚАРАҒАНДА

Уақыты: 21.11.2019
Оқылды: 451
Бөлім: РУХАНИЯТ

Найқала қозғалған жүрдек пойыздың нысанасы – Шығыс. Жалы биік азамат пен жаны жомарт жамағаттың жербесігі. Жетісудың жайсаңдары Алтай тауындай арда жігіттердің шақыртуын шетқақпай, ел білсек, жер көрсек деген ниетпен Өскеменге өр көңілмен кетіп барады. Әйтсе де, көңілдері елең-алаң. Естігені болмаса, бұрын-сонды баспаған топырақ. Табиғатының тарпаңдығы тағы бар. Қанша сұлу болса да ерте қоныстанатын қысы қыңыр. Әйтеуір ойдың сабасы шайқалған сайын қалай болады екен деген сауал көкейді қырнай береді. Бара көреміз деп бауырымызды жаза сөйлейміз бір-бірімізге.

Бұл жүзге мият жүрек толқынысы. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұяладының» кері. Жолаушылардың ішкі толғаныстары уайымға жетелеуі заңдылық. Себебі 14 адам. Былайша айтқанда, үлкен көш. Бірі – қаламгер, бірі – әнші. 3 күн қонақ болмақ. Үй иелеріне оңай соқпасы анық. Құдды бір екі ел құдандалы болғалы отырған секілді сәт.

Осыдан апта бұрын облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Серік Қантайға Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті бас редакторының орынбасары Серік Әбілхан хабарласып, шағын футболдан журналистер арасында жолдастық кездесу ұйымдастырсақ деген ұсынысын айтады. Оны осындағы қалам ұстаған жастар құп алып, тек доп қуаламай, шығыстың рухани өміріне де өз үлестерін қосуды ұйғарады. О баста осы сапардың шығу тарихы осылай өрбіген. Пойыздың терезесінен телмірген 5 ақынның тұңғыш жинақтарының тұсауы кесілмек. Оқырманы артпақ, ортасы кеңеймек. Әріптестік байланыстың тіні бекімек. Ол аз десеңіз, достыққа алтын көпір, бауырластыққа жіп жалғамақ. Міне, бағыты айқын, мақсаты мәнді жетісулықтардың «ұрыста тұрыс жоқ» деп ештеңеге қарамастан керуен көңіліне қанат байлап жол тартқаны сол.

***

Иә, жол ұзақ. Үзік-үзік аялдамалар. Бірсыдырғы бекеттер. Уақыт біздің дәргейімізде. Біз жайғасқан «Сезім» вагонында Шәмшінің әні шарқ ұрады.  «Қайықтаны» қайта-қайта айтамыз.

«Болсақ-тағы жаңа таныс,

Жүзсек те алғаш қайықта.

Ұшқыр қиял кетті-ау алыс,

Бұйырмашы айыпқа».

– Жо-жоқ, о, не дегендерің?! Айыпқа бұйырғаны несі?! Ән салшы, Аршын, – дейді жолсерік жолдас қосыла шырқап. «Мизам» әдеби клубының жетекшісі Аршын Айдынбекұлы кетәрі емес. Айқайға қозған арғымақтай, тынысы ашыла түседі. Біруақытта әйгілі Нұрғисаның репертуарына ойысамыз. Кеңес Рақышев, Жәкен Омаров, Тұрсынғазы Рақым, Табылды Досымов. Қазақ ән өнерінің қаймақтарының ешқайсысын қалдырмауға тырысамыз. «Бұл 9-шы вагон емес, сезім вагоны»,  – дейді жолсерік жолдан қосылған жолаушыларға. Олар аң-таң. Қатардағы бір ақсақал сүйсініп отыр. Жанары жасаурайды. Жастық шағына қайта оралған адамның кейпінде. Әлі де бойында ұлт жауһарлары сақталған жас толқынның барына шүкір дескендей.

Біз қоямыз ба? Әрі қарай Мұқағалидың жырын жалғаймыз. Біріміз Тұманбайды жатқа соқсақ, біріміз Жұматайды жырлаймыз. «Кім мықты ақын?» дейміз айқай салып. «Абай», – дейді ақсақал қоңыр үнмен. «Меніңше, Жұмекең» дейді келесі бірі. «Төлеген қайда қалды?» деп тұнжырайды тағы бірі. «Олжас ше?». Ескі күннің естелігін қайта сапырамыз. Алдыңғы аға-буынның қателігі мен қазіргі балалардың қылығын сөз етеміз. Ұйқы жоқ. Қызық қуып, карта ойнаймыз. Онда да тағы бағзыдағы әпсаналардың қаншалықты шындыққа жанасатындығы, неліктен аңыздарда пафос басым, неге кейбір детальдардың ойдан құрастырылғаны дау болады. Үлкеніміз кішіні сыйласақ, кішіміз үлкенді үлгі тұтуға тырысамыз. Ақыры сам жамырап, күн ұясына енгенде жеттік межеге. Өскемен өре түрегелді. Бас салып, бауырға қысты. Біздің күдік бұлтша жамырады. Көңіл шайдай ашылды. Сол түні жолдағы әңгімелердің желісімен түнгі қаланың ұйқысын қашырдық.

***

Ертесіне Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне дүркірей аттандық. Мәжіліс залы, кәдімгі өзіміздің қазақтар иін тіресе елбіреп отыр. Ғалым ұстаздар, көкөрім студенттер. Байқауымша, қалада тұратын ұлт зиялылар да бар. Кездесудің беташарын университет қабырғасынан құрылған «Шабыт» клубы ашты. Білімгерлер жас ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, көпті сүйсіндірді. Одан кейін жетісулық жастарды бастап барған белгілі жазушы Есболат Айдабосын сөз алып, мерейлі мерекеге ұйытқы болған басшылыққа алғысын жаудырды.

– Біз негізі осындағы әріптесіміз, «Шығыс-Ақпарат»  ЖШС директоры Нұрбек Бекен бастаған қалам ұстаған жігіттердің ұсынысымен футболдан жолдастық кездесу өткізуге келгенбіз. Сосын құр доп теуіп қана қоймай, орайы келгенде жетісулық талантты жас ақындардың шығармашылығын оқырманға таныстырудың артығы болмас деп осы кездесуге келіп қалған жайымыз бар. Әдебиет бәріне азық. Студент жастар біздің жүйріктердің жырын жатқа оқығанына қарағанда, үміт ақталған секілді.  Бұлар сен тұр мен атайын деген әдебиеттің жаңа толқыны, - дей келе, төрге жайғасқан бес жас ақынды жеке-жеке таныстырып өтті.

Авторларға анықтама бергеннен соң ортаға білім ордасының ректоры Мұхтар Төлеген мен белгілі ақын Қалқаман Сарин шығып, Мәулен Әнербайдың «Күн қызы», Мұхтар Күмісбектің «Алфавиттегі алты әріп», Қозыбай Құрманның «Жүрек маусымдары», Азамат Нұрмұханның «Алғыс», Медет Жұмабаевтың «Жұмыр жердегі жұмақ бел» кітаптарының тұсауын кесті.

– Біздің университетте талантты жастар көп. Оларды үнемі қолдап отырамыз. Жетісудың жері де, елі де тамаша. Өзім біраз жыл еңбек еткенмін. Талдықорғаннан келген талантты жастарға тек сәттілік тілейміз», – деді Мұхтар Әділбекұлы.

Келелі рәсімге мұрындық болған тағы бір ұжым Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері бұл кітаптардың алдағы уақытта оқырманның олжасы боларына сенімін білдірді. Ал өз кезегінде туған жерге туын тігіп, Өскеменнің мәдениеті мен әдебиетінің өркендеуіне еңбек сіңіру үшін Арқадан қоныс аударған танымал ақын Қалқаман Сарин қаламдас інілеріне ақжолтай тілегін арнады.

– Өскеменге келгеніме көп болмаса да, шаһардағы жастардың әдебиетке, өлеңге деген құштарлығын байқадым. Жетісулық ақындардың біразын танимын. Шығыстағы оқырманмен танысуға келген қадамдарың құтты болсын! Келесі жолы жетеуіңнің емес, әрқайсыңның жеке-жеке кештеріңді өткізетін күнге жеткізсін. Мұндай кездесулер жиі-жиі өтуі керек. Әдебиетті осылай насихаттау керек. Басқа өңірдің қыз-жігіттері осылай келіп тұруы қажет, Шығыстың талантты жастары да басқа облыстарды аралағаны жөн. Бұған ешқандай да мемлекеттік бағдарламаның қажеті жоқ. Бұл өзімізге керек», – деді ақын.

Кездесу барысында дәстүрлі әнші Әліби Бекайдар аяулы жары Гүлнұр Нұрасылованың «Анамның жаққан ошағы» әнің шырқап, ауылдан келген студенттердің жүрегін бір елжіретті. Артынан «Заман-ай» термесін орындап, тыңдарманға ой салды.

Еркін форматта өткен мөлтек жиында жастар келген қонақтарға әдебиет төңірегінде сауалдарын қойып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды. Ал ақындар болса жыр оқып, жүрек лебізін жеткізді.

Кеш соңында әдебиеттің жас перілері жинақтарына қолтаңба қойып, оқырманға үлестірді. Жиналған қауыммен естелік суретке түсіп, тарқасты.

Түстен кейін жетісулықтар Халифа Алтай атындағы орталық мешіттің музейін аралап, Ислам дінінің қазақ топырағына қалай келгені туралы маңызды ақпараттарға қанықты. Әрі ғұлама ғалым Халифа Алтайдың ғұмырнамасымен танысты.

***

Екінші күні көптен күткен футбол ойыны да басталды. Осы сәтті асыға тосқан шығыс ақпараттың жекенсал жігіттері кездесуге ерекше дайындалыпты. Арнайы банер жасатып, бас жүлдеге шағын кубок та тігіпті. Бәсеке биік деңгейде өтті.

Алдымен біздің жерлестермен шығыстың шынарлары кездесті. Есеп біздің пайдаға шешілді. Екінші айналымда жетісулықтар кіл спортшылардан құрылған «Altai Champions» командасына есе жіберді. Десе де, жолдастық кездесудің ең үлкен сыйлығы жетісулық «BAQ JETISU» командасына бұйырды. Қонағын сыйлаған шығыстық ақеділ ағайын бар тәттісін алдымызға тосты. Біз де өз кезегімізде қарсыластарға жер жаннаты  Жетісудың тұмса табиғаты бейнеленген картиналар сыйладық. Осылай үш күндік ұмытылмас сапар өз мәресіне жетті.

Түйін: «Көңіл көңілден су ішеді» дейді бабатаным. Бұл қазақтың бауырмалдылығына достық рәуіште берілген сипат. Одан соң «Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс, үш көрген – туыс» деп те ағайынның мәртебесін тасытады дана халқымыз. Осы тұста «Бұл сапардан не алдыңдар?» деген сауал менмұндалап тұрғандай. Жауап мынау: көлдей көңіл, бітіспес бауырмалдылық, алты Алашқа арман болған ауызбіршілік нәсіп болды бізге. Келесі көріскенше, әріптестер!

Қабыл ИСА

Шығыс Қазақстан облысы